Үкімет • Бүгін, 08:13

Жұмысты жүйелеу тапсырылды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің отырысын өткізді. Жиында Мемлекет басшысының ел экономикасына инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы қаралды.

Жұмысты жүйелеу тапсырылды

Басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенже­құлов «Kazakh Invest»  компа­ниясы­ның биылғы 10 айдағы қызметінің қоры­тын­дысы туралы баяндады. Сонымен қатар ұйымдық құрылымды өзгерту мәселе­лерін директорлар кеңесінің талқылауына шығарды. Атап айтқанда, орталық кеңседе қосымша лауазымдар енгізу, шетелдерде жаңа өкілдіктер ашу ұсынылды.

Үкімет басшысы «Kazakh Invest» компаниясы ұсынып отырған ұйымдық құрылымын қабылдамады, оны дайын­­дау­дағы үстірт көзқарасты атап өтті. Олжас Бектенов қолданыстағы штат саны шеңберінде компанияны сапалы түр­де қайта құрылымдау қажеттігіне назар аударды. Жұмыстың әбден бюро­кра­тияланып, нақты нәтижелерге бағыттал­май отырғанына қатысты сын айтылды.

Премьер-министр «Kazakh Invest» экономикаға қомақты инвестиция тартудың тиімді, икемді әрі ұтқыр құралына айналуға тиіс екенін атап өтті.  Ол үшін үдерісті қайта құрылымдап, әрбір қызметкер үшін нақты тиімділік көрсеткіштерін енгізу қажет.

Ұлттық компания отандық өндіруші­лер­ді қолдау арқылы инвесторлар төңірегінде тұрақты өндіріс тізбегін құруға бағытталған.

«Бұл жұмысты күшейту қажет. Ең бастысы – нақты нәтиже. Сылдыр сөзден бұрын, жобаларды жүзеге асыруға, кәсіп­орындарды іске қосуға мән беру керек», деп атап өткен О.Бектенов «инвес­тициялық тапсырыс» тетігін белсенді пайдалану қажеттігін баса айтты.

Бұл ресурстарды көмір мен мұнай химиясы, агроөнеркәсіп, машина жасау сияқты тағы басқа да келешегі зор салаларда экспортқа бағытталған өндіріс құруға бағыттауға мүмкіндік береді.

Жиын қорытындысы бойынша «Kazakh Invest» компаниясына күн тәртібі шеңберінде ұсынылған құжаттарды он күн ішінде пысықтау тапсырылды.