Үкімет • Бүгін, 08:30

Геологиялық саланы дамыту – өнеркәсіптік өрлеудің негізі

20 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында геология мен жер қойнауын пайдалану саласын дамыту, цифрландыру шаралары талқыланды. Күн тәртібінде халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мен теміржол вокзалдарын жаңғырту мәселесі де қарастырылды.

Геологиялық саланы дамыту – өнеркәсіптік өрлеудің негізі

Бірыңғай платформа: ашықтық пен тиімділік

Үкімет алдағы уақытта гео­логиялық барлау және цифр­ландыру жұмысын күшейтеді. Қазір елімізде 103-тен астам түрлі пайдалы қазба түрі мен 10 мыңға жуық кен орны мемлекеттік есепке алынған. Ел бойынша 2 907 лицензия мен 251 келісімшарт тіркелген. Биыл барлауға – 707, өндіруге 22 лицензия берілді. Жүргізілген геологиялық барлау нәтижесінде алғаш рет Көк-Жон (Болаттөбе учаскесі), Алтын-Шоқа, Самомбет, Студенттік, Тақыр-Қалжыр кен орындары анық­талып, мемлекеттік есепке ен­гізілді. Нәтижесінде, қор көлемі 98 тонна алтынға, 36 мың тон­на мысқа, 11 млн тонна марганец­ке, 1,3 млн тонна фосфоритке артты.

«Президент тапсырмасына сәйкес, келесі жылы ел аумағының геологиялық-геофизикалық зерттелу аумағын 2,2 млн шаршы шақырымға дейін кеңейту жос­парланып отыр. Қазір 2 млн 14 мың шаршы шақырым жер зерттелген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 2 млн 38 мың шаршы километрге жетеді», деді Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан.

Премьер-министр геология­лық барлау саласының дамуы елдің өнеркәсіптік, сондай-ақ экономикалық әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Мемлекет басшысы тап­сыр­масына сәйкес, барланған жер қойнауының аумағын 2,2 млн шаршы шақырымға дейін жет­кізу көзделіп отыр. Үкімет бас­шы­сы бұл міндеттің келесі жылы толық орындалатынын мәлімдеді.

Қазір жер қойнауын пайда­лану­­дың бірыңғай цифрлық плат­фор­масы іске қосылған. Онда 22 түрлі мемлекеттік қызмет көрсе­ті­леді. Бұл жүйе лицензияларды авто­матты түрде беру мен міндет­темелердің орындалуын мони­то­ри­нгтеуге мүмкіндік жасайды.

Бұрын қағаз бен магниттік тасымалдаушыларда сақталған 3,5 млн-ға жуық геологиялық ақпараттық материал толық цифр­ландырылды. Премьер-министр бұл жұмысты жалғас­тырып, тарихи деректерді цифр­лан­дыруды келесі жылдың соңы­на дейін аяқтауды тапсырды.

«Бұл шара ел бойынша гео­ло­гиялық деректерге қолжетім­ділікті жеңілдетіп, инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Кен орындарын барлау мен игеру жобаларының тиімді іске асуына ықпал етеді», деді О.Бектенов.

 

Заманауи әдістер мен ғылыми зертханалар

Үкімет басшысы қазіргі қол­даны­лып жүрген геологиялық кар­талардың ескіргенін, олардың кен орындарының нақты әлеуетін анықтауға толық мүмкіндік бермейтініне тоқталды. Осыған байланысты геологиялық карта­лардың ауқымын кеңейтіп, жаңа ғылыми әдістер мен технологияларды енгізу қажет.

Алдағы уақытта Астана қала­­­сында Геологиялық клас­тер құ­­рамында заманауи зертхана құ­­рылады. Бұл зертхана мине­рал­дық-геохимиялық әрі талда­малық зерттеулер жүр­гізуге ар­налған. Үкімет басшы­сы Өнер­кәсіп пен Қаржы ми­нистр­­ліктеріне, сондай-ақ Ұлт­тық гео­логиялық қызметке 2026 жылы зерт­хана құрылысын бас­тау­ды тапсырды. Сөйтіп сала­ға қатыс­ты бірнеше нақты мін­дет­тер жүктеді.  Атап айтсақ, Өнер­­кәсіп министрлігі жылдың соңы­на дейін ел аумағының 1:50 000 мас­шт­абындағы нақты гео­логия­лық картасын жасауға ар­нал­ған жобалау-сметалық құжат­таманы әзірлеуге тиіс. Қаржы мен Өнеркәсіп министрліктері 2026 жылдан бастап геология­лық карталарды әзірлеудің зама­науи әдістеріне көшу жобасын іске асыруға кірісуі керек. Бұл бағытта озық технологиялар мен пилотсыз ұшу аппараттарын пайдалану көзделіп отыр. Сондай-ақ мүдделі мемлекет­тік органдармен бірлесе отырып, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін бірыңғай платформада кеңістіктік деректерді интеграциялау қамтамасыз етілуі қажет. Бұл шаралар инвесторларға нақты деректер негізінде жер қойнауын пайдалану мүмкін­діктерін бағалауға жағдай жасайды. Енді геологиялық саланы дамыту, оны қаржыландыру көлемін ұлғайту мен инвестициялар тартуға қолай­лы орта қалыптастыру жұ­мысы Үкіметтің тұрақты бақы­лауын­да болады.

п

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

«Геологиялық барлау – елдің индустриялық һәм энергети­калық болашағының негізі. Сон­дық­тан бұл бағыттағы бастама­лар жүйелі әрі нәтижелі түрде жал­ғасын табады», деді О.Бектенов.

 

Дәрі-дәрмек сапасына талап күшейді

Қазір елімізде 10 мыңнан астам дәріхана ұйымы жұмыс істейді, оның 2 700-і ауылдық жерлерде орналасқан. Шалғай елді мекендерде 11 жылжымалы дәріхана пункті қызмет көрсетеді. Келесі жылы ауыл тұрғындарына дәрі-дәрмек қолжетімділігін арттыру мақсатында жаңадан ашылатын медициналық ұйымдар базасында дәріхана пункттері ашылады.

«Бүгінде 2 174 дәріхана тиісті дәріханалық тәжірибе (GDP) стандарттарына сәйкестігін растаған. Елімізде 20 476 дәрілік зат пен медициналық бұйым тіркелген, олардың 15%-дан астамы – отандық өндірушілер­дің өнімі. Дүниежүзілік ден­сау­лық сақтау ұйымының «өмір­лік маңызы бар дәрілер» тізі­мін­де отандық өнім үлесі 37% құрайды», деді Денсау­лық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов.

Биыл дәрілік заттарды ЕАЭО рәсімдері аясында тіркеу белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс нәтижесінде тіркелген дәрілер саны 60%-ға артады, оның қатарында 300-ден астамы – отандық препараттар. Тіркеу үрдісін жеделдету үшін сараптамалық жұмыстардың құны 90%-ға төмендетілді, арнайы сараптама порталы мен Call-орталық іске қосылды. Сараптамалық талдау нәтижелері бойынша, еліміздің дәрілік нарығы ЕАЭО елдері деңгейінде, яғни елімізде дәрілердің кең ассортименті бар.

Вице-министр халықты дәрілік заттармен қамтамасыз ету барысын да баяндады. Биыл 10 айда 3 млн-нан астам пациент 219,7 млрд теңгеге тегін дәрі-дәрмек алған. Медициналық ұйымдарды үздіксіз жабдықтау үшін 21 млрд теңгеге төмендетілмейтін дәрі-дәрмек қоры құрылды, ол негізгі ауру топтарына арналған екі-үш айлық қажеттілікті өтейді. Бес жылда амбулаториялық дәрі-дәр­мекке бөлінген қаржы 115 млрд теңгеден 262 млрд теңгеге дейін артқан. Нәтижесінде, еліміз жан басына шаққанда 50 доллардан астам тегін дәрі-дәрмек ұсы­натын елдердің қатарына кірді.

Генерикалық препараттар­дың бағасы түпнұсқалардан орта есеппен 30%-ға төмендеп, жалпы дәрі-дәрмек бағасы 2025 жыл­дың қазанында 11%-ға арзанда­ған. Бірыңғай дистрибьютор­­дың тиімді сатып алу нәтиже­сін­де 70,5 млрд теңге үнемде­ліп, ол қосымша дәрілер алуға жұмсалды.

Дәрі айналымының ашықты­ғын арттыру үшін таңбалау жүйесі енгізіліп, салық түсімі 24%-ға өсті. Рецепттерді электронды форматқа көшіру рәсімдеу уақытын екі есе қысқартты. Алдағы уақытта жасанды интеллект дәріге сұранысты болжау мен жалған рецепттерді анықтау үшін пайдаланылады.

Премьер-министр отандық фармацевтика саласын дамыту мен халықты дәрілік заттармен тұрақты қамтамасыз ету мәсе­ле­леріне ерекше назар аудар­ды. Ол Мемлекет басшысы қойған тапсырмаларды нақтылай келе, дәрі-дәрмектің түрі мен санын көбейту, сапаны арттыру және жеткізу тізбегін жетілдіру бағы­тында кешенді шаралар жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Расында жаңа препараттарды тіркеу уақыты айтарлықтай азайды. Енді жаңа дәрілік препараттарды тіркеу мерзімі бұрынғы 2–5 жылдан 100 жұмыс күніне дейін қысқарған. Бұл – фармацевтика саласында қабылданған жеңілдетілген тіркеу тетігінің нәтижесі. Мұндай өзгеріс ел тұрғындарының жаңа буындағы дәрілер мен диагностикалық әдістерге жедел әрі кең қолжетім­ділігін қамтамасыз етеді.

Бұған қоса, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар­дың сапасын бақылау жүйесі де жетілдірілді. Енді сапаны бақылау тексерістері дәрі-дәр­мекті нарықтан, сондай-ақ ден­саулық сақтау ұйымдарынан таңдап сатып алу әдісімен жүзеге асырылады. Бұл тәсіл контра­фактілік өнімдердің алдын алуға мүмкіндік береді.

 

Өндірушілерді қолдау қадамы

«Үкімет отандық фармацев­тика кәсіпорындарын қолдауды жүйелі түрде жалғас­тырып келеді. Бұл шаралар елдің сырт­қы нарықтарға тәуелділігін азай­тып, дәрілік заттарды халық­қа қолжетімді етуге бағыт­талған. Алайда салада әлі де дәрілерді уақтылы жеткізу мәселелері бар. Әсіресе жылдың басында логис­тика мен сатып алу рәсім­дер­і­­­­­нің созылуы науқастардың үз­дік­­сіз ем қабылдауына кедергі кел­ті­реді. Үкіметке бұл бағыт­тағы жұмысты күшейтуді тапсырамын», деді О.Бектенов.

Дәрі-дәрмек айналымын­дағы ашықтық пен бақылауды күшейту үшін саланы цифр­ландыру жұмысы белсенді жүріп жатыр. Қазір нақты уақыт режі­мінде дәрі-дәрмектің бар-жоғын қадағалайтын ақпараттық жүйе енгізіліп жатыр.

Премьер-министр бұл бастаманы жасанды интеллект технологияларымен ұштастыруды жүктеді. Денсаулық сақтау мен Цифрландыру министрліктері­не дәрілік заттарды жоспарлау, жазып беру әрі сатып алу процестерінде AI шешімдерін енгізу міндеттелді. Бұл – сала тиімділігін арттырумен қатар, адами фактордың әсерін азайтуға бағытталған маңызды қадам.

Үкімет басшысы дәрі-дәрмек бағасының негізсіз өсуіне жол бер­меуді тапсырды. Денсаулық сақ­тау министрлігі мен Бәсеке­лес­тікті қорғау агенттігіне бөл­шек саудадағы баға саясатын қатаң бақылау керектігі айтылды. Бұған қоса азаматтар тарапынан түсе­тін шағымдар мен сұрақтарға жедел әрекет ету қажеттігі туралы айтылды.

Халықты дәрі-дәрмекпен қам­тамасыз ету бойынша ақпа­раттар бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер мен өңірлік іс-шаралар арқылы ашық жариялануға тиіс. Үкіметтің негізгі мақсаты – денсаулық сақтау жүйесін ашық, әділетті әрі барша азамат үшін қолжетімді ету. Премьер-министрдің айтуынша, бұл бағыттағы барлық шара мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін күшейтудің әрі азаматтардың өмір сапасын арттырудың нақты көрсеткіші.

Кейінгі кезде фармацевтика саласы жедел жаңғыру кезеңіне қадам басты. Тіркеу тетіктерін жеңілдету, сапаны бақылауды күшейту, цифрландыру мен жасанды интеллект енгізу – халықтың дәрі-дәрмекке қол­жетімділігін арттырумен бірге, отандық өндірісті нығайтуға бағытталған нақты шаралар.

 

Бақылаудағы маңызды мәселе

Отырыста Премьер-министр биыл теміржол вокзалдарын жаңғырту мен күрделі жөндеу жұмыстары басталғанын айтты. Мердігерлер анықталып, барлық құрылыс шарттары жасалған. Үкімет жобаның уақтылы орындалуы үшін барлық қажетті шараларды қабылдаған. Алайда Ақмола, Жетісу, Ақтөбе, Абай, Ұлытау облыстарында мер­зім­нің бұзылу қаупі бар, ал Маңғыс­тау облысы мен Алматы қала­сындағы «Алматы-1» вокзалында жұмыс кес­теден кешігіп жатыр. Үкімет басшысы бұл жағдай­ды әкімдіктер­дің бақылауды босаң­сытуымен байланыстырды, сон­дай-ақ бар­лық нысандарда жұмыст­ы сапа­лы әрі уақытында аяқтау мін­детін қойды. Жергілікті атқару­шы органдардың бірін­ші бас­шы­лары тапсырма­ның орындалуы­на жеке жауап беретін болды.