Суретті түсірген – автор
Самар ауданының әкімі Серік Жеңісұлы өткізген баспасөз мәслихатында тілшілер келер жылы «Одесса» паромының қатынап-қатынамауы туралы сұрақ қойды. Білуімізше, бірнеше жылдан бері көлік тасымалымен айналысып келе жатқан паром иесі кәсібінің тиімсіздігін алға тартып, келер жылы су көлігін тоқтатуға бел буған. Ол тоқтаса, туризм саласы тоқырайды. Олай дейтініміз, паром мініп, судан өту үшін сонау Ақтау, Атыраудан ағылып жатқан саяхатшылар бар. Сондықтан да Самар ауданының басшысы кәсіпкерді қолдау мақсатында субсидия мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. Биылдың өзінде Сарыбел жағалауына шамамен 50 мың турист келіп, табиғатын тамашалаған. Қазірде жағажай аумақтарын абаттандыру, инфрақұрылымды дамыту, жаңа демалыс нысандарын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Самар ауданының «Туризм және инвестициялар орталығы» КММ құрылып, Сарыбел ауылында заманауи қонақүй салу жөнінде халықаралық «Pana Asia» компаниясымен меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ Бұқтырма суқоймасының жағасында серуен аймағын салу жобасы дайындалып жатыр, – дейді аудан әкімі С.Жеңісұлы.
Самар жеке аудан болып құрылғалы туризмнен бөлек, әлеуметтік салада да серпіліс байқалады. Аудан орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлер жөнделіп, жас мамандарға, қат мамандарға үлестіріліп жатыр. Жас маман демекші, ауданға биыл 20 жас мұғалім келді. Демек кадр тапшылығы да бірте-бірте жойылып келеді. Оларға ең қажеттісі – баспана. Самар ауылы орталықтандырылған жылу жүйесіне көшуі де әбден мүмкін. Аудан басшылығының айтуынша, келер жылы жылу қазандығының құрылысы басталады.
Ауданда халықты қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу жұмыстары күн тәртібінен түспейді. Кейінгі 9 айда 298 адам жұмыспен қамтылса, 12 тұрғын өз кәсібін ашуға 18,9 млн теңге көлемінде грант алды. 61 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып отыр.
Самарда серпіліс бар. Өндіріс көлемі 1,4 млрд теңгені құраса, құрылыс жұмысының көлемі 5,4 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Тартылып жатқан инвестиция да артқан.
– Жұмыс жан-жақты жүргізіліп жатыр. Ауданның туристік әлеуеті қандай болса, ауыл шаруашылығы саласы да сондай қарқынмен дамып келеді. Ауданда суармалы жерлерді ұлғайту мақсатында жүйелі жұмыс іске асты. Биыл 500 га жер айналымға енгізілсе, алдағы уақытта тағы 582 гектарды іске қосу жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 347,5 млн теңге субсидия, 572 млн теңге көлемінде несие берілді, – дейді аудан әкімі.
Баспасөз мәслихатында әкім ауданның ертеңгі жоспарына да тоқталып өтті. Айтуынша, құммен көмкеріліп жатқан жағалауға теңдесі жоқ арбат салынады. Тіпті әуежайға деп те орын белгіленіп жатыр. Кәріз жүйесін жаңарту, жол жөндеу секілді жұмыс күнделікті, қалыпты жүргізіле береді.
Шығыс Қазақстан облысы,
Самар ауданы