Талқылауға Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастамашы болды. Шақырылған қонақтардың қатарында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және экономист Айдархан Құсайынов бар.
Палата спикері атап өткендей, жаңа экономикалық модель ішкі сұранысқа, әлеуметтік тұрақтылыққа, ұзақмерзімді өсуге бағдарлануымен ерекшеленеді. Ол қабылданған шаралардың ішінен бензин мен дизель бағасын өсіруге мораторий жариялау, коммуналдық тарифтерді көтеруге тыйым салу, арнайы салық режімі бойынша шектеулерді алып тастау, ипотекалық бағдарламаларды қаржыландыру, ШОБ-ты қолдау сияқты нақты бастамаларды ерекше атап өтті. М.Әшімбаевтың айтуынша, бұл бағытта әрі қарай сапалы трансформация жүргізу үшін барлық мүдделі тарап үйлесімді жұмыс жүргізуі қажет.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет азаматтардың мүдделерін қорғау үшін экономикалық реформалар бағдарламасы бойынша түзету шараларын ұсынды. Мемлекет инфляциялық қысымды төмендету және реформалардың салдарын азайтуға нақты қадамдар жасап жатыр. Бұл ретте іске асырылып жатқан бағдарламалар қазіргі жағдайды қолдап қана қоймай, экономиканың нақты секторларын, банк жүйесін және шағын бизнесті дамытуды ынталандыруға тиіс», деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар қатысушылар елдің тұрақты және сапалы экономикалық өсуінің негізгі шарттарына тоқталды. Олар реформаларды әлеуметтік өлшеумен қатар бюджет-салық трансформациясына, әртараптандыруға және жаңа экономикалық саясаттың ресурстарына қатысты мәселелерге ерекше назар аударды.
«Бүгінде күрделі сыртқы конъюнктура мен құрылымдық сын-қатерлерге қарамастан ел экономикасы сенімді өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Дегенмен ішкі жалпы өнім көрсеткіштері, инвестиция қарқыны немесе экспорт көлемі – картинаның бір жағы ғана. Президент атап өткендей, бұл өсуді әрбір азамат сезінуге тиіс. Сондықтан жаңа мүмкіндіктер мегаполистерде ғана емес, өңірлерде де құрылып, экономика адамға жұмыс істеуі керек, керісінше емес. Сондықтан реформаларға назар біртіндеп цифрлардан құралған көрсеткіштерден – өмір сапасына, адам капиталын дамытуға және тұрақты институттарды қалыптастыруға ауысуда. Президент саясатының басымдығы – осы», деді М.Әшімбаев.
Айта кетейік, Taldau Talks – ашық диалогке арналған подкаст-платформа. Онда ел дамуының өзекті мәселелері және Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді іске асыруға арналған практикалық қадамдар талқыланады.