Қоғам • Кеше

Берері көп байқау

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайда Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар мен жас­өспірімдерге арналған үздік әдеби шығармалардың республикалық байқауы мәресіне жетті. Дәстүрлі байқаудың бас жүлдесін Жамбыл облысынан келген жас қаламгер Нұрбек Нұржанұлы жеңіп алды.

Берері көп байқау

Облыстық мәдениет бас­қармасы басшысының орынбасары Саят Жүсі­пов­тің айтуынша, осымен бесінші рет өтіп жатқан дәстүрлі байқау әу бастан-ақ балалар тақырыбына қалам тартып жүрген жас жазушылар­дың шығармаларын насихаттауды, олардың үздік туындыларын жеке жинаққа топтастыру арқылы өңірдегі балалар кітапханаларының кітап қорын толықтырып, байытып отыруды көздейді.

«Ыбырай атындағы әдеби бай­қаудың беделі жыл өткен са­йын артып, жағрафиясы кеңейіп келеді. Мысалы, биыл Алматы, Астана қалалары­­нан, Қызылорда, Павлодар, Өскемен, Қа­рағанды, Жамбыл, Қостанай об­лыстары­нан шығармалар келіп түсті. Байқау барысында еліміздің шал­ғай, ша­ғын елді мекендерінде тұра­тын көптеген жаңа есімдердің танылуына жол ашылды. Мәселен, бес жыл ішінде Ыбырай байқауы­­на 103 жазушы қатысыпты. Олар­­­дың шығармаларын алдымен сарапшылар кеңесі оқып шығады. Одан іріктеліп алынған туындылар қазы­лар алқасының қарауына жіберіле­ді. Келесі жылы Ыбырай Алтын­са­рин­нің 185 жылдығын атап өткелі отырмыз. Осыған орай, бай­қау­дың тақырыптық аясын кеңейтіп, жүлде қорын молайту жа­ғын қарастырамыз», деді Саят Жүсіпов.

Байқау қорытындысы бойынша, жас қаламгер Нұрбек Нұржанұлы­­ның «Қанатты шабандоз» повесі «Қа­зақ тіліндегі балалар мен жасөспі­рім­дерге арналған ең үздік шығар­ма» және «Жас оқырмандардың таң­дауы» атты екі аталымның жеңімпазы а­танып, ақшалай сыйлық иеленді.

«Орыс тіліндегі балалар мен жас­­өспірімдерге арналған ең үздік шығарма» аталымының жүлдесіне жазушы Елена Клепикова мен ақын Ксения Земскова бірлесіп жазған «Қызыл кітаптың ғажайып әлемі» шығармасы лайық деп танылды.

Марапаттау рәсімінен кейін бай­қауға қатысқан туындылар енген «Таза бұлақ» жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Мұқабасы ЖИ көмегімен безендірілген жаңа жинақ өңірдегі балалар кітапханаларына таратылады.

 

Қостанай облысы