Денсаулық • 08 Қараша, 2025

ЖРВИ: науқастар саны 30 мыңнан асқан

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өңірде жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмау бойынша эпидемиологиялық ахуал бірқалыпты деңгейде сақталып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

ЖРВИ: науқастар саны 30 мыңнан асқан

Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің айтуынша, 1-30 қазан аралығында облыс бойынша 30046 науқас дәрігерге жүгінген. Олардың 18310-ы – 14 жасқа дейінгі балалар, 1679-ы – бір жасқа дейінгі сәбилер, ал 303 жағдай жүкті әйелдерге тиесілі. Зертханалық зерттеу нәтижесінде 12 науқастан тұмауға жатпайтын вирустар, ал 5 науқастан тұмау вирусы анықталған.

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, өңірде ЖРВИ жұқтырғандар саны 8,5 пайызға артқан. Дегенмен, барлық науқастарға тиісті емдеу шаралары клиникалық хаттамаға сай жүргізіліп жатыр.

– Бүгінде облыс бойынша 449 науқас стационарлық ем қабылдауда. Коронавирус пен метапневмовирустық инфекция тіркелген жоқ, өлім-жітім жағдайы болған емес. Инфекциялық стационарлар мен жедел жәрдем қызметтері толық дайындықта, – дейді басқарма басшысы. Төсек қоры жеткілікті. 3 қарашадағы жағдай бойынша облыста 714 инфекциялық төсек дайындалған. Оның 49-ы ЖРВИ диагнозы бар науқастарға, 152-сі пневмониямен сырқаттанғандарға арналған. Төсек қорының жүктемесі 28 пайыз, яғни 513 төсек бос.

Эпидемиялық жағдай күрделенген жағдайда облыстық денсаулық сақтау басқармасы үш кезеңнен тұратын арнайы іс-қимыл жоспарын бекіткен. Бірінші кезеңде төсек толымдылығы 70 пайызға жетсе, ЖРВИ науқастарына арналған орындар саны көбейтіледі. Екінші кезеңде облыстық көпбейінді балалар ауруханасында қосымша 190 төсек орын ашылады. Үшінші кезеңде Жамбыл және Байзақ аудандарының стационарлары жұмылдырылады. Вакцинация – ең тиімді қорғаныс. Дәрігерлер тұмау мен вирустық инфекциялардан сақтанудың ең сенімді жолы – уақытылы вакцина алу екенін еске салады.

Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Сағыныш Нұрғабылованың айтуынша, соңғы күндері науқастар саны аздап өскен.

– Соңғы тәулікте 214 адам қаралды. Оның 58-і ауруханаға жатқызылып, қалғандарына амбулаториялық көмек көрсетілді. Бұған дейін тәулігіне орта есеппен 150-180 адам келетін, сондықтан өсім бар, бірақ жағдай толық бақылауда, – деді ол.

Маманның айтуынша, тұрғындардың көпшілігі емханаға бармай, бірден инфекциялық ауруханаға келіп жатыр. Бұл өз кезегінде жүктемені арттырып, кезек тудырып отыр.

– Барлық емханалар кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Сондықтан тұрғындарға ең алдымен отбасылық дәрігерге немесе өз емханасына жүгіну ұсынылады. Аурудың 80 пайыздан астамы жеңіл түрде өтеді және үй жағдайында емделуге болады, – дейді Сағыныш Қабылтайқызы.

ЖРВИ мен тұмаудың маусымы әлі аяқталған жоқ. Дегенмен, облыста эпидемиологиялық ахуал толық бақылауда. Дәрігерлер тұрғындарды сабыр сақтап, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады.