Спорт • Бүгін, 20:53

Топ-клубтармен текетірескен «Қайрат» қанша қаржы тапты?

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Футболдан УЕФА Чемпиондар лигасындағы жалпы кезеңнің төрт туры артта қалды. «Кошелек» телеграм-каналы сол уақыт аралығында қатысушы клубтардың қанша табыс тапқанын жария етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Топ-клубтармен текетірескен «Қайрат» қанша қаржы тапты?

Әңгімені «Қайраттан» бастайық. Айды аспанға бір-ақ шығарып, аталған жарыстың негізгі бөлігіне қатысу құқығына ие болған алматылық ұжым төрт кездесудің үшеуінде ұтылып, бір рет тең түсті. Әрине, ондай нәтижеге көрермендердің көңілі толмады. Дегенмен бұл «Қайраттың» қарт құрлықтағы ең беделді турнирдегі алғашқы жорығы екенін де естен шығармау керек.

Оның үстіне, жалпы кезең әлі аяқталған жоқ. Жанкүйерлер жарқын жеңістерден үмітті. Тіпті, қазіргі нәтижелерді де футбол сүйер қауым ауыр қабылдап жатыр деуге келмейді. Мәселен, кешегі «Интерге» қарсы өткен ойын Оразбахтин шәкірттерінің еуропалық жоғары деңгейлі тартысқа дайын екенін де аңғартты.

Қаражат тұрғысынан «Қайрат» біраз олжаға кенелді. Төрт турдан кейін клуб есепшотына 20,95 миллион еуро аударылды. Бұл – УЕФА Чемпиондар лигасында қатысушылар арасындағы ең төменгі көрсеткіш!

Ал олжаға молынан кенелген клубтар көшін «Манчестер Сити» бастап тұр. Ағылшындардың табысы – 70,1 миллион еуро.

Екінші және үшінші орындарда – «ПСЖ» (69,99 млн) мен «Бавария» (69,04 млн).

Өзге командалардың табысы мынадай:

«Ливерпуль» – 67,43 млн,

«Реал Мадрид» – 66,35 млн,

«Челси» – 64,40 млн,

«Арсенал» – 64,06 млн,

«Боруссия Дортмунд» – 60,35 млн,

«Интер» – 59,97 млн,

«Барселона» – 59,83 млн,

«Байер» – 56,25 млн,

«Атлетико» – 55,63 млн,

«Тоттенхэм» – 55,20 млн,

«Ювентус» – 47,82 млн,

«Айнтрах» – 47,52 млн,

«Аталанта» – 46,57 млн,

«Марсель» – 45,68 млн,

«Монако» – 45,56 млн,

«Вильярреал» – 44,94 млн,

«Бенфика» – 42,81 млн,

«Наполи» – 42,71 млн,

«Ньюкасл» – 41,26 млн,

ПСВ – 39,46 млн.

Өзге клубтар да тәп-тәуір табысқа ие болды. «Аякс» (38,28 млн), «Брюгге» (37,48 млн), «Спортинг» (35,94 млн), «Олимпиакос» (34,80 млн), «Атлетик» (31,90 млн), «Буде-Глимт» (31,10), «Галатасарай» (31,08 млн), «Копенгаген» (30,95 млн), «Славия» (28,74 млн), «Карабах» (28,40 млн), «Юнион СЖ» (26,43 млн) және «Пафос» (24,34 млн) командаларының да қанжығасы біршама майланды.

«Қайрат» келесі кездесуін 26 қарашада сырт алаңда Данияның «Копенгаген» клубына қарсы өткізеді.