Әлем • Кеше

Сәби өлімі бойынша әлемдік рейтинг жарияланды: Қазақстанның көрсеткіші қандай?

0 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары әлемде бір жасқа дейінгі балалар өлім-жітімі азайғанымен, елдер арасындағы алшақтық әлі де орасан. Дамыған мемлекеттерде бұл көрсеткіш мың балаға шаққанда екіден аз болса, кейбір кедей елдерде жүзге дейін жетеді. Ranking.kz мәліметінше, Қазақстан сәби өлімін азайтуда айтарлықтай ілгері жылжығанымен, әзірге дамыған елдердің деңгейіне жете қойған жоқ, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сәби өлімі бойынша әлемдік рейтинг жарияланды: Қазақстанның көрсеткіші қандай?

Фото: Ашық дереккөз

The World Factbook деректеріне сәйкес, 2024 жылы дүниежүзінде бір жасқа дейінгі балалар өлім-жітімі 1 мың тірі туған сәбиге шаққанда 28,3 жағдайды құраған. Яғни орта есеппен әр 1 000 нәрестенің шамамен отызға жуығы бір жасқа толмай қайтыс болады.

Дегенмен, елдер арасындағы айырмашылық өте үлкен. Дамыған мемлекеттерде сәби өлімі екіден аз болса, ең артта қалған елдерде 80-100-ге дейін жетеді. Ең төмен көрсеткіш Словения мен Сингапурда тіркелген – 1,5 жағдай. Одан кейін Исландия (1,6), Монако (1,7), Норвегия (1,8) және Жапония (1,9) елдері орналасқан. Бұл мемлекеттерде жоғары өмір сүру сапасы, аналарға көрсетілетін кәсіби көмек және дамыған денсаулық сақтау жүйесі шешуші рөл атқарады.

Ал Ауғанстан, Сомали және Орталық Африка Республикасында жағдай мүлде басқа. Мұнда сәби өлімі 1 мың тірі туғанға шаққанда 80-100 жағдайға дейін жетеді. Мұндай ауыр ахуалдың себебі: медициналық көмектің жетіспеушілігі, санитарлық жағдайдың төмендігі және тамақтану сапасының нашарлығы.

Беларусь бір жасқа дейінгі балалар өлімі ең аз тіркелген елдердің үздік ондығына енген – 2,1 жағдай. Ресей 66-орында (6,5), ал Қазақстан 82-орында тұр. Қазақстандағы көрсеткіш – 8 жағдай. Өзбекстанда бұл көрсеткіш – 18,2, Тәжікстанда – 21,7, Қырғызстанда – 24,5, ал Түрікменстанда – 35,9. Осылайша, Қазақстан аймақ бойынша салыстырмалы түрде жақсы деңгей көрсетіп отыр, бірақ дамыған елдерден әлі артта.

Орталық Азияда табыс деңгейі, денсаулық сақтауға қолжетімділік және балалар өлімі арасында тығыз байланыс бар: әлеуметтік-экономикалық даму неғұрлым төмен болса, нәресте өлімі қаупі соғұрлым жоғары болады. Босануға дейінгі күтімді, вакциналауды және неонаталдық күтімді жақсарту аймақтағы балалар өлімін азайтудың кілті болып қала береді

Орталық Азия елдерінде, жалпы көптеген елдердегідей, ұлдар арасындағы нәресте өлімі қыздарға қарағанда жоғары. Зерттеулер бүкіл әлемде ер балалардың өлім қаупі физиологиялық факторларға, мысалы, мерзімінен бұрын босанудың жоғары жиілігі, тыныс алу жолдарының асқынулары және иммундық жүйенің жетілмегендігіне байланысты жоғары екенін атап өтеді. Қазақстанда 2024 жылы ұлдар арасындағы өлім деңгейі – 8,9, ал қыздар арасында – 7 жағдай болған. Бұл шамамен 27 пайыз айырмашылық.

Өзбекстан мен Тәжікстанда да осындай үрдіс байқалады. Мысалы, Өзбекстанда ұл балалар өлімі – 21,1, қыздар – 15,1. Тәжікстанда тиісінше – 24,3 және 18,9. Ең күрделі жағдай Қырғызстан мен Түрікменстанда тіркелген. Қырғызстанда – 28,6 және 20,2, ал Түрікменстанда ұлдар өлімі – 43,6, қыздарда – 27,7 жағдай.

Ресей бұл тұрғыда салыстырмалы түрде тең көрсеткіштерге ие: ұлдар арасында – 7,2, қыздарда – 5,8 жағдай. Бұл елдегі медициналық көмек пен ерте диагностика сапасының жоғары екенін көрсетеді.

Ұлттық статистикасы бюросының дерегінше, 2024 жылы елімізде бір жасқа дейінгі балалар өлім-жітімі 6,8 жағдайды құраған, бұл The World Factbook көрсеткішінен төмен. 2025 жылдың алғашқы алты айында бұл көрсеткіш 6-ға дейін қысқарған. Яғни Қазақстан қазір Шығыс Еуропа елдерімен бір деңгейде және Орталық Азияның орташа деңгейінен әлдеқайда төмен.

Сарапшылар мұны перинаталдық көмек жүйесін жетілдірумен, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттырумен және заманауи неонаталдық хаттамаларды енгізумен байланыстырады.

Алайда ел ішінде айырмашылықтар әлі де бар. Ең жоғары көрсеткіштер Қызылорда облысында – 8,7, Батыс Қазақстан облысында – 7,5, Солтүстік Қазақстан мен Абай облыстарында 7,1 жағдай тіркелген. Ал ең төмен көрсеткіш Астана мен Алматы қалаларында байқалады – 4,5 жағдай. Сондай-ақ жақсы нәтижелер Акмола облысында (4,9), Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарында (5,2) тіркелген. Бұл аймақтарда перинаталдық көмек пен ерте жәрдем сапасы жоғары болғандықтан, көрсеткіш те оң.

Жалпы, Қазақстан соңғы жылдары сәби өлімін төмендетуде айтарлықтай жетістікке жетті. Алайда өңірлер арасындағы теңсіздік пен әлеуметтік факторлар әлі де өзекті мәселе болып отыр. Сарапшылардың пікірінше, алдағы уақытта басты назар өңірлердегі медициналық көмектің сапасын теңестіруге, перинаталдық орталықтардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға және шалғай аймақтардағы медицина қызметкерлерін қолдауға бағытталуы тиіс.