Көштің алды-арты деген тұтас қазақ өмірінің өзегі. Қашанғы соны жырлай береміз дейсіз ғой. Өзіңіз білесіз, сіз сүйген тақырыбыңызды оқыңыз онда. Жапондардың шай мерекесін, кәрістердің күріш егіп, «доширак» жегенін, орыс орманының теңселіп тұрғанын қызықтаңыз, еркіңіз. Біз Жақыпбаевтың жыр қанатында қалықтап, Шыңғыс ханның нояндарымен бірге әлемді «жаулаймыз».
«Жұматайдың өлеңге әкелген үш жаңа дүниесіне тоқталар едік. Оның біріншісі – жоғарыда айтқан табиғат көріністері болса, екіншісі – Ләйлә сұлу, үшіншісі – Кенежирен аттың бейнесі. Меніңше, Ілияс Жансүгіровтен кейін тау табиғатын көзбен көріп, қолымен ұстап жырлаған ақын Жұматай болды».
Бұл жолдарды заманында қазақтың классик ақыны Есенғали Раушанов жазыпты. Бас шұлғығаннан басқа алып-қосарымыз жоқ. Ақын Жұматай Жақыпбаев поэзиясының үш биігі немесе асқақ рухын аспандатып тұрған ошақтың үш бұты демеске қоймайды. Жыр қағаны Жұматай аталып кеткен айтулы шайыр нені жырласа да, осы үш кеңістіктің ішіне кіріп, елдіктің тағанына сүйегендей сезіледі.
Жеті қазына атты елдіктің бақанына айналған дәстүрлі құндылықтарын қазақ «ер жігіт, сұлу әйел, ақыл-білім, жүйрік ат» деп бастамаушы ма еді? Осы аталғандар арасында елін-жерін сүйіп қастерлеген бір жігіт болса, ол – ақын Жұматай Жақыпбаевтың өзі, сұлу әйел десек – өзінің сүйген жары Заида апамыз (Ләйләсі Заидаға, Заидасы Ләйләға айналып кеткенін Есенғали бастаған ақындардың бәрі есіне алады), ақыл-білім десеңіз – тағы ақынның өз басын атаймыз да, жүйрік атқа келгенде Кенежиренге тоқтаймыз. «Әдебиет деген әлемге қажет шаруаның археологі де, геологі де болдым мен» деп өзі айтпақшы, өлең өлкесінде шыңырау мен шың арасын соқпақ қылған қағанның қай шығармасы болсын, топырағынан тамыр тартатыны көрінеді. «Қасоқ ғазалдарын» немесе құралайдың көзіндей әсем әрі жүйрік жырларды жосылдырған ақынды оқи бастағаннан бір көтеріліп қаласың. Ереуіл атқа ер салған кескекті ерлердің рухындағы арман мен мұраттан түзілген асыл қасиеттер ақындарды тыншытсын ба? Көтеріңкі реңк, қуат пен тасқын, ой мен сезімнің арпалысынан туған жарқылдақ көріністер кеудеңе тау суындай сарқырай кеп құйылады. Сіз атқа мініп Жоңғар Алатауын аралап кетесіз, бірде Ойсазға дамылдап, енді бірде Сарноқайға ат шалдырып, қырыңыздан шынтақтап жатып, Жұматайды қайыра парақтайсыз:
«О, жаса, жаз айының жайсаң күні,
Жоңғардың ән сал қыры һәм шалғыны!
...Жұнттай түгі жылтыр, тұрқы ұнаған,
Жотадан жөңкілдіріп жылқыны ағаң.
Жағасын айырды әні тыныштықтың,
Бие, айғыр саксофонша шұрқыраған.
Сездіріп көмейінен көп үрейді,
Созғанда үзілердей, тегі, мойны, –
Өрістен қайтқан сиыр бұзауына,
Өзбектің кернейінше мөңірейді», деп келетін шумақтар көңілін көтеріп, делебесін қоздырмаған қазақты қазақ деп айта алмас ек. Айналасы үш-төрт шумақ жыр тепеңдеп қой баққан күніңді емес, тақым тисе тайсалмай безілдеп, көңілге желік бітіретін үркек керге мініп, шұрқыратып көп жылқы қайырғаныңды еске түсіреді. Анау жылқының бір шетінен тигенде әуелі айғыр не сақа бие кісінейді. Сонда шашырап өзді-өзі жатқан жылқы қоғамдала бастайды. Жылқышының төбесі көрінгендігінен емес, үйір көшбасшысының «ысқырығынан». Алда-а, келіп бір жағынан түре қуғанда көтерілген дүбір мен шаңнан бөлініп естілген сақа биелер мен айғырлар үнінің үстінен түсіреді ақын. Бұл жерде оқшау құбылыс жылқының дүбірі емес екен ғой сонда. Жылқышының қиқуы да емес, ішегі үзілердей кісінеген жылқының ішінен шыққан «саксофонның» даусы екенін қалай дәл басқан ақын. Әлгі жылқыны алды-артына қаратпай ауыл шетіне төңкергенде көрінетін картиналарды салып қана қоймайды, жел жағынан жағасы дар айрылған тыныштықтың алба-жұлба пошымын кескіндейді автор. Және соған сай әбігер арасынан саксафонның үнін шығарады. Шумақтың басында «жұнттай, түгі жылтыр» деп жылқының күйінен хабар береді. Далада ен жайлап жүріп әбден ет алып, семірген мал жылтырап, ішін тартып алады. Бие, байталдардың өзі атқысыр болып, жайнап шығады. Мұны қазақ бір-ақ ауыз сөзбен жұнттай екен немесе балықтай дей салады. Бітті. Бұдан артық сөз шығын. Ал жұнт деген жануардың түбін қуаласақ біраз жерге барамыз. Оның үстіне мен өлеңнің алғашқы шумағынан әлі аспағанымды ескеріп қойыңыз.
Қазақтың жылқы деген ұғымының астында барлық түсінік жатыр. Қазір ғой, қалталы қулардың ермегіне көшкені. Ертеректе қазақ өмірінің қазығы жылқы екенін аңдау қиын емес. Ал жүйрік баптап, оны жаратып, бәйгеден келтіру деген тұнып тұрған ғылым, білгенге. Ол уақта жүйрік өзіндей сүйегі жүйрік, жаратылысы бөлек адамның тақымына бітетін әуелі. Оны танитын түйсік пен таным керек. Сосын екеуі селбесе жүріп бір болмысқа айналады. Бірі жер қуырып шапса, иесі рух кеңістігінде самғауына байланысты сыналады. Кенежиреннің иесі қаншалықты биікке аспандағаны жыр кітаптарында қаттаулы тұр. Танып-біліп, ұқсату ғана бізге қалғаны.