Бүгінде халық арасында ең танымал жинақ құралы – банк депозиті. Ұлттық банктің дерегіне сүйенсек, соңғы бес жылда ел азаматтарының банктердегі салымы тұрақты өсіп келеді. Бұл азаматтардың болашағына қаржы бөлу мәдениеті қалыптасып жатқанын көрсетеді.
Мәселен, 2025 жылғы тамыз айының соңында жеке тұлғалардың банк жүйесіндегі салымдары 26 трлн теңгеден асты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,5%-ға немесе 3,9 трлн теңгеге көп. Соңғы үш жылдағы орташа жылдық өсім 22,5% болса, 2020-2022 жылдары бұл көрсеткіш 17,7%, ал 2017–2019 жылдары 6,6% шамасында болған. Демек, азаматттар жинақтаудың маңызын түсіне бастаған.
Алайда ең қиыны жинауды бастау емес, оны үнемі жалғастырып отыру. Яғни алдымен жұмсаймын, қалғанын жинаймын деген түсінік қате. Шын мәнінде, керісінше істеу қажет: табысты алған сәтте алдымен белгілі бір бөлігін жинаққа жіберіп, тек қалғанын күнделікті шығындарға бөлу керек. Тіпті табыстың 10%-ын тұрақты түрде жинап отырсаңыз, уақыт өте келе бұл елеулі капиталға айналады. Бұл күрделі пайыздың әсері, яғни ақша өзіңізге табыс әкеліп, «жұмыс істей» бастайды.
Мұндай тәсіл үй алу секілді ірі мақсаттарға жетуге де көмектеседі. Жүйелілік пен жинақ дағдысы адамның қаржылық тұрақтылығын арттырып, армандаған баспанасына бір қадам жақындатады.