Саясат • Бүгін, 10:52

Арменияда парламент сайлауы басталды

2 мин
оқу үшін

Арменияда жексенбі күні кезекті парламент сайлауы басталды. Сайлау қорытындысы бойынша елдің жаңа премьер-министрі де айқындалады, деп хабарлайды Egemen.kz

Арменияда парламент сайлауы басталды

Фото: azertag.az

Республиканың Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, елдегі сайлаушылар саны 2 млн 485 мың 851 адамды құрайды. Ел аумағында таңғы сағат 08:00-ден кешкі 20:00-ге дейін 2005 сайлау учаскесі жұмыс істейді.

Бұл соңғы тоғыз жылдағы алғашқы кезекті парламент сайлауы. Бұған дейінгі 2018 және 2021 жылдардағы сайлаулар кезектен тыс өткен болатын. Биылғы додаға 18 саяси күш қатысуда. Заң бойынша сайлаушылардың ең төменгі қатысу шегі белгіленбеген. Сондықтан дауыс берген азаматтардың санына қарамастан сайлау өтті деп танылады. Дауыс беру пропорционалды сайлау жүйесі бойынша ұйымдастырылған.

Еуроодақ Арменияға 50 миллион еуро бөледі

Партиялар үшін өту шегі 4 пайызды құрайды. Екі немесе үш партиядан құралған блоктар үшін бұл көрсеткіш 8 пайыз, ал төрт және одан да көп партиядан тұратын кең коалициялар үшін 10 пайыз болып белгіленген.

GALLUP International Association ұйымының Армениядағы өкілдігі жүргізген сауалнама нәтижесіне сәйкес, оппозициялық партиялар күш біріктірген жағдайда билік партиясынан көп дауыс жинауы мүмкін.

Сауалнамаға сәйкес, қазіргі премьер-министр Никол Пашинян жетекшілік ететін «Азаматтық келісім» партиясын респонденттердің 32,4 пайызы қолдауға дайын.

Қазақстан – Армения: Сенім мен жауапкершілікке негізделген серіктестік

Ал ресейлік армян кәсіпкері Самвел Карапетян құрған «Күшті Армения» партиясы 16,4 пайыз, елдің бұрынғы президенті Роберт Кочарян жетекшілік ететін «Армения» блогы 15,2 пайыз, кәсіпкер Гагик Царукян басқаратын «Гүлденген Армения» партиясы 8,8 пайыз, ал бұрынғы омбудсмен Арман Татоян жетекшілік ететін «Бірлік қанаттары» партиясы 6,2 пайыз қолдауға ие.

Осылайша, негізгі төрт оппозициялық күштің жиынтық рейтингі 46,6 пайызды құрап отыр.

Соңғы жаңалықтар