Экономика • Кеше

«Қазақмыс» қауіпсіздікке басымдық береді

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазақмыс» өндірістегі қауіпсіздік деңгейін көтеру мақсатында АҚШ-тың «JMJ Associates» халықаралық консалтингтік компаниясымен келісімшарт жасасты. Компания барлық өндіріс орнында өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау жүйесіне стратегиялық аудит жүргізеді. «Қазақмыс корпорациясы» басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриев «JMJ» өкілдерімен кездесіп, бірлескен жұмысты талқылады.

«Қазақмыс» қауіпсіздікке басымдық береді

«JMJ Associates» – қауіпсіздік мәде­ниетін дамытуға әрі көш­басшылар­дың рөлін күшей­туге маманданған ком­па­ния. Бірлескен жобаның мақса­ты – «Қазақмыстың» барлық кәсіпорын­ында адамның өмірі мен денсаулығы әрбір қызметкердің жеке құн­дылығына айналатын тұрақты қауіп­сіздік мәдениетін қалыптастыру.

«Біз бұл аудитті тек рәсімдік тексеріс деп емес, компания болашағының қауіп­сіздігі мен тұрақтылығына жасал­ған стратегиялық инвестиция деп қарастырамыз», деді Нұрахмет Нуриев.

Еліміздегі «JMJ» бөлімшесінің жетекшісі Ренат Сәлімғалиевтің сөзінше, жұмыс диагностикадан басталады. Сұхбат алынып, өндірісте бақылау жүргізіледі, үдерістерге талдау жасалады. Бұл жүйенің артықшылығы мен жетілдіруді қажет ететін бағыттарын анықтауға мүмкіндік береді.

Жоба екі бағытта іске асады. Бірінші бағыт – қызметкерлердің қауіпсіздікке деген жеке жауапкершілігін қалыптастыру. Басшылар жақсы үлгі көрсетеді. Ұжымда сенім мен ашықтық орнайды. Екінші бағыт – қауіпсіз еңбек ортасын құру. Тәуекелдер азайып, қауіпсіздік ережелерін сақтау күнделікті жұмыс дағды­сына айналады.

«Жоба бірнеше жылға жос­парланған. Біз барлық дең­гей­дегі қызметкерлерді оқытамыз, ішкі көшбасшылар мен қауіпсіздік амбассадорларын даярлаймыз. Мақсатымыз – жоба аяқталғаннан кейін де компания ішінде қауіп­сіз­дік мәдениетін дамыту», деді Ренат Сәлімғалиев.

«JMJ» компаниясын осы ынты­мақ­тастық арқылы қызметкерлер мен басшы­лық арасындағы сенімді нығайтып, жарақат алу мен оқыс оқиғалардың саны азайып, ал қауіпсіздік күнделікті жұмыстың қалыпты бөлігіне айналатынына сенеді.

Нұрахмет Нуриевтің айтуын­ша, жобаға қатардағы басшыдан бас­тап, жоғары менедж­мент­ке дейінгі басқа­рудың барлық деңгейі қатысады. Аудит қорытындысында 2028–2029 жылдарға дейінгі қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге арналған ұзақмерзімді бағдарлама әзірленеді. Мақсат – ереже сақтауды автокөлікте қауіпсіздік белдігін тағу сияқты әдетке айналдыру.