Ол "Доспехи Бога: Ультиматум" атты жаңа фильмде актер әрі сценарист ретінде бой көрсетеді. Өнер иесі жағымды жаңалықты әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
Рүстем Омаров атақты экшн-франшизаның жаңа бөлімінде Salem Entertainment компаниясының атынан өнер көрсетеді.
- Құттықтай берсеңіздер болады! Мен бақыттымын, мен Джеки Чанның "Доспехи Бога: Ультиматум" атты жаңа жобасында актер әрі сценарист боламын. "Бала күнгі кумирім Джеки Чанмен бірге бір фильмге түсетініме өте қуаныштымын, – деп жазған ол.
Бұл хабар әлеуметтік желі қолданушыларын бейжай қалдырмады. Олар Рүстем Омаровтың қуанышына ортақтасып, жылы пікірлер қалдырып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін әлемге әйгілі актер Джеки Чан Алматыға келген болатын. Кейінірек оның сапарының мақсаты белгілі болды.
Salem Entertainment мәліметінше, тараптар ірі бірлескен жобаны жүзеге асыруға кіріскен. Алматыда болған уақытында актер алдағы картинаның түсірілім алаңдарын таңдаған.
- Толығырақ мәліметті әзірге құпия сақтаймыз. Бірақ сеніңіздер, алда сіздерді ғаламат жаңалықтар күтуде. Жаңалықтарымызды бақылап отырыңыздар, ең қызығы әлі алда! – делінген хабарламада.