Пікір • Бүгін, 08:12

Саяси мәдениетті нығайту негізі

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі саясатымыздың негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы құжатқа қол қойды. Аталған мәселені Ұлттық құрылтай мүшелері, Мәжілістегі әріптестерім – А.Сарым, Е.Жаңбыршин, Н.Шаталов пен бір топ қоғамдық саяси білікті сарапшылар Бурабайдағы отырыс­та көтерген болатын.

Саяси мәдениетті нығайту негізі

Сурет: anatili.kazgazeta.kz

Әрине, бұл құжат қоғамды мемлекет құраушы негізгі қағидаттарға біріктіретін маңызды бастама. «Әділетті Қазақстан» идеясын ұлттың басты мұраты деп бекіткен бұл құжат мемлекетті әділ басқару жүйесін қалыптастырып, елдігімізді нығайтып, азаматтардың құқықтарын қорғауға бастамашы болары сөзсіз.

Ішкі саясаттың басты мақсаты – ел бірлігін сақтау және тұрақты дамуды қамтамасыз ету. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін, яғни «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» атты негізгі алты қағидат бекітіліп отыр. Бұл қағидаттар рухани һәм саяси тұрғыда жаңа қоғамның іргетасын мықтап беруге тиіс. Құжатта тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық қазақ қоғамының рухани коды ретінде сипатталған. Бұл құндылықтар бір жағынан дәстүрлі ұғымдарға сүйенсе, екінші жағынан заманауи көзқарасты талап етеді. Яғни ұлттық сана мен жаһандық өркениеттің өзара үйлесімін қалыптастыру жаңа саясаттың басты миссиясы.

Біздің ойымызша, «Әділетті Қазақстан» ұғымына тек саяси ұран тұрғысынан қарауға болмайды. Керісінше, еліміздің ішкі саяси мәдениетін жаңғыртудың, әділ әрі ашық қоғам құрудың жаңа парадигмасы деп тануға тиіспіз. Яғни ішкі саясаттың қағидаттары азаматтың адалдығы, биліктің әділдігі және қоғамның бірлігі сынды үш ұстынды ел дамуының басты күші етеріне сенім мол. Сонда ғана «Әділетті Қазақстан» ұғымы тек мемлекеттің болашағы емес, әрбір азаматтың арман-мақсатына, өркениетті ұлт болуға деген сенімінің тұғырына айналары сөзсіз.

 

Елнұр Бейсенбаев,

Мәжіліс депутаты