Саясат • Кеше

Сауда-экономикалық байланыс дамиды

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов пен Беларусь Премьер-министрі Александр Турчин сауда-экономикалық ынты­мақ­тастықты дамыту мәселесін талқылады.

Сауда-экономикалық байланыс дамиды

Екіжақты тауар айналымын ұлғайту, инвестиция, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрлық индустрия, ЖИ саласындағы, сондай-ақ көлік пен логистика, денсаулық сақтау, туризм сияқты тағы да басқа салалардағы ынтымақтастықты тереңдету туралы жоспар қаралды.

«Елдеріміздің көшбасшылары Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Беларусь Республикасының Прези­денті Александр Григорьевич Лука­шенконың саяси ерік-жігері мен тұрақ­ты байланысының арқасында екі ел арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Барлық деңгейдегі сенімді диалог пен стратегиялық сипатқа ие. Үкімет сауда-экономикалық және басқа да қарым-қатынастарымыздың қарқынды әрі өзара тиімді негізде дамуы үшін бар күш-жігерін салуға дайын», деді О. Бектенов.

Тараптар өнеркәсіп кооперациясын одан әрі дамыту мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Цифрлық салада ЖИ элементтерін енгізу бойынша тәжірибе алмасуға басымдық беріліп отыр.

«Біз үшін Қазақстан сауда-эконо­микалық қарым-қатынастардағы басым серіктесіміз. Сондықтан бұл байланыстарды барлық жағынан да дамытуға дайынбыз. Біздің кездесуіміз екі ел арасындағы бірлікті нығайта түседі», деді А.Турчин.

Ауыл шаруашылығында АӨК өнімдерін қайта өңдеу, өндіру жобаларына баса назар аударылады. Саланың тиімділігін арттыру үшін аграрлық ғылымдағы ынтымақтастыққа аса мән беріледі. Отандық диқандар биыл ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім жинады, мұндай көрсеткішке олар бір жағы агротехнологияларды қолдану нәтижесінде қол жеткізе алды.

Кездесуге қатысушылар көлік және логистика саласындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті. Салалық ведомстволардың үйлесімді жұмысы екі мемлекет арасындағы теміржол және автомобиль үдерісін жаңғыртып отыр. Сонымен қатар жаңа экспорттық нарыққа шығу үшін көлік дәліздерін дамытуда зор әлеует бар.

Сондай-ақ өңіраралық ынтымақтас­тық пен мәдени-гуманитарлық саладағы өз­ара іс-қимыл мәселелері де талқыланды. Кездесу қорытындысында Қазақстан мен Беларусь премьер-министрлерінің қатысуымен екіжақты бірқатар құжатқа қол қойылды. Оның ішінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Беларусь Республикасының Өнеркәсіп министрлігі арасындағы өнеркәсіптік кооперация саласындағы ынтымақтастықты дамытудың 2026–2028 жылдарға арнал­ған жол картасы бар.  Астана қаласы­ның әкімдігі мен Минск қалалық атқару комитеті арасындағы 2026–2028 жылдарға арналған сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтас­тық туралы жол картасы да назардан тыс қалмады. Алматы облысының әкімдігі мен Витебск облыстық атқару комитеті арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық сала­лардағы ынтымақтастық туралы мемо­ран­­думының да маңызы арта түсті.