Суретті түсірген – Игорь БУРГАНДИНОВ
Алдымен ансамбль ардагерлерінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылып, ұжымның тарихы баяндалды, естеліктер айтылды. «Тоқырауын толқындарының» мерейтойына арналған кітап шыққаны хабарланды.
Әдеткі ансамбльдер секілді емес, «Тоқырауын толқындары» – қазақ өнеріне соны леп әкелген шығармашылық ұжым. Атап айтсақ, ХХ ғасырға дейін қазақта топ болып ән шырқау қалыптаса қоймаған. Шырқаған күннің өзінде барлығы бір дауыста (унисон) айтып, әннің бояуынан гөрі дыбыстық қуатын арттыруға күш жұмсаған. Кейін мәдени ықпалдастық нәтижесінде қазақ әншілері екі дауыста ән шырқауды меңгеріп алды. Бұл домбырадағы екі түрлі тартылған ішектің өзара үндесе шыққан дыбысы секілді. Музыка тілінде мұны «полифония» деп атайды.
Бұл туралы ансамбльдің хормейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев айтып берді. «Ақтоғайлық ұстазым, «Тоқырауын толқындарының» негізін қалаушылардың бірі Дәртай Сәдуақасов әнге режиссерлік көзқараспен қарайтын хормейстер еді. Құлағы унисонға үйренген халыққа Дәртай ағамның екі дауысты ансамблі ерекше әсер етті. Кейін музыкалық білімімді жетілдіріп келгеннен кейін «Тоқырауын толқындарын» екі дауыста ғана емес, көп дауыста шырқайтын ансамбльге айналдырдым», деді Амантай Жұмашев. Расында, бас хормейстердің бұл сөзі «адам дауысынан асатын аспап жоқ» дейтін Әл-Фараби пікірін қуаттай түскендей.
Заманында белгілі өнер майталмандары халықтық ансамбльдің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосты. Мәселен, 1977 жылы «Гүлдер» ансамблінің негізін қалаған эстрада жанрының тұңғыш режиссері Серік Елеусізов пен балетмейстер, Қаз КСР еңбек сіңірген әртісі Зәуірбек Райбаев арнайы шақырылып, жаңа бағдарлама дайындады. 1981 жылы белгілі өнер зерттеушісі Болат Сарыбаев ансамбльдің негізгі құрамынан фольклорлық аспаптар оркестрін құрып, бағдарламасын жүйелеп берді.
«Тоқырауын толқындарының» өнеріне халықтың сусап қалғаны, толассыз соғылған шапалақтан аңғарылды. Концертте халық және халық композиторларының әндері шырқалып, күмбірлеп күй төгілді, әсем би де болды. Кештің жаңалығы ретінде Нұрлан Күлшікеновтің өлеңіне жазылған Амантай Жұмашевтің «Толқи бер, Тоқырауын» әнінің тұсауы кесілді.
Салтанатты іс-шарада Әйелдер істері және отбасы-демография саясаты жөніндегі ұлттық комиссия хатшысы Гауһар Нұрахметова осы комиссияның төрағасы, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтауын оқып берді.