Суреттерді түсірген – Асылбек НӘСІПҚАЛИҰЛЫ
Кең көлемді іс-шара аудан әкімдігінің, шаруа қожалығы жетекшілері мен кәсіпкерлердің, «Ет индустриясы» ЖШС, «Бәйге» федерациясының қолдауымен өтті. Талдыапан ауылдық округінің орталығында өткен мерекеде «Құрылысшылар ауылы», «Кәсіпкерлер ауылы», «Шаруалар ауылы», «Қолөнершілер ауылы», «Ұстаздар ауылы», «Спортшылар ауылы», «Өнерпаздар ауылы» секілді бөлек-бөлек отау тігіліп, киіз үйлерде әр сала өкілдері өз жетістігі мен табысын көпшілік назарына ұсынды, жаңа бастамалар мен жобаларды таныстырды.
Іс-шара шеңберінде Жұмысшы мамандықтары жылының Қазталов ауданындағы қорытындысы шығарылып, ауыл шаруашылығы, энергетика, газ, су, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларында үздік нәтиже көрсеткен мамандар марапатталды.

«Халқымызда «Еңбек – адамның көркі, адам – заманның көркі» деген қанатты сөз бар. Ауыл еңбеккерлерінің маңдай терімен келген жетістіктер ауданымызды өркендетіп отыр», деді аудан әкімі Асланбек Сарқұлов.
Қарасу ауылдық округіндегі «Дәукен» шаруа қожалығының шопаны Салауат Есенгелдин – «Үздік шопан», Көктерек ауылдық округіндегі «Бержан» шаруа қожалығының механизаторы Руслан Иманғалиев – «Үздік механизатор», Қазталов ауылдық округінен Мәншүк Малаева – «Үздік кәсіпкер», Қошанкөл ауылдық округіндегі «Әлмырза» шаруа қожалығының жылқышысы Салауат Митанов – «Үздік жылқышы», Ақпәтер ауылдық округінен Самат Хасанов – «Үздік жаңа технологияларды қолданушы», Бірік ауылдық округінен Берік Қарабалин – «Үздік энергетика саласының маманы», Жалпақтал ауылдық округіндегі «Батыс-Е» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жетекшісі Ернар Әбішев – «Үздік ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі», Қараоба ауылдық округіндегі «Ғалым» шаруа қожалығының жетекшісі Абзал Ғалымов – «Үздік бау-бақша егуші», Бостандық ауылдық округінен Ғәділжан Қосполов – «Үздік газ саласының маманы», Болашақ ауылдық округінен Ерлан Дүйсенбиев – «Үздік малшы», Тереңкөл ауылдық округіндегі «Жалғас» шаруа қожалығының жетекшісі Батырбек Қауметов – «Үздік асыл тұқымды қой шаруашылығы», Қараөзен ауылдық округіндегі «Қанатқали» шаруа қожалығының жетекшісі Меңдібек Әбуғалиев – «Үздік асыл тұқымды ірі қара мал шаруашылығы», Қайыңды ауылдық округінен Марина Өтеулиева – «Үздік мал дәрігері», Талдыапан ауылдық округінен «Ет индустриясы» кәсіпорны – «Үздік экспорттаушы», Талдықұдық ауылдық округінен Сайлау Ишанғазиев – «Үздік коммуналдық шаруашылық қызметкері», Жаңажол ауылдық округінен Дархан Бисенғалиев «Үздік су шаруашылығының маманы» атанып, естелік сыйлықтармен марапатталды.
Іс-шара барысында ауыл шаруашылығы техникалары мен асыл тұқымды түліктің көрмесі ұйымдастырылды. Салтанат дәстүрлі дала қызықтарына ұласып, ұлттық спорт ойындарымен аяқталды.
Батыс Қазақстан облысы