Аймақтар • Бүгін, 08:35

Жас маманға – жайлы баспана

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жетісу облысының Көксу ауданында маңызды әлеуметтік жоба іске асырылып, жұмыс істеуге келген дәрігерлер мен мұғалімдерге арналған көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл игі іс облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың бастамасымен, кадр тапшылығын шешу мақсатында жүзеге асты.

Жас маманға – жайлы баспана

Суреттерді түсірген – Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Жаңа үй Балпық би ауылында бой көтерді. 20 пәтерлі жалдамалы тұрғын үйдің кілті орталықтан қатынап жұмыс істейтін, жалдамалы пәтерде тұратын жас маман­дарға табысталды. Олар­дың қатарында 15 дәрігер, 4 мұ­ға­лім, 1 полиция қызметкері бар. Кейінгі үш жылда ауданға 55 дәрігер келіп, еңбек етуде. Мемлекет тарапынан оларға барынша жағдай жасалған. 10 млн теңгеге дейін көтерме жәрдемақы беріліп, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында қаржылай көмек көрсетілген. Пәтерлердің дені отбасы құрамына қарай үлес­тірілді. Қоныстой иелерінің қуа­нышы ерекше, енді олар тұ­рақ­ты баспанамен қамтылып, өз қыз­метін алаңсыз атқара алады.

Өңір басшысы Бейбіт Иса­баев жұмыс сапары кезінде жаңа тұрғын үйдің сапасымен, аумағының абаттандырылуымен танысып, тұрғындармен кездесті. Әкімнің айтуынша, бұл жоба аудандағы маман тапшы­лығын шешуде маңызды рөл атқарады.

с

– Кейінгі бір жылдың ішінде ауданға 20-ға жуық дәрігер келді. Сол орайда олардың тұр­мыс жағдайын жақсарту күн тәртібінің алдыңғы қатарына шықты. Енді, міне, дәрігерлер мен мұғалімдер өздерінің қызметтік пәтеріне ие болды. Бұл – олардың еңбегіне көрсетілген құрмет. Алдағы уақытта шағын ауданның жан-жақты дамуына баса көңіл бөлінеді. Жасыл желектерді суа­ратын автоматты жүйе орнату, инфрақұрылымды жақсарту жоспарда бар. Бұдан бөлек, тағы 7–8 көпқабатты тұрғын үй салуға мүмкіндік бар, – деді облыс әкімі.

Жаңа баспананың игілігін көріп отырған маманның бірі – аудандық аурухананың невропа­тологі Нұргүл Бұхарова.

– Мен осы ауданда дүниеге келдім. Алматыда білім алып, біраз жыл сол қалада еңбек еттім. Кейін туған жерге оралдым, оған еш өкінбеймін. Енді, міне, тұрғын үй мәселесі де шешілді. Бұл – ауылға келген дәрігерлерге жасалған үлкен қолдау, – дейді ол.

Жаңа үйдің тағы бір тұрғыны – аудандық полиция бөлімі табиғатты қорғау тобының инс­пекторы Еламан Дәулетов. Ол 2018 жылдан бері құқық қорғау саласында қызмет етіп келеді. Бұған дейін өз қаражатына пәтер жалдап келген.

– Менің қызметім тұрғын үй жалдау ақысына өтемақы төленетін тізімге кірмейді. Сол себепті пәтерді өзім жалдап келдім. Жұбайым мектеп-гимназияда мұғалім. Үш баламыз бар. Жаңа пәтерге ие болу – зор мәртебе. Мемлекеттің осындай қамқорлығын сезіну бізді алға ынталандырады, – дейді полиция қызметкері.

Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Мөлдір Жеңіс те қуанышын жасыра алмады.

– «Б.Құндақбаева атындағы №1 орта мектепте 2018 жылдан бері жұмыс істеймін. Бұрын Талдықорғанда қызмет еттім, кейін ауыл мектебіне келуді жөн көрдім. Еңбек өтілім – 12 жыл. Көпбалалы анамын. Отбасы­мызбен өз баспанамызға ие болып, қуанышқа кенеліп жатырмыз, – деді педагог.

Жаңа үйдің құрылысы биыл­ғы сәуір айында басталып, жос­парлы мерзімде толық аяқталған. Жобаны «Жаркент Алғыр» құрылыс компаниясы жүзеге асырған.

– Тұрғын үйде 10 үш бөлмелі, 5 екі бөлмелі, 5 бір бөлмелі пәтер бар. Үймен қатар инженерлік желілерді тартып, айналасын абат­тандырдық. Тұрмыс-тірші­лікке қажет барлық жүйе толық іске қосылды, – дейді компания директоры Жалғас Алтынбеков.

Көксу ауданында кейінгі жылдары тұрғын үй құрылысы айтарлықтай қарқын алған. 2022–2024 жылдары аудан көле­мінде 175 үй пайдалануға беріл­ген. Биыл 110 отбасы баспаналы болды. Нәтижесінде, тұрғын үй кезегі 5,8%-ға қысқарды.

Айта кету керек, биылғы24 мамырдан бастап тұрғын үйге кезекке қою, баспана беру функциялары жергілікті атқарушы органдардан «Оtbasybank»-ке берілген. Бұл шара баспана мәселесін шешу ісін ашық әрі тиімді етуге бағытталған. Көксу ауданындағы жаңа 20 пә­терлі тұрғын үй – ауылға келген білікті кадрларды қолдаудың айқын көрінісі. Бұл бастама тек әлеуметтік мә­се­лені шешу емес, сонымен бірге ауылдың дамуы­на серпін беретін маңызды қадам. Дәрігер мен мұғалімге жағдай жасалса, ауылдың еңсесі көтеріледі. Ауыл еңсесін тіктесе, ел іргесі беки түседі.