Шахмат • Бүгін, 08:48

Әлем үздіктері Ақтөбеде бас қосты

3 мин
оқу үшін

Ақтөбеде халықаралық FIDE төрешісі, әлемдік шахмат қозғалысының көрнекті ұйымдастырушыларының бірі Владимир Дворковичтің құрметіне арналған халықаралық шахмат турнирі өтті. Бір аптаға созылған жарыста әлемнің 21 елінен келген 210 шахматшы Masters және Open санаттарында бақ сынады.

Әлем үздіктері Ақтөбеде бас қосты

Masters тобында рейтингі 2 400-ден жоғары 81 шахматшы өнер көрсетсе, Open санатында рейтингі 2 400-ден төмен 129 спортшы жарыс жолына шықты. Қатысушылар қатарында 25 ерлер гроссмейстері мен бір әйелдер гроссмейстері болды. Турнирге әлемдік шахматтың танымал өкілдері де жиналды. Олардың қатарында әлем чемпиондығына үміткер болған Ван Хао мен Андрей Есипенко, 2023 жылғы Еуропа чемпионы сербиялық Алексей Сарана, шахматтың рапид түрінен  2018 жылғы әлем чемпионы Даниил Дубов, 2018 жылғы Еуропа чемпионы Иван Шарич, сондай-ақ Александр Предке мен Антон Демченко бар.

Қазақстан құрамасының намысын Денис Махнев, Қазбек Нөгербек, Рамазан Жалмаханов, Эдгар Мамедов секілді тәжі­рибелі шахматшылар қорғады.

Халықаралық турнирді Ха­лықаралық шахмат феде­ра­ция­сы (FIDE), Қазақстан Респуб­лика­сының Туризм және спорт министрлігі, Қазақстан шахмат федерациясы және Ақтөбе облысының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды.

Турнирдің Владимир Двор­кович есімімен байланыс­ты­рылуының өзіндік тарихи мәні бар. Халықаралық шахмат федерациясының мүшесі болған ол әлемнің түкпір-түкпірінде өткен жүзден астам ірі халықаралық турнирге төрешілік етті. Сонымен қатар шахматшылар рейтингін есептеуге арналған арнайы жүйені әзірлеуге қатысып, әлем чемпиондары Анатолий Карпов пен Гарри Каспаровты дайындаған жаттықтырушылар құрамында еңбек етті.

Владимир Дворкович еңбек жолын дәл осы Ақтөбе қаласында бастаған. Ол 1960 жылы Таганрог педагогикалық институтының физика-математика факультетін тәмамдаған соң жолдамамен Ақтөбеге келеді. Жас маман аз уақыт ішінде жергілікті спорт және шахмат үйірмелерінің жұмысын жолға қойып, көптеген жасөспірімді спортқа баулиды. Оның бастамасымен өңірде шахмат мектебінің негізі қаланып, кейін бұл мектептен көптеген дарынды спортшылар шықты.

Кейін Владимир Дворкович Ресейге қоныс аударғанымен, оның шәкірттері мен ізбасарлары Ақтөбеде қалыптасқан шахмат дәстүрін үзген жоқ. Ұстаз негізін қалаған мектептің жұмысы ұзақ жылдар бойы жалғасып, өңірдегі шахматтың дамуына үлкен ықпал етті.

Осы тарихи сабақтастықты сақтау және Владимир Дворко­вичтің еңбегін ұлықтау мақса­тында Ақтөбеде 2019 жылы алғаш рет халықаралық турнир ұйым­дастырылды. Содан бері бұл жарыс дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Жыл сайын әлемнің әр түкпірінен танымал шахматшылар Ақтөбеге жиналып, өзара мықтыны анықтайды.

Биылғы турнирдің жалпы жүлде қоры 50 миллион теңгені құрады. Қомақты сыйақының басым бөлігі дәстүрлі шахмат бойынша өткен Masters санатында жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар арасында бөлінеді. Сондықтан бұл дода тек беделді халықаралық жарыс қана емес, сонымен қатар кәсіби шахматшыларға маңызды рейтингтік және қаржылық турнир саналады.

 

Ақтөбе облысы

Соңғы жаңалықтар