Өндіріс • Бүгін, 08:58

Арқаның агробренді: «Нәтиже» мен «Саумал» отандық сүт өнімдері нарығына қалай әсер етті?

50 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Президенттің халыққа Жолдауында ауыл шаруашылығы ел дамуының қозғаушы күші ретінде айқындалып, аталған салаға тұрақты көңіл бөлініп келеді. Жүйелі қолдаудың нәтижесінде агросалада серпіліс бар. Соның бір айғағы – ауыл өнімінің сауда нарығына шығуы. Онымен қоса құнары мол картоп пен арқа даласының ет өнімі сырт елге экспортталып жатыр. Қарағанды өңірінде ауыл шаруашылығы өнімін шығарудан бастап, оны терең өңдеуге дейінгі тұтас өндірісті толығымен жолға қойған кәсіпорындар жетіп артылады.

Арқаның агробренді: «Нәтиже» мен «Саумал» отандық сүт өнімдері нарығына қалай әсер етті?

Нәтижелі «Нәтиже»

Солардың бірі – сапа көрсеткішімен көш бастаған, қарағандылық бренд «Нәтиже» сүт өнімдері кәсіпорны. Бүгінде бұл атау тек Қарағанды үшін ғана емес, еліміздің басқа да аймақтары үшін сапа мен сенімділіктің белгісіне айналды.

Сүт зауыты өз жұмысын 1999 жылы баста­ған. Алғашқы кезде кәсіпорын өнімдерін «Балхашсүт» атауымен нарыққа ұсынған еді. Алайда 2003 жылы компания өз жолын жаңа бағыт­та жалғастырып, «Нәтиже» атты жеке брен­дін қалыптастырды. Бұл атау зауыттың бас­ты қағидатын – адал еңбек пен таза өнім арқылы нақты нәтиже көрсету ұстанымын білдіреді.

«Нәтиже» өнімдерінің ерекшелігі – олар­дың т­аби­ғилығында. Онда ешқан­дай консервант қол­данылмайды, сақтау мерзімі де тым ұзақ емес, себебі өнімнің балғындығы мен эко­ло­г­иялық тазалығы –басты назарда. Сүт тек жер­­гі­лікті фермерлерден қабылданады. Сиыр­­лар құнарлы жайылым шөбімен және таза бұлақ суымен қоректенеді. Сондық­тан да «Нә­ти­же» өнімдері табиғи дәмін жоғалтпай, тұты­ну­шының дастарқанына балғын күйінде жетеді.

Кәсіпорында 2011 жылы атақ­ты швейцариялық «Tetra Pak» компа­ниясы­ның жоғары өнімді жабдықтары орнатылып, сүтті қайта өңдеу цехы толық жаңартылды. Бұған қоса, италиялық технологиялар енгізіліп, өндіріс үдерісі толықтай автоматтандырылды.

Зауыттағы заманауи гомогенизаторлар мен сепараторлар өнімнің сапасын арттыруда айрық­ша маңызға ие. Мәселен, пасте­ризация қондырғысы сүт­тегі зиянды бактерияларды 85 п­а­йызға дейін жояды, ал гомогенизатор сүттің біркелкілігін сақтап, май түзілімдерінің бөлініп қалмауын қамтамасыз етеді.

Кәсіпорында сүт қабылдау мен өңдеу жүйесі нақты ғылыми негізде құрылған. Әрбір сүт көлігіндегі басты өнімнен арнайы сынамалар алынып, зертханада тексеруден өтеді. Мұнда өнімнің майлылығы, тазалығы, қышқылдығы анықталып, санитарлық талапқа сәйкестігі расталған соң ғана өндіріске жіберіледі. Цехтағы үдерістердің басым бөлігі компьютер арқылы бақыланады. Әр танктің температурасы мен ылғалдылығы автоматты түрде реттеледі. Мысалы, қатық ұйыту үшін 42–46°C, ал айран дайындау кезінде 22–26°C температура ұсталады. Маусымдық өзгерістерге байланысты бұл көрсеткіштер де бейімделіп отырады. Өндіріс үдерісі тоқтаусыз жүруі үшін кәсіпорын басшылығы көлік паркын толық жаңартқан. Бүгінде 18 тонналық арнайы цистерналар ауыл-аймақтарды аралап, жаңа сауылған сүтті тікелей зауытқа жеткізіп отырады.

«Нәтиже» зауыты бүгінде 30-дан астам түрлі сүт өнімін шығарады. Олар­дың қатарында айран, йогурт, сүзбе, ірімшік, құрт, сары май, қаймақтың бірнеше түрі бар. Барлық өнім табиғи айран ұйытқысымен да­йындалып, ешқандай жасанды қоспасыз өндіріледі. Бүгінде «Нәтиже» өнімдері Қарағанды мен Павлодар облыстарында, сондай-ақ Астана мен Екібастұз қалаларында үлкен сұранысқа ие.

Кәсіпорынның басты жетістігі – дәстүрлі сүт өндіру әдістері мен заманауи технологияны үйлестіре білуінде. Осындай тәсілдің арқасында «Нәтиже» бренді тек өңірде ғана емес, ұлттық деңгейде де айрықша сенімге ие болды.

Өнім сапасына, экологиялық таза­лыққа және технологиялық тәртіпке ерекше мән беретін «Нәтиже» кәсіп­орны – еліміздің агроөнеркәсіп сала­сындағы табысты жобалардың бірі. Бұл зауыттың жетістігі – адал еңбек пен үздіксіз жаңашылдықтың нәти­жесі. Қарағандының «Нәтиже» бренді бүгінде елдің түкпір-түк­піріне таралып, әр үйдің дас­тар­қанынан лайықты орын алған.

 

Қарқаралының құрты

Қарқаралының әйгілі құрты сыртқы сауда нарығына да шыға бастады. «Атамекен» шаруа қожалығының басшысы Сламбек Қинаят ауылынан алысқа ұзамай-ақ ұлттық дәмді саудалап-ақ, көл-көсір табысқа шығып отыр.

Сламбек Қинаят өз ісін бастар алдында Қарағанды облыстық Кәсіпкерлер палатасының көмегіне жүгінген болатын. Ондағылар болашақ кәсіпкерді «Бастау» бағдарламасы бойынша оқуға жібереді. Оқуын тәмамдаған ол бизнес-жоспарын алып, ауыл шаруашылығын қолдау қорына барып, 18 миллион теңге несие алып, Қытайға жол тартқан. Ол жақтан өзіне қажетті, көптен бері ойын­да жүрген құрал-жабдық әкелді. Қалған ақшасына сүтті 10 сиыр сатып алды. Сөйтіп, тасы өрге домалап, көп ұзамай шағын кәсіпорнынан шарапат сезіне бастайды. Әрине, бәрі де – адал еңбегінің өтемі.

ап

Өндірілген сапалы сүттен Сламбек бүгінде тибеттік технологиямен құрт­тың 17 түрін жаяды. Онымен қоса, май шайқап, ірімшік қайнатады. Бүгін­де Сламбектің цехынан шыққан сүт өнім­дері Қарқаралы ауданы ғана емес, Қазақстанның өзге өңіріндегі кәсіп­керлерді де қызықтырып отыр. Онымен қоса, Германияға, Біріккен Араб Әмірліктеріне де құртын жолдайды.

Осыдан алты-жеті жыл бұ­рын табиғаты тамылжыған Қар­қаралыға Біріккен Араб Әмір­ліктерінен, Герма­ния­дан бір топ турист қы­дырып келген бо­латын. Сол кезде шетел­дік­тер жергілікті кәсіпкердің ша­ғын кәсіп­орнында да болып, құрт­тың қалай жасалатынын, май­дың қалай шайқалатынын көріп, таңданыстарын жеткізген. Неміс­­тер ежелгі әдіспен алынған сары майдың дәмін татып, бас шай­қаса, араб азаматтары бал таты­ған құртқа қатты қызыққан екен. Елдеріне қайтарында әлгі саяхат­шылар өздерімен бірге бір-бір дорба құрт ала кетіпті. Арада уақыт өтіп, Араб елінен Слам­бекке қуанышты хабар жол­дапты. Сөйтсе, арабиялық саяхатшылар еліне жеткен соң, Слам­бек өндіретін құртты зерттеп, оның 98 пайыз тап-таза таби­ғи шикізаттан тұратынына көз жет­­кізген. Содан олар Қарқара­лы­ның құртын молынан алдырады.

«Қазір жұрт көбіне құртты тұрып қалған немесе сепараторда айырылған көк сүттен жасай­ды. Ал мен қаймағы алын­баған сүтті қайнатып барып құрт сығам. Содан да болар, менің құрты­мның дәмі ерекше болып тұрады. Бұдан бөлек, құрт құра­мына түрлі дәмдеуіш қосамын. Мысалы, Алтай балын қосқан құрттың дәмі, жесеңіз, таңдайдан кетпейді. Жалпы, қоспалар тағам құрамында биоло­гиялық белсенді үстеме қызметін атқарады», дейді С.Қинаят.

Кәсіпкердің айтуынша, ең пайдалысы – ежігей құрты. Ол қайнатылған қатық пен сары ірімшіктің қоспасынан дайындалады. Ақуызға өте бай. Мұнымен қоса, Сламбек құрт жасауға емдік қасиеті мол өсімдіктерді пайдаланады. Ол қауын, қарбыз тәрізді жеміс-жидектердің сөлі қосылған құрттың да денсаулыққа әсері мол екенін айтады.

«Ертеде ата-балаларымыз күбіге су құйып, түбіне тас салып қоятын еді. Мен сол тәсілді пайдаланамын. Себебі мұндай тас сүттің бойындағы зиянды заттарды залалсыздандырады. Егер сиырда ауру болса, сүтінің бойындағы вирусты тас сіңіріп алады», дейді тың тәсілімен бөліскен цех иесі.

Бүгінде Сламбек ай сайын сау­да нүктелеріне 130 килоға жуық сары май мен 100 килодан астам құрт жөнелтіп отырады. Саудаға шығарылар басқа да сүт өнімдері жетерлік.

 

«Саумал» – әлемдік нарықта

Осыдан бірнеше жыл бұрын «Eurasia Invest LTD» ЖШС ұнтақталған «Саумал» бие сүтін ұсынып, әлемдік нарыққа алып шықты. Бұл Осакаров ауданында орналасқан кәсіпорыннан шығып жатқан өнім. Бүгінде ол елімізден бөлек, Қытай мен Ресейге, Германияға да экспортталып үлгерді.

пр

«Саумалды» нарыққа шығар­мас бұрын Ұлттық ғылыми ме­дициналық орталық құрғақ, яғни ұнтақ күйге түсірілген саумал­дың құрамын зерттеп көріпті. Ғалымдар, әсіресе, бұл өнім­нің созылмалы бауыр дертімен ауыра­тындарға ықпалы мен қауіпсіздігіне ден қойған. Зерттеу тәжірибесіне өз келісімімен отыз адам қатыстырылыпты. Олардың әрқайсысына күн са­йын екі қасық құрғақ қымыз сумен араластырылып, екі мезгіл беріліп отырған. Бір айдан кейінгі нәтиже көрсеткендей, бұл емдік шараның ешқандай кері әсері байқалмай, қайта науқастардың сырқаты жазыла бастағаны бай­қалыпты. Дәрігерлердің айтуынша, медицинаның жоғары жетістіктеріне қарамастан, бауыр ауруының асқынған түрлерінде оны айырбастағаннан, яғни трансплантация жасағаннан басқа амал жоқ. Дегенмен құрғақ қымыз оған дейін біршама уақыт ұтуға көмектесе алады екен. Ақыры не керек, осы ғылыми зерттеулердің негізінде «Saumal» Кеден одағының қауіпсіздік талаптарына сәйкестік декларациясына ие болды. Яғни осыдан кейін бұл өнім алыс-жақын шетелдерге экспорттала бастапты.

– Өндірістің әр кезеңі – қатаң бақылауда. Яғни сүт әр үдерістен өткен кезде біздің технологтер жіті бақылап, сапасын қадағалап отырады. Сублимация үдерісі өткен уақытта сүт мұздатылып, кеп­тіріледі. Яғни бұл – дайын өнім. Содан кейін барып ұн­тақты арнайы герметикалық пакет­терге ораймыз. Арнайы орал­ған пакеттеріміз өнімнің бал­ғын­дығына, құнарлығы мен сақ­тау мерзімінің ұзаруына үлкен мүм­кіндік береді, – дейді кәсіпорын директоры Серік Жүнісов.

Зауыт еуропалық жабдықпен жылына 10 тонна саумал ұнтағын шығара алады. Олай болса, біздің өңір құрғақ қымыз өндіру жөнінен әлемдегі ең ірі орталыққа айналады.

пр

Сайып келгенде Қарағанды өңірінің агроөнеркәсіп саласы айтарлықтай табыс­қа қол жет­кізіп отыр. Мұны ауыл өнімдері­нің ішкі нарықта ғана емес, шетелге де шығуы айқын дәлелдейді.

«Нәтиже» сүт зауытының сапа мен сенімділікті қатар ұстанған табысты жолы, Қарқаралының дәмі – құртты әлемдік нарыққа шығар­ған Сламбек Қинаят­тың қажыр­лы еңбегі, «Саумал» бренді арқы­лы бие сүтін ұнтақ түрінде экс­порттаған «Eurasia Invest LTD» кәсіпорнының иннова­ция­лық бастамасы – бәрі де бір ма­қсатты, яғни отандық өнім­нің өрісін кеңейтуді көз­дейді.

 

Қарағанды облысы