Келешек мектептері • Бүгін, 08:38

Мамандарға ерекше мән беріледі

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Келешек мектептері» – оқушыға қолжетімді сапалы білім беруді көздейтін білім ордалары. Мұндағы өзіндік оқу-тәрбие үдерісі бар бала­ның жан-жақты дамуына жағдай жасаған. Ұлттық жоба аясында 460 мың орынға шақталған 217 мектеп ашылады деп жоспарланған. Қазір жоспардың 69 пайызы орындалды. Бұл дегеніміз – 151 білім мекемесі.

Мамандарға ерекше мән беріледі

Еске сала кетейік, жаңа 2025–2026 оқу жылында 83 оқу ордасы жаңадан ашылды, оның 57-сі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынды. Осы оқу ордаларының барлығында негізгі мақсатты жүзеге асыратын мықты мамандар жұмыс істеуі қажет. Сондықтан «Келешек мектептерінің» мамандарына да ерекше мән беріліп отыр.

Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы «Келешек мектептері» жобасы аясында мұ­ғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру бойын­ша жүйелі жұмыс жүргізді. Бүгінде «Келешек мектептерінің» 7 мыңнан ас­там мұғалімі LMS платформасы арқылы біліктілікті арттыру курстарынан өтіп жатыр. Онда базалық деңгейдегі 11 пән қамтылған: бастауыш сынып, қазақ, орыс және ағылшын тілдері, математика, информатика, физика, химия, биология, география және тарих.

Бағдарлама пәндік білімді негізгі жұмысынан қол үзбей жаңарту, кәсі­би құзыреттілікті арттыру және мұға­лімдерге әдістемелік қолдау көр­сетуге бағытталған. Соның ішінде пәндік білімді тереңдету, оқыту сапасын арттыру, оқушылармен тиімді қарым-қаты­нас орнатуға назар ауда­рылды. Алдағы уақытта да педагогтер басым бағыттар бойынша оқытумен қамтылады.

«Келешек мектептерін» басқару тиімділік қағидаты бойынша ұйым­дастырылады. Директорларды та­ғайын­дау кезінде басымдық «Білім саласындағы 1000 өзгеріс көшбасшысы» жобасына қатысқан үміткерлерге беріледі. Бұл жоба Президенттік жастар кадр резервінің үлгісінде жасалған. Онда болашақ басшыларды қызметке тағайындалмай тұрып даярлауды міндеттейтін халықаралық тәжірибе негізге алынған. Үміткерлер бес кезең­нен тұратын іріктеуден өтіп, кешенді түрде оқытылады. Бұған қоса, тәлімгерлермен жұ­мыс істеп, тағылымдамадан өтеді. Мұндай тәсіл сыни ойлай­тын әрі өзгерістерге дайын басқару­шыларды қалыптастыруға жол ашады.

2023–2024 жылы кадрлық ревервке енген 583 педагогтің 70 пайыздан астамы конкурс­сыз басшылық қызметке та­ғайындалды. Биыл тағы 403 директор орынбасары резервке қабылданды. Соның нәтижесінде мектеп директорларының тап­шылығы үш есеге қысқарды. Әсіресе жаңа форматтағы «Келе­шек мектептеріне» баса назар аударылып отыр. Бүгінде еліміз бойынша ұлттық жоба аясында ашылған 151 мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 40 мектепті «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасының жеңім­паз­дары басқарады. Осы­лайша, бұл білім ордалары жаңа стандарттарды, цифрлық технологияларды және тәрбиелік бағыттағы тәжірибелерді енгізетін алаңға айналып отыр.

 

Зейнеп МАХСҰТОВА,

Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары