Қалалық «Өнер» мәдениет сарайында «Ертіс-Баян» театры есігін айқара ашты. Жас шығармашылық ұжымның тарихы ақиық ақын Мұқағали Мақатаев шығармасының желісімен сахналанған «Қош, махаббат» спектаклінің премьерасымен басталды.
Туындыны жас әрі талантты режиссер Бибияжар Дихан сахналады. Поэзия тілі арқылы адам сезімінің тереңдігін, махаббаттың күшін, тағдыр драмасын жеткізе білген қойылым көрермендерді шынайылығымен баурады.
Екібастұзда театр ашу идеясы бірнеше жылдан бері талқыланып келген. Жоба өңір басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылдың шілдесінде қолға алыныпты. Сол кезде Екібастұздың бай мәдени дәстүрі мен белсенді шығармашылық ортасы театр ашуға барлық алғышарт бар екенін байқатқан. «Қайнар» орталығы жанында 20 жылдан астам уақыт бойы «Маска» театр студиясы табысты еңбек етіп жүр. Қатысушылары бірнеше мәрте республикалық фестивальдердің лауреаты атанды. Ал 2020 жылы «Өнер» мәдениет сарайында «Бойтұмар» жастар музыкалық-театр үйірмесі құрылды. Мұның барлығы кәсіби театрдың құрылуына негіз болды.
«Ертіс-Баян» театрын құруға бюджеттен шамамен 50 миллион теңге бөлінген. Ұжымда әзірше 18 қызметкер еңбек етеді, олардың 12-сі – Астана, Алматы, Түркістан, Ақтөбе қалаларынан шақырылған кәсіби әртістер. Басым бөлігі К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің түлектері Сондай-ақ театр қойылымдарына Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының әртістері де қатысады.
Қазақ театрының салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Асайын Байханов қатысып, екібастұздықтарды айтулы оқиғамен құттықтады.
– Болашақта театр үшін жеке ғимарат салу жоспарда бар. Екібастұз тек көмір мен энергияның ғана емес, руханият пен өнердің де ордасына айналады, – деді әкім.
«Қош, махаббат» спектаклінің премьерасы жаңа шығармашылық ұжымның дебюті ғана емес, шаһардағы жаңа театр маусымының ашылуындай сезілді.
Атап өтерлігі, театр жетекшісі Талғат Сағынтаев үлкен ұйымдастырушылық жұмыс атқарды. Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының тәрбиесін көрген танымал актер бүгінде «Өнер» мәдениет орталығының басшысы болып қызмет етіп жүр.