Бұған дейінгі жылдары Қазақстан құрамасы Женевада (2022), Сингапурда (2023) және Грекияда (2024) өткен жарыстарда да бірінші орынды иеленген. Осылайша, еліміз тарихта алғаш рет FGC турнирінің төрт дүркін чемпионы атанды. Бұл жетістік халықаралық STEM-білім беру саласында теңдессіз көрсеткіш саналады.
Биылғы олимпиадаға әлемнің 190 елінен командалар қатысты. Қазақстандық оқушылар екі ең беделді аталымда алтын медаль жеңіп алды:
– Grand Challenge Award (алтын) – роботтардың іріктеу ойындарында рекорд орнатып, абсолюттік чемпион болған командаға берілетін басты жүлде;
– Albert Einstein Award (алтын) – инженерлік шешімдер, техникалық шеберлік, командалық жұмыс және көшбасшылық көрсеткіштері бойынша үздік командаға тағайындалатын ең жоғары төрешілер сыйлығы.
Министрлік мәліметінше, бұл жетістік қазақстандық білім беру жүйесінде инженерлік және технологиялық бағыттарды дамытуға ерекше серпін береді. Ел командасының табысы мектеп оқушыларының жоғары техникалық дайындық деңгейін және халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін дәлелдейді.