«Жолаушылар тасымалының артуы мен қаланың кеңеюіне байланысты келесі жылы 13 жаңа бағыт іске қосылады. Сонымен қатар Bus Line жүйесін кезең-кезеңімен енгізіп жатырмыз. Автобустарға арналған арнайы жолақтар қозғалыс уақытын 25-30%-ға дейін қысқартады. Бүгінде осындай жолақтар жалпы ұзындығы 134 шақырым болатын 30 учаскеде жұмыс істейді. Биыл тағы үш бағытта — Тәуелсіздік даңғылында, Амман көшесінде және Қорғалжын тасжолында енгізілді. Ал өткен жылы алты учаскеде пайдалануға берілген болатын», – деді әкім.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, қоғамдық көлік жүйесін дамыту – әкімдік жұмысының басты басымдықтарының бірі.
«Жыл сайын автобус санын орта есеппен 300–350 бірлікке арттырып, жаңа бағыттар мен арнайы жолақтар ашып келеміз. Мұның бәрі қалалық көлікті тұрғындар үшін тартымды етуге бағытталған. Мысалы, 2024 жылы тәуліктік жолаушылар ағыны 800 мың адам болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1,1 миллионға жетті», – деді қала басшысы.
Қазір Астанада тоғыз автопарк бар, оның бірі – коммуналдық. Қалған жеке автопарктер де өз қаражаты есебінен көлік паркін жаңартып отыр. Биыл олардың есебінен 122 жаңа автобус сатып алынған, бір бөлігі қалаға жеткізілді.
«Қалалық автопарктерге биыл 300 газбен жүретін автобус жеткізу жоспарланған. Оның 134-і елордаға келіп үлгерді. Сонымен бірге индустриялық парк аумағында автомобильдік газ толтыру компрессорлық станциясы орнатылып, іске қосылды. Ал жеке автопарктер – “АБИ-Астана”, “Elorda Trans” және “Жорға МТ” – жаңа автобаза салып жатыр», – деп атап өтті әкім.