Экономика • Бүгін, 09:15

Экономикалық өсім қарқыны сараланды

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі штаб отырысында өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс саласының динамикасы жан-жақты қаралды. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша бұл бағытта өсім қарқыны жоспардан төмен болғаны айтылды.

Экономикалық өсім қарқыны сараланды

Сурет: naryk.kz

Өңдеу өнеркәсібінде машина жасау (+14%), химия өнеркәсібі (+9,6%), құрылыс материалдарын өндіру (+4,7%), жеңіл өнеркәсіп (+9,4%), резеңке мен пластмасса бұйымдарын шығару (+6,1%), дайын металл өнімдерін өндіру (+15,2%) салалары басым өсім көр­сетіп отыр.

Қаңтар-қыркүйек айларында өңдеу өнеркәсібінің өсімі +6,2% құрады, ал он айдың қорытындысы бойынша өсім шамамен +6,3% деңгейінде болжанды. Негізгі баяу­лау металлургия саласында бай­қалады. Оның үлесі өңдеу өнеркәсібінің шамамен 40%-ын құрайды. Айта кетейік, өткен жылы металлургия кейінгі он жылдағы ең жоғары көрсеткішке – 6,9% өсімге қол жеткізген болатын, бұл биылғы жылға жоғары база қалыптастырды. Штаб отырысында баяулаудың себептері жан-жақты талданып, саланың өсуін жеделдету шаралары талқыланды.

Қара металлургиядағы бәсең­деу негізінен ферроқорытпа мен бо­лат өндірудің азаюына байланыс­­ты. Бес ферроқорытпа зауыты­ның төртеуі биыл электр энергиясы тарифтерінің көтерілуіне байланысты өндіріс көлемін қысқарт­қан. Әсіресе Қарағанды облысын­дағы кәсіпорындарда өнім көлемі азайған, бұл өңірдің жалпы өңір­лік өнімінде 0,9% үлеске ие. Сондай-ақ саладағы бірқатар кәсіпорын­да жүргізілген жоспарлы күр­делі жөндеу жұмыстары да өз ­әсерін тигізді.

Түсті металлургияда өсім қар­қынының төмендеуі Васильков кен орнында шахталық әдіске көшу мен қорлардың сарқылуымен бай­ла­нысты. Серік Жұманғарин Энер­гетика министрлігіне қысқа мер­зім ішінде қолданыстағы құжат­тарға өзгерістер енгізу мүмкінді­гін пысықтап, ферроқорытпа зауыттарына төмендетілген тариф бо­йынша электр энергиясын беру­ді қарастыруды тапсырды.

Тоғыз айдың қорытындысы бойынша машина жасау саласы 14% өсім көрсетті. Салаға жаңа серпін «Astana Motors Manufac­turing Kazakhstan» зауытында жеңіл автокөлік өндірісінің іске қо­сылуы арқылы берілмек. Хи­мия өнеркәсібі де тұрақты өсімін сақтап отыр – 9,6%. Бұл өсім аммо­фос (+55,4%), аммиак селитрасы (+14,5%), натрий цианиді (+5,4%), полипропилен (+50,5%), сары фосфор (+12,6%) мен күкірт қышқылы (+7,3%) өндірісінің артуы есебінен қамтамасыз етілді.

Биыл құрылыс жұмыстарының ең үлкен үлесі көлік инфрақұры­лы­мына тиесілі – 21,3% (жолдар мен автомагистральдар, теміржол және метро, көпірлер мен тоннельдер құрылысы). Өнеркәсіптік нысан­дар үлесі – 20,5% (сумен қамту, кә­різ жүйелері мен тұрғын үй құры­лысы). Газ құбырлары, электр беру желілері мен жылу желілерін салу жобалары шамамен 5,6%-ды құ­­рай­ды. Сала өсімінің қарқыны жо­­ға­ры деңгейде сақталып отыр. Ал то­ғыз айда +14,9%, он айдың қо­ры­тындысы бойынша +15,2% күтілуде.

Серік Жұманғарин тоғыз ай қорытындысы бойынша құрылыс қарқыны төмендеген өңірлердің облыс әкімі орынбасарларының ­баяндамасын тыңдап, әрбір өнер­кәсіп нысаны мен құрылысты тұ­рақты бақылауда ұстауды тапсыр­ды. Қиындықтар туындаған жағ­дайда, мәселе жедел түрде штабтың қарауына шығарылуға тиіс деді.