Аймақтар • Бүгін, 08:17

Жаңа саябақ ашылды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Семей қаласындағы Қарағайлы шағын ауданында жаңа саябақ ашылды. Салтанатты жиынға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, қала тұрғындары қатысты. Өңір басшысы Берік Уәли жаңа саябақ шаһардың мәдени, рухани ажарын айшықтайтын маңызды нысан екенін атап өтті.

Жаңа саябақ ашылды

– Біз бүгін қаланың келбетіне көрік қосып, тарихи сипатын байыта түсетін өзгеше нысанды пайдалануға бергелі отырмыз. Бұл – тұрғындардың демалып, серуендеуіне арналған жаңа алаң. Саябақтың биіктен түсірілген суретіне көз салсақ, киіз үйдің бейнесі бедерленген. Алдағы уақытта осы жерге мемлекеттік рәмізіміз – Туымызды орнатамыз. Қаламыз күннен-күнге көркейіп келеді. «Ұшақтар кентінде» де осындай саябақ салынып жатыр. Оны да толық аяқтап, халықтың демалыс орнына, қоғамдық кеңістікке айналдырамыз, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар өңір басшысы жаңа ашылған саябаққа «Республика саябағы» деген атау беру керектігін де айтты.

– Халық игілігіне қызмет ететін саябақты қала зиялылары мен қоғамдық кеңес өкілдері «Республика алаңы», «Республика саябағы» деп атауды ұсынып отыр. Мен өз тарапымнан бұл атаудың жаңа қоғамдық орынға жарасымды екенін айтқым келеді. Өйткені еліміздің ең ұлық мерекесі Республика күнінде халық игілігіне пайдалануға беріліп отыр. Азаматтардың талап-тілегін қолдай отырып, мемлекеттік ономастика комиссиясына осы атауды ұсынамыз, – деді.

ап

Бүгінде жаңа саябақтың құры­лысы толық аяқталып, аумағы абат­тандырылған. Көгалдандыру жұмыс­тары аясында мыңға жуық қарағай мен шырша көшеттері, 9 500-ден астам сәнді бұталар мен 8 000-ға жуық көпжылдық гүлдер егілді. Жалпы аумағы шамамен 53 мың шаршы метрді құрайтын саябақта серуен жолдары, демалыс аймақтары, сахна, мәдени-көпшілік іс-шараларға арналған ашық алаңдар қарастырылған.

Аз уақыт ішінде бой көтерген қоғамдық нысан тұрғындар алаңсыз әрі қауіпсіз демалатын орын. Саябақты салу барысында 24 мың шаршы метр аумақ көгалдандырылды. 20 370 шаршы метр жерге төсемтас, 20 480 шаршы метр аумаққа асфальт төселді. Саябақтың басты нысандарының бірі – Алтын адам ескерткіші. Ұлттық тарихқа тағзым ретінде орнатылған ескерткіш саябақтың көркін келтіріп тұр.

Салтанатты іс-шара соңында «Алатау серілері» тобы, Әміре Қашаубаев атын­дағы облыстық филармония әншілері өнер көрсетіп, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

 

Абай облысы