 
                                        – Қазір біз динамикалық әрі деректерге негізделген экономикалық және әлеуметтік дәуірге аяқ бастық. Бұл – тек өнеркәсіп пен ғылым емес, сонымен қатар мемлекет пен қоғам да жылдам бейімделуді қажет ететін уақыт. Геосаяси қысым, энергетикалық дағдарыс немесе климаттың өзгеруі секілді сыртқы факторларға төтеп берудің бірден-бір жолы – төзімді, тұрақты инновациялық экожүйелерді қалыптастыру. Менің ойымша, Қазақстан осы бағытта Орталық Азия өңірінде көшбасшы ел бола алады. Қазақстан ұстанып отырған саясат өңірлік тұрақтылық пен бәсекеге қабілеттілікті арттыруда үлгі боларлық деңгейде.
Технология трансфері туралы айтқанда, мен үнемі «инклюзивтілік», «когезия», «адам капиталы», «таланттар» және «ғылыми ізденіс» сияқты ұғымдарды қатар қолданамын. Өйткені инновацияның өзегі – адам. Ғылыми нәтижелер мен технологияларды табысты трансферлеу үшін ең алдымен қоғамның нақты қажеттіліктерін түсіну қажет. Үкіметтің мақсат-міндеттері мен даму амбициясы да осы қажеттіліктермен үндес болуға тиіс. Бұл – салааралық және трансұлттық деңгейде іске асырылатын саясат. Бұрын біз ғылым, білім, индустрия үштігін қамтитын «Білім үшбұрышы» моделін ұстанатынбыз. Бірақ бүгін бұл тізбекке мемлекет пен қоғам қосылды. Себебі біз ашық деректер мен жылдам ақпарат алмасу дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан ғылымды дамыту Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғана емес, барлық мемлекеттік институттың ортақ міндеті. Қазақстандағы ғылым мен инновация саласына Президент Әкімшілігі деңгейінде ерекше назар аударылып отырғаны аса құптарлық іс.
Халықаралық ғылым және технология орталығы осыдан 30 жыл бұрын, Кеңес одағы кеңістігіндегі ғылыми әлеуетті сақтау мақсатында құрылған болатын. Сол кезде басты миссиямыз – ғалымдарға қолдау көрсету, олардың зерттеу әлеуетін сақтап қалу еді. Бүгінде әлем күрделі геосаяси дағдарыстармен бетпе-бет келіп отыр. Қазақстан тек жасанды интеллект саясаты бағытында батыл қадам жасап отырған жоқ, сонымен бірге халықаралық ғылыми ұйымды ел аумағында орналастыру арқылы стратегиялық көрегендік танытты. Бұл шешім елдің ғылыми беделін арттырып қана қоймай, жаһандық деңгейде жаңа серіктестік мүмкіндігіне жол ашты. Қазіргі заманда ғылым мен өнеркәсіп тоғысы – мемлекеттің стратегиялық тұрақтылығының көрсеткіші. Халықаралық ғылым және технология орталығы тәжірибесі көрсеткендей, ғылым тек зертханада емес, қоғам мен өндіріс арасында жүріп жатқан өміршең үдеріске айналуға тиіс. Қазақстан дәл осы бағытта аймақтық көшбасшылық танытуға барлық мүмкіндігі бар мемлекет.
 
                             
                                 
                             
                                             
             
             
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
             
                 
                 
                 
                 
                 
                 
                