Мәдениет • Бүгін, 08:07

Ұрмалы аспаптармен мақтана аламыз

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жақында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның тапсырмасымен Астана қаласында аспаптар орталығы ашылды. Министр орталыққа көне аспаптарды жаңғыртып, дамытып жүрген Азамат Бақияны алдырып, ғимаратын, қаржысын, т.б. мәселелерді реттеп, қазақ өнеріне үлкен қамқорлық жасап отыр.

Ұрмалы аспаптармен мақтана аламыз

Сурет: aikyn.kz/ Рүстем Нүркенов

«Қазақта домбыра, қобыз, сы­быз­ғыдан өзге музыкалық ас­паптар болмаған» деген кеңес идео­­логиясына сай қасаң пікірге ­70-жылдары Болат Сарыбаев­­тың «Қазақтың музыкалық ас­пап­тары» атты еңбегі ойсы­рата соққы берген еді. Содан кейін «Сазген», «Адырна», «Алты­най», «Мұрагер», «Отырар сазы», т.б. көптеген ансамбль дүниеге келіп, ұлт аспаптарының үнін бір ар­наға тоғыстыруға мүмкіндік туды.

Қазір музыкалық топтың бәрінде дерлік ұрмалы аспаптар бар. Тіпті домбырада жеке орындалған күйдің өзі де қағыс ерекшеліктерімен осы ұрмалы аспаптың рөлін атқарады, яғни ырғақ оң қол қағыстарына еніп кеткен. Мысалы, Құрманғазының «Бұқтым-бұқтым» күйінің қағыс­тары, домбыра шанағының бетін сұқ саусақпен ұрғылап, ұрмалы аспапқа имитация жасайды. Ал енді оркестр, ансамбльдерді, әсіресе этно-фольк-фьюжн-эстра­да­лық топтарды ұрмалы аспап­тарсыз елестету мүмкін емес.

Мәдениет және ақпарат ми­нистр­лігі мен Астана қала­сы әкімдігі ұрмалы аспаптар орталығын ашып, Ахмет Жұбанов, Болат Сары­баев сынды асыл ағалардың арманын орындағанын көріп, мар­қайып қалдым. Орталыққа барып, қа­зақ­тың тек ұрмалы аспап­тары­ның саны жиырма үштен аса­тынын, олардың дыбыс­тарын естіген жан кең дүниеге сыймай, рухтанатынын байқадым. Қазақ­тың көне аспаптарын насихат­тау ісіне ниеттес, мақсаттас, армандас жас жігіттердің тас түйін болып біріккені, қазақ музыкалық аспаптарын қалпына келтіріп, жаңғыртып жатқандары – шын мәнінде ерлік!

Болат Сарыбаевтың «Қазақ­тың музыкалық аспаптары» атты еңбегінде ұрмалы аспаптар саны оннан ғана асатын. Азамат Бақия бастаған жігіттер ұрмалы аспаптардың саны бүгінде жиырма үшке жетіп отырғанын айтады. Жігіттердің айтуынша, бұл жай жорамал емес, ғылыми негізде дәйек­телген деректер. Олай болса қазақтың ұрмалы аспаптарына көз жүгіртіп, санап көрсек.

1. Дабыл, 2. Даңғыра, 3. Кеп­шік, 4. Қос дүңкілдек, 5. Қол дабыл, 6. Шыңдабыл, 7. Дудыма, 8. Қоңырау, 9. Тұяқ, 10. Шың, 11. Зырылдауық, 12. Шашақты асатаяқ, 13. Нар дауылпаз,14. Жорық дабыл, 15. Аттаныс дабыл, 16. Сақпан, 17. Асатаяқ, 18. Шартылдақ, 19. Сылдырмақ, 20. Тоқылдақ, 21. Дауылпаз, 22. Дүңгіршік, 23. Күлдіреуік.

Міне, мұншама аспап ұлттың нағыз байлығы, нағыз қазынасы емес пе? Қазақтан басқа қандай ұлт дәл осындай көп санды ұрмалы аспаптарымен мақтана алады? Ендігі басты мақсатымыз – бұл аспаптарды тез арада қолданысқа енгізу болуға тиіс. Әйтпесе, ұлттық құндылық саналатын аспаптар музейден орын алып, «өлі жәдігер­ге» айналып, шаң басып қалары күмәнсіз.

Музыка әлемінен халқымыз­дың ұрмалы аспаптары өзіндік орын алмай жатқаны бөлек мә­се­ле. Қазақ жастарының бұл ас­паптарға қызығушылығы аз емес. Десек те, аспаптардың же­тіспеушілігі, ұстаздардың бол­мауы,­ музыкалық оқу орындарында ол аспаптар арнайы маман­дық ретінде оқытылмауы сияқты күрмеуі шешілетін, бірақ арнайы назар аударуды қажет ететін жайттар аз емес.

Осы орайда жоғарыда кел­тіріл­ген дәйекті дәлелдер негі­зінде музыкалық білімнің қара­шаңырағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында, Күләш Байсейітова атын­дағы Қазақ ұлттық өнер уни­вер­ситетінде  «Дәстүрлі му­зыка­лық өнер» факультетінен «Қазақ ұрмалы аспаптары» кафедрасы ашылса деген ұсыныс бар. Білім алушыларды ұрмалы және үр­ме­лі аспаптар мамандығына баулып, оркестрде ұлттың өз ұр­малы аспаптарын жарқыратып көр­сететіндей кәсіби мамандар даяр­ласақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ата-бабадан қалған мәдени мұраны заман талабына сай жаңғыртып, әлемге насихаттау қажет» деп үнемі айтады. Президенттің ұлттық мұраны заман талабына сай жаңғырту туралы осы ойын біз сөз етіп отырған «Қазақ ұрмалы аспаптары» кафедрасын ашу арқылы жүзеге асыруға болады. Өйткені ол кафедрада оқыған өнерлі жастар, болашақта музыкалық топтар құрып, әлемге қазақтың ұлттық музыкасын, оның ішінде ұрмалы аспаптарын насихаттап, таратары сөзсіз. Сондықтан да ұлттың рухын жаңғырту мақсатындағы кішкене ғана өтінішімізді барша қазақ жұрты мен министрлік қолдайтынына кәміл сенеміз.  

 

Төлепберлен Тоқжанов,

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры