Кітаппен тыныстайтын қала
Заман көшіндегі біздің қоғам да кітап пен технологияның арасындағы диалогке куәгер болды. Алайда бұл екеуінің арасындағы диалог – мәдени эволюцияның заңды жалғасы. Бірі – тамыр, бірі – қан, бірі – естелік, бірі – қозғалыс. Бізді өзге мемлекеттерде өтетін кітапқа қатысты ауқымды шаралар қызықтырып, елеңдетіп келгені рас. Мұндай елеңдеудің астарында ұлтымыздың мәдениетін, әдебиетін, үнін, өмірге деген құштарлығын басқаларға жеткізсек деген асқақ арман жатқаны анық. Немістің, сосын күллі әлемнің ойшылы Гете бір сөзінде «мәдениет – адамды табиғи күйден адамдық биікке көтеретін баспалдақ», депті. Ал бұл пәтуаға біз өз тарапымыздан ештеңе қоса алмаспыз, бірақ мәдениеттің халық пен мемлекеттің рухани паспорты екенін қайыра еске саламыз.
Жақында Германияның Франкфурт қаласында өткен «Frankfurter Buchmesse 2025» халықаралық кітап жәрмеңкесінде Қазақстан ұлттық стендін ашып, отандық баспалардың жаңа туындыларын әлем жұртшылығына, әр елден келген баспагерлерге, оқырмандарға таныстырды.
Биыл 77-рет ұйымдастырылып отырған әйгілі Франкфурт кітап жәрмеңкесінің құрметті қонағы – Филиппин мемлекеті. Көрменің басты мақсаты – кітап саудасын халықаралық деңгейде ілгерілету, баспа нарығын дамыту әрі қаламгерлер мен баспагерлердің өзара байланысын күшейту. Көрмеге әлемнің 131 елінен 238 000 кітапсүйер қауым қатысып, 4 350 баспа өз өнімін жұртшылыққа ұсынып, 7 800 медиа өкілдері жұмыс істегені белгілі.
Көрме жоғары деңгейде ашылды. Қонақ мемлекет Филиппин бүкіл әлемге өз мәдениетін өзгеше деңгейде көрсетуге талпынғаны анық байқалды. Музыкалық өнерін де, поэзиялық дәстүрін де қысқа ғана уақытқа сыйдырып, шараға қатысқан әлемдік аудиторияға ұсынып үлгерді. Бізді тебіренткені, үш буын поэзия өкілінің жұрт алдына шығып асқақтап, жыр оқығаны. Әсем әуен, астарлы жыр мен ерекше ырғақтың аясында отырған бізге сол сәт әлемді поэзия ұстап тұрғандай сезілді. Кенет жұрт алдына Филиппин делегациясын бастап келген сенатор Лорен Легарда шықты. Шықты да аралдар мемлекетінің ақ сәлемін айтып, ағылшынша ойқастап сөйледі. Ол сөзінде елінің мәдени кеңістігінің дамуы, өзге жұрттарға насихатталуы мен көзқарасы, қалам ұстаған қауымның осы саладағы ұшан-теңіз еңбегінің жемісі әлемдік аренаға шығаруға сеп болғанын атап өтті. Сол сәт қасымда отырған қазақстандық делегаттардың жанарына үңілдім. Бәрінің көзінде «шіркін, біздің еліміз де осындай жаһандық көрмеде қонақ мемлекет болып, өз мәдениетімізді басқаларға көрсетер күн туса» деген асқақ та аяулы арман тұрды.
Көрмедегі Қазақстан жолы
Әлемнің түкпір-түкпірінен келген баспагерлер мен әр тілде жазатын қаламгерлер бас қосқан ірі мәдени іс-шараға Қазақстаннан 30-дан астам делегация қатысты. Олардың қатарында еліміздің жетекші баспалары – «Мектеп», «Атамұра», «Алматыкітап», «Arman-PV», «Steppe & World Publishing», «Эверо», «Kazformoms», «АmalBooks» және басқа да отандық баспа өкілдері бар. Қазақстан стендіне келген шетелдік қонақтар еліміздің әдеби әлемімен, заманауи баспа ісінің дамуымен және ұлттық мәдениетпен кеңінен танысты.
Қазақстандық стенд Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып, халықаралық деңгейдегі баспалармен әріптестік байланыстарды дамытуға жол ашты. Көрмеге 350-ге жуық отандық кітап қойылып, көркем әдебиет, ғылыми және балаларға арналған жаңа басылымдар таныстырылды. Көрме аясында бірқатар маңызды тұсаукесер өткізілді. Атап айтқанда, неміс жазушысы Anja Tuckermann қатысқан, жеті тілге аударылған «Абайдың қара сөздері. Ұрпаққа Ұлағат» кітабының таныстырылымы үлкен қызығушылық тудырды. Сонымен қатар «Атамұра» баспасының «Қазақстан – қызғалдақтар отаны», «Almatykitap» баспасынан жарық көрген «Менің Қазақстаным» сериясындағы «Ұлы тұлғаларға» арналған «Шоқан. Шығыстың жарық жұлдызы», академик, ғалым Оразалы Сәбденнің «Түркі, Әлем өркениеті, Қазақстан және болашақ», «Мектеп» баспасынан шыққан «Симантика. Ою-өрнектер» (үш тілде), «Arman-PV» баспасының «Көшпелілер ойындары /Nomad Games/ Игры кочевников», атты кітаптар таныстырылды. Ал қазақ әдебиетінің классикасы саналатын Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романының таныстырылымы ерекше форматта өтті. Сондай-ақ менің «Америка ашқан қазақтар» атты жаңа кітабымның таныстырылымында германиялық журналист және аудармашы Artur Weigandt модератор болып, аталған шараға аса қызығушылықпен қатысты. «АmalBooks» баспасының директоры Бақытжан Бұқарбай өзі аударып шығарған Марк Аврелийдің «Өзіммен әңгіме» атты кітабын таныстырды.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет: «Өнерде, ғылымда, әдебиетте шекара болмайды. Қазіргі ақпараттық дәуірде өнер туындысының таралым аясы тіпті кеңейіп кеткен. Кітап өнер туындысы ретінде елдің мәдениетін, ұлттық ерекшелігін, салт-дәстүрін, тарихы мен танымын, білімі мен тәжірибесін кеңінен насихаттайды. Кітап ісі саласында әлемдегі ең беделді халықаралық Франкфурт кітап көрмесінің негізгі миссиясы да сол. Әлемнің кіл мықты баспалары өз өнімдерін ұсыну арқылы ұлттық мәдениетті таратады. Осындай көрмелер арқылы туындысының авторлық құқығын сатқан қаламгерлер жер шарының түкпір-түкпірінен өз оқырмандарын тауып, танымал әдеби сыйлықтар алады. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұлттық стенд құрудағы қол жеткізгісі келген негізгі мақсаты да осындай. Сондай-ақ бұл іс-шара отандық баспалардың көкжиегін кеңейтуге, өзге елдердің озық үлгілерін игеруге зор мүмкіндік болды».
Ұлттық кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов: «Биыл біз үшін аталған кітап көрмесі өте мағыналы өтті. Себебі Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстан стендін құрып, елімізде жарық көрген кітаптарды өзге елдің оқырмандарына таныстыруға мүмкіндік алдық. Әлем қалай құбылып бара жатса да, қазір кітап оқитын, сонымен тыныстайтын оқырманның саны азайған жоқ. Бұл жағдай бізге күш береді, шабыттандырады. Біз өткен жылы ғана осы көрмеге еліміздің атынан қатыстық. Сонда Қазақстан стендін үлкейтіп ашып, басқаларға өзіміздің мәдениетіміз бен әдебиетімізді толығырақ таныстырсақ деп ойлаушы едік. Биыл сол арманымыз орындалып, көрмеге қатысып, жақсы нәтижемен оралдық. Осы реткі стендіміздің көлемі де, дизайні де өзгеше әрі үлкен болды, киіз үйдің бейнесі мен ұлттық нақыш үйлесім тауып, көрер көзге айрықша сән берді. Көрме барысында өзге елдердің баспагерлері, қаламгерлері біздің стендке келіп, танысып, өз ойларын ортаға салды. Шыны керек, көрмеде біздің делегация белсенділік танытты. Бір жағынан ұлттық киім киіп, мәдениетімізді дәріптесе, екіншіден бірнеше кітаптың таныстырылымын көрсетіп, кітапсүйер қауымның жақсы бағасын алды. Бір қуанарлығы, таныстырылым негізінен ағылшын тілінде өтті, айналадағы жұртшылық Қазақстан стендіне келуден жалықпады. Сол үшін Франкфурт халықаралық кітап көрмесінде біз табысты жұмыс істедік деп айта аламын».
Көрменің алғашқы күні Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы Таубалды Үмбетбаев Ұлттық стендке арнайы келіп, қазақстандық делегациямен кездесті. Бас консул жәрмеңкеге қатысушы шығармашылық зиялы қауым өкілдеріне сәттілік тілеп, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің халықаралық деңгейде насихатталуына тілектестігін білдірді. Бұл еліміз азаматтарының қашанда ынтымақтастықпен жұмыс істеп, ұлт мәдениетін насихаттауға дайын екендіктерін білдіреді. Көрмедегі еліміз стендіндегі іс-шаралардың белсенді жұмыс істеуі Франкфуртқа арнайы барған әр Қазақстан делегатының жауапкершілігін сезінгенінің нәтижесі.
«Steppe&World» баспасының директоры Раиса Сайран Қадыр: «Франкфуртқа келген сайын ерекше бір сезім баурайды. Бұл қалада кітаптар тірі сияқты, тыныстап тұрғандай әсер қалдырады. Қайда қарасаң да баспагерлер, жазушылар, иллюстраторлар, агенттер, студенттер мен оқырмандар көрінеді. Олардың бәрін біріктіретін бір ғана күш бар, ол – сөздің күші. 77-ші Frankfurter Buchmesse биыл да дәл осындай рухта өтті, ол әлем әдебиетінің жүрек соғысы секілді сезілді. Бұл кітап жәрмеңкесімен алғаш танысқаныма жиырма жылға жуық уақыт өтті. Ал кәсіби баспагер ретінде соңғы сегіз жыл бойы үзбей қатысып келемін. Әр сапар сайын осы үлкен әдеби әлемнің ортасында жүріп, бір ғана ой жиі мазалайтын. Мен өз елімнің ұлттық стенді осы алаңда тұрса екен деп армандайтынмын. Сол арман өткен жылдан бастап шындыққа айналды. Биыл да Франкфурттың кең павильондарының бірінде «Kazakhstan» деген жазуы бар көк түсті үлкен стенд алыстан жарқырап тұрды. Көк туымыздың түсі таныс, жылы және мақтаныш сезімін тудырды. Жанынан өткен сайын жүрегім қуанышқа толды. Сол сәтте түсіндім, бұл тек елдің стенді емес, бұл – тіліміздің, әдебиетіміздің, мәдениетіміздің көрінісі. Бұл – қаншама жазушы, аудармашы, редактор және суретші еңбегінің нәтижесі. Ұлттық киім киіп жүрген әріптестерімізді көргенде ерекше бір мақтаныш сезімі пайда болды. Бұл жерде ұлттық киім жай ғана сән емес, ол мәдени символ, біздің кім екенімізді және қайдан келгенімізді бейнелейтін нышан. Әлемдік деңгейдегі баспагерлер мен агенттердің арасында қазақтың өрнектелген бешпеті мен оюлы белдемшесін көргенде, жүрек ерекше елжірейді. Биыл жәрмеңкеге Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері де қатысты. Оларды көріп қуандым. Бұл үлкен тәжірибе, әлемдік кітап индустриясының қалай жұмыс істейтінін және қандай жаңа үрдістер бар екенін өз көзімен көру мүмкіндігі. Осы көрме арқылы олар елімізде баспа ісін дамыту, авторлық құқықты қорғау, кітап экспорты мен халықаралық ынтымақтастық бағытында қандай нақты қадам жасау керектігін тереңірек түсінген болар деп үміттенемін. Франкфурт кітап жәрмеңкесінде қазақтың көк туы көтеріліп, ұлттық стендтің бой көрсетуі – ұлт рухының көрінісі. Мұндай үлкен жетістік кездейсоқ емес. Көптеген адамның еңбегі мен сенімінің нәтижесі. Осы жолда ерекше еңбегі үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа шын жүректен алғыс білдіремін. Ел Президентінің мәдениет пен әдебиетке, кітап ісіне деген қамқорлығы мен қолдауы Қазақстанның халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға ықпал етті. Кітаптың және мәдени саясаттың маңызын терең түсініп, еліміздің рухани келбетін қалыптастыру жолында жүйелі еңбек етіп келе жатқан Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаева ханымға ризашылығым ерекше. Ол кісінің мәдени бастамаларға деген ықыласы мен табандылығы кітап индустриясына жаңа серпін беріп отыр.

Қазақстанның жұмсақ күші оның креативті үнінде. Ал сол үннің іргетасы әдебиет. Әдебиет ұлттың рухани тамыры мен ойлау мәдениетін қалыптастыратын, елдің әлемге ашылар айнасы болып саналатын ең терең сала. Біздің төл әдебиетіміз ерекше көркем, бейнелі және терең мәнге ие. Онда қазақтың болмысы, табиғатпен үндес өмірі, сөзге деген құрметі мен ойлау кеңдігі көрініс табады. Бұл әдебиеттің ерекшелігі оның табиғи тазалығында және адам жанын тереңнен қозғайтын шынайылығында. Бүгінгі міндетіміз осы байлықты әлемге таныту, қазақ сөзінің әуезін, оның рухани қуатын және көркемдік өрісін баршаға естірту».
Бізге де мүмкіндіктер бар екен...
Аталған көрмеден қайтып келе жатып ұзақ ойға баттым. Әлемдегі геосаяси қақтығыстар өршіп тұрған мынадай заманда да кітап үшін алыстан ат арытып келіп, әлемді ортақ дамуға, бірге жұмыс істеуге ниет білдірген 100-ден астам елдің баспа саласының мамандарына сүйінбеске шара жоқ. Олардың көкейіндегі әртүрлі көзқарастар мен тың ойлар, болашақ жоспарлар бір сәт Франкфурт аспанында, Майн жағасында қалықтап тұрды. Олар үшін сөзден асқан мықты қару жоқ.
Сонымен осы сапарда бір қаланың кітаппен тыныстап, кітаппен дем алғанын көзімізбен көрдік. Көрменің соңғы күндері қала тұрғындары әр павильонды аралап, ұнатқан кітаптарын сатып алып жатты. Тіпті көз алдымызда чемоданын сүйреп келіп, лық толы кітап тиеп әкеткен зейнеткерлерді де көрдік. Әр жылы осы көрме өтетін кезде бүкіл қала қарбаласқа түсіп, қонақүй біткен келушілерге лық толады екен. Бұл кітаптың күші емей немене? Сол келушілер апта бойы қалаға қаншама кіріс кіргізетінін ойласаң, тағы да қызығасың. Ал көрме ғимаратының бір қабатында бүкіл әлемдегі алпауыт баспалар мен авторлар бір-бірімен авторлық құқық туралы келісімге келіп, абыр-сабыр болып жатыр. Біз бір сәтке болса да мұндай тарихи сәтті сырттан бақылап, қызықтап тұрдық. Міне, бұл мәдениет арқылы экономикаға серпіліс берудің бір түрі.
Қалай десек те, осындай керемет сәттерден кейін қиялға ерік бермей тұра алмайды екенсіз. Шіркін, біздің еліміз де осындай әлемдік көрменің қонақ мемлекеті болып, саф мәдениетіміз бен әдебиетімізді жұртқа таныстырсақ деген ойға қалдық. Анау сахнада шаршы әлемді аузына қаратқан Димашымыз ән салса, Құрманғазы оркестрі күмбірлетіп күй шертсе қалай болар еді? Бірден айтайын, бүкіл Франкфурт сілкініп, тербеліп кетер еді. Содан кейін дәстүрлі әншінің бірі қадау-қадау ғасырлардан жеткен қазақ әуенін тамылжытса! Сонымен бірге осы аудитория арқылы біз еліміздің әдеби әлеуетін де әлемге таныта алар едік. Франкфурт халықаралық кітап көрмесінің қонақ болуға бәсекелестікте бәсі биік. Естуімізше, 2028 жыл ғана бос тұр екен. Оған дейін үлкен баспалармен өнімді жұмыс істеп, әдебиетіміздегі таңдаулы шығармаларды аударуға да кірісуге уақыт жетер еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Озық ұлт болудың төте жолы – кітап оқу» дегенін орнықты түрде жүзеге асырсақ, біздің де мәдениетіміз әлем жұртшылығын аузына қарататын күн туары сөзсіз.
АСТАНА – МАЙНДАҒЫ ФРАНКФУРТ – АСТАНА