Суретті түсірген – Жұмабай МҰСАБЕКОВ
С.Алтынбайұлы 1967 жылы Бақанас орта мектебін бітіріп, еңбек жолын «Бақанас» асыл тұқымды қой кеңшарында аға шопан болып бастайды. Кейін Дегерес өңірінде де еңбек етті. Екі жылдан соң Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына түсіп, студент атанады. Дипломдық жұмысын «Дегерес», «Еділбай» қой тұқымдарының өнімді қасиеттерін зерттеуге арнап, оны табысты қорғайды. 1974 жылы жоғары оқу орнын тәмамдаған соң туған жеріне оралып, «Бақанас» кеңшарына қарасты Құланбасы ауылындағы №1 фермаға зоотехник болып орналасады.
Студент кезінде Панфилов пен Қошмамбет ауылдарында құрылыс жасақтарында еңбек етіп, тұрғын үйлер салуға атсалысқан. Торғай даласында механикалық жасақ құрамында жүріп, комбайн жүргізуді де меңгереді. Кеңестік дәуір талабына сай, қызметтік өсу үшін партияға өту маңызды. Іскерлігі мен жауапкершілігін байқаған партия ұйымы оны кеңшар комсомол комитетінің хатшысы етіп тағайындайды. Бұл қызметте жүріп ауыл көлемінде мәдени, спорттық шараларды ұйымдастырып, мерекелердің мазмұнды өтуіне ықпал етті.
– Әкем Алтынбай Сәтбаев 1900 жылы осы өңірдегі Ұрпақбай қонысында дүниеге келген. Социализм дәуірінің талай кезеңін бастан өткеріп, 84 жасқа келіп өмірден озған. Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, ел игілігі жолында аянбай еңбек еткен жан. 1942 жылы Отан қорғауға аттанып, Волхов майданында шайқасады. Кейін Ленинград қорғанысына қатысып, соғысты Берлинде жеңіс сәтімен аяқтайды. Елге аман оралған соң, ауыр соғыстың зардабынан еңсесі түскен ауылды қайта түлетуге күш салады. Ақкүшік Асановпен бірге Шелек өңірін аралап, елге оралмаған ауылдастарын жинап, Бақбақты ауылының қайтадан көркеюіне себепші болды, – дейді қазыналы қария.
Сол ауылдағы саябаққа Жеңістің 80 жылдығына орай Алтынбай Сәтбаевтың есімі берілді. Бұл бастама көпшіліктің қолдауына ие болып, бүгінде «Алтынбай Сәтбаев саябағы» ауыл тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналған.
Жас маман ретінде аудандық партия комитетінің, шаруашылық басшыларының назарынан тыс қалмады. Оның іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті мен ұжым арасындағы беделі жоғары бағаланады. Нәтижесінде, аудандық партия комитетінің шешімімен асыл тұқымды қой шаруашылығының негізгі орталығы саналатын Құланбасы ауылындағы №1 фермаға меңгеруші болып тағайындалады.
Бір айта кетерлігі, «Бақанас» қой кеңшары аудан көлеміндегі асыл тұқымды мал өсіруге маманданған бірегей шаруашылық болған. Республикалық деңгейдегі зауыттар тресіне қарайтын, Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының ғалымдары тұрақты түрде ғылыми бақылау жасап, зерттеу жүргізіп отырған нысанның бірі. Мұнда өсірілген «Дегерес» тұқымды қойлар Грузия, Моңғолия, өзге де елдерге экспортталып, шетелдік шаруашылықтардың дамуына үлес қосты. Мәскеудегі ауыл шаруашылығы көрмесінде бұл тұқым жыл сайын алтын медаль алып, кеңес одағы деңгейінде танылды. Осының барлығын-да Сапарғали ақсақалдың үлесі бар.
1965 жыл Балқаш өңірінде жаңа кезең басталған уақыт болды. Сол жылы орталық партия комитетінің шешімімен Ақдала массивін игеру ісі қолға алынып, аудан аумағында он жаңа күріш шаруашылығын құру міндеті қойылды. Осы мақсатта Бақанас кеңшарының Іле өзені бойындағы шұрайлы жайылымдары мен шабындық жерлері, сондай-ақ құдықтары жаңа күріш совхоздарының еншісіне берілді. Нәтижесінде, Бақанас кеңшарының тынысы тарылып, Құланбасы жотасы мен Жуанқұм өңірінің оңтүстік-шығыс бөлігіне қарай ығысуға тура келді. Бұрын жазғы жайлау мен қысқы қыстаудың арасы алыс болса, енді небәрі он шақырым шамасында ғана қалды.
– Жайылым мен шабындықтың тарылуы мал азығын дайындауда қиындық туғызды. Мамыр айы туа салысымен ұжым Құланбасы мен Малайсары жоталарының раң шөбін шауып, қысқа қажетті мал азығын жинауға кірісетін. Жетпей қалған шөпті көршілес күріш шаруашылықтарының аумағынан дайындауға тура келді. 3 600 гектар алқапқа арпа егілді. Фермадағы 26 мың қой қысы-жазы суды автоцистернамен тасып ішуге мәжбүр болды. Бұл бүкіл шаруашылықтың негізгі ауыртпалығы еді, өйткені жалпы өнімнің 70%-ы осы фермадан өндірілетін. Осындай қиын, шешімі күрделі жағдайда ұжымды басқару үлкен жауапкершілік болатын. Қойды қолдан ұрықтандыру, төл алу, жертөлелер тұрғызу, қырқу мен қозы бөлу сынды науқандық жұмыстардың бәрі ферма меңгерушісінің иығына артылды, – дейді қария сол заманды еске түсіріп.

Фермада қой қырқу, қозы алу, бордақылау, етке өткізу жоспарлары артығымен орындалады. «Дегерес» асыл тұқымды қойларының сапасы бүкілодақ деңгейінде танылып, нәтижесінде, Сапарғали Алтынбайұлына «Кеңестік социалистік ауыл шаруашылығының үздігі» атағы беріледі.
– Мен де Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының зооинженер факультетін тәмамдап, еңбек жолымды 1979 жылы осы фермада бастадым. Он екі комсомол жастан құралған «Арай» жастар қой бордақылау кешенінің жетекшісі болып, 4 мың ісек қойды бордақылап, көктемде әрқайсысынан орта есеппен 51 келіден ет өткіздік. Сол кезең менің нағыз өмір мектебім болды. Алғашында кіші зоотехник, кейін аға зоотехник ретінде Сапекеңнің тікелей басшылығымен үш жыл еңбек етіп, тәжірибе мен тəрбие тұрғысынан көп тәлім алдым, – дейді қоғам қайраткері Тынышбай Досымбеков.
1987 жылы аудандық партия комитетінің шешімімен «Қарой» кеңшарының бас зоотехнигі болып тағайындалады. Бұл кеңшар Іле өзенінің бойындағы, «Санта-Гертруда», қазақтың ақбас, қалмақ тұқымды ірі қарасын өсіретін, сонымен қатар қой шаруашылығымен де айналысатын іргелі ұжым еді. Бас зоотехник қызметін атқара жүріп, еңбеккерлердің зор сеніміне ие болады. Кеңшар жұмысшылары оны бірауыздан шаруашылық ұжымының төрағасы етіп сайлайды. Мұнда да өзіне тән іскерлік пен адамгершілік қасиеттерінің арқасында ұжым абыройын асқақтатты.
1990 жылы «Бақбақты» кеңшарына бас зоотехник болып ауысып, ірі қара малын бордақылау кешенін іске қосып, мемлекетке сапалы ет жеткізу ісін жолға қойды. Осы жылдары кеңшар экономикасы айтарлықтай өрлеп, табысы еселеп артты. Сапарғали Алтынбайұлы қай жерде еңбек етсе де, ұжымды ұйыстырып, елдің сеніміне кіріп, жұрттың үмітін ақтай білді.
Бүгінде жары Ділдаш Кездікбайқызы екеуі бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Ерлі-зайыптылар үш ұл мен екі қыз тәрбиелеп өсіріп, барлығының бойына ұлағат пен ізеттің дәнін септі. Ұл-қыздары жоғары білім алып, ел дамуына өз салаларында сүбелі үлес қосып келеді. Немерелерін де атаның ақ жолына, еңбек пен адалдыққа баулып отыр.
Зейнет жасына жеткенімен белсенді өмір салтынан қол үзген жоқ. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, жеке қожалық құрып, жылқы шаруашылығын өркенде-тіп келеді. Атбегілік өнерін шебер меңгерген Сапарғали Алтынбайұлының сәйгүліктері талай аламан бәйгелерде топ жарып жүр.
Жетісу облысы