Аймақтар • Бүгін, 07:53

Ескі көліктен жасалған аялдама

130 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау қаласына таяу орналасқан «Геолог» шағын ауданында «Құтқарушы» аталатын аялдама бар. Ерекшелігі сол, аялдама ескі өрт сөндіру көлігінен жасалған.

Ескі көліктен жасалған аялдама

Облыстық төтенше жағдайлар депар­та­мен­тінің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобынан хабар­лағандай, атаулы аялдама №14 өрт сөндіру бөлімі­не таяу орналасқан. Ал аялдаманы жабдықтау үшін 1988 жылы арнайы мақсаттағы қолданыстан шығарылған өрт сөндіру автокөлігі пайдаланыл­ған.

«Бұл жобаны іске асыруға Атырау қала­сын­­дағы №14 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушы­лары бастамашы болды. Ескі көлік бір айда қайта өңделіп, аялдама ретінде құрастырылды», деп хабардар етті департамент­тің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникация­лар тобынан.

Ерекше аялдама алыстан қарағанда, өрт сөндіру көлігі тұрғандай әсер береді. Аялдаманың атауы – «Құтқарушы». Бұл жазудың үстіңгі бөлігіне 112 нөмірі жазылған. Өрт сөндіру қызметі ­туралы ақпарат берілген.

«Бұл, біріншіден, ескі көлікті қайта пайдалану арқылы экологиялық мәдениет пен сана қа­лыптастыру, екіншіден, төтенше жағдай кезінде ерге тән ерекше әрекет­пен жұмыс істейтін өрт сөндірушілер еңбегін ­насихаттау. Қоғамдық көлікті күтуге ыңғайлы, әрі күннің ыстығы мен желден қорғайды. Бала­лар мен жас­өспірімдерге қауіпсіздік техникасы мен құтқарушылар қыз­меті туралы ой салып, қы­зығушылығын тудырады», деді департамент өкілі.

Тұрғындар бұл аялдаманы фото-видеоға түсі­ріп, әлеуметтік желіге жүк­теп жатыр. Тіпті балаларын аял­даманың жанын­да суретке түсіретіндер ­де көбейді.

 

Атырау облысы