Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті мен Maqsut Narikbayev University өткізген бұл сайысқа бірнеше жоғары оқу орнының студенттері қатысты. Олар құқық саласындағы түрлі тапсырманы орындап, заң тұрғысынан талдау жасады. Әсіресе шығармашылық кезең ерекше тартысты өтті. Бұл кезеңде студенттер заң тақырыптарын заманауи әлеуметтік жағдайлармен байланыстыра отырып, ұтқыр жауап беруге тырысты. Байқау барысында қазақ және орыс тілінде берілген заң баптары өзара салыстырылып, сәйкессіздіктер анықталды, сондай-ақ командалар тарапынан ұсыныстар айтылды. Осылайша, студенттер заңның халыққа қызмет етуі үшін оның мәтіні дұрыс әрі түсінікті болуына тағы бір мәрте көз жеткізді.
«Бұл байқау үлкен тәжірибе алаңы болды. Теориялық білімімізді нақты заң нормалары арқылы талдап, оны көпшілікке ұғынықты етіп жеткізуге тырыстық. Әсіресе аударылған заң мәтіндерін түпнұсқамен салыстыру барысында бір сөздің өзі үлкен рөл ойнайтынын, оның мүлдем басқа мағынаға айналып кететінін терең сезіндік. Жұмыс дағдыларымыз артты, өз ойымызды дәлелмен айтуға машықтандық. Мұндай байқаулар болашақта кәсіби тұрғыдан өсуімізге айрықша серпін береді», деді сайысқа қатысушы Ахмет Әділ.
Байқау нәтижесінде 3-орынға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Күлтегін» тобы, 2-орынға академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің «ZaŋOne» тобы ие болса, ал Maqsut Narikbayev University-нің «Кемел заңгер» тобы жеңімпаз атанды.