Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке жолданған депутаттық сауалда интернет алаяқтық пен деректердің заңсыз таралуына қарсы нақты шаралар қабылдау қажеттілігі айтылды.
Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары азаматтардың жеке деректерінің заңсыз жиналуы мен сатылуы, онлайн-алаяқтық пен несие рәсімдеу фактілері жиілеген. Мемлекет қолға алған шараларға қарамастан, интернет қылмыстары азаймай отыр. Тек 2025 жылы елімізде 14 мыңнан астам интернет алаяқтық оқиғасы тіркеліп, залал көлемі 6 млрд теңгеден асқан.
Әбутәліп Мүтәлінің деректеуінше, маусым айында орын алған 16 миллионнан астам қазақстандықтың жеке мәліметтері таралып кеткен оқиға мемлекеттік және квазимемлекеттік жүйелердегі елеулі осалдықтарды көрсетті.
«Қауіп тек мемлекеттік секторда емес, жеке компанияларда да бар. Банктер, телеком-операторлар мен маркетплейстер адалдық бағдарламалары мен қосымшалар арқылы азаматтардың геолокациялық деректерін жинап, осал жағдай туғызуда», деді депутат.
Оның пікірінше, қолданыстағы айыппұл көлемі ірі компаниялар үшін тежеу тетігіне айнала алмай отыр. Сондықтан ол халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, жеке деректердің заңсыз пайдаланылуына салынатын жазаны күшейтуді ұсынды. Мәселен, Еуропалық Одақта айыппұл көлемі компания айналымының 4 пайызына дейін, Қытайда 5 пайызына дейін жетеді.
Сондай-ақ депутат барлық заңнамалық жауапкершілік нормаларын тиімді қолдануды, жеке деректерді заңсыз пайдаланғандарға жазаны халықаралық стандарттарға сай арттыруды, мемлекеттік және квазимемлекеттік ІТ-жүйелерге кешенді аудит жүргізуді, анықталған қауіп-қатерлерді жою жоспарын әзірлеуді талап етті.
«Бұл қадамдар формалды сипатта қалмауы керек. Олар азаматтардың нақты қорғалуына және мемлекеттік жүйелерге сенімді арттыруға бағытталуы тиіс», деді Әбутәліп Мүтәлі.