Ғылым • Бүгін, 16:52

Археологиялық ғылымның даму бағытын талқылады

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Есік мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында «Археология саласындағы халықаралық зерттеулер: тәжірибе, нәтижелері мен басым бағыттары» тақырыбында «Есік оқулары» VI Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп жазады Egemen.kz.

Археологиялық ғылымның даму бағытын талқылады

Халықаралық конференцияға Қазақстан, Қытай, Ұлыбритания, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия және Әзербайжаннан келген археологтар мен музей ісінің мамандары қатысты.

Конференция бірқатар маңызды тарихи оқиғалармен тұспа-тұс келді. Атап айтсақ, биыл Алтын адамның табылғанына 55 жыл, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің құрылғанына 15 жыл, сондай-ақ көрнекті археолог-ғалым Бекмұханбет Нұрмұханбетовтың туғанына 90 жыл толып отыр.

Іс-шара барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Дәкенов елімізде тарихи-мәдени мұраны зерттеу, сақтау және насихаттау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын және бұл бағытта мұндай ғылыми іс-шаралардың маңызы зор екенін атап өтті.

Музей-қорық ашылған күннен бастап музей қызметін көрсетіп қана қоймай, ғылыми-зерттеу орталығы ретінде де белсенді жұмыстар атқаруда. 2017 жылдан бері Шэньси провинциясының Археология институтымен (ҚХР) тығыз әріптестік байланыс орнатылды, нәтижесінде бірқатар бірлескен ғылыми жоба жүзеге асырылды. Атап айтсақ, Қытайдың Солтүстік-Батыс университетінің Жібек жолы археологиясын зерттеу орталығының Қазақстандағы филиалы жұмыс істеп тұр.

Пленарлық отырыстар мен секциялық сессиялар барысында Қазақстандағы археологиялық ескерткіштерді сақтау мен тиімді пайдалану, тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау әдістері, пәнаралық зерттеулер мен музей ісіндегі заманауи міндеттер кеңінен талқыланды. Сондай-ақ конференцияда археология ғылымының дамуына зор үлес қосқан Бекмұханбет Нұрмұханбетовтың ғылыми жолы да сөз етілді.

Бағдарлама аясында «Рахат археологиялық кешені» атты монография мен «Есік» мемлекеттік музей-қорығы жөніндегі алғашқы қытай тіліндегі нұсқаулықтың тұсаукесері өтті. Сонымен қатар, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Талғар (Талхиз) ортағасырлық қалашығының аумағында «Талхиз қазыналары» көшпелі көрмесі ұйымдастырылды.

Конференция қорытындысы бойынша тарихи-мәдени мұраны қорғау мен тиімді пайдалану, археологиялық зерттеулердің теориялық және қолданбалы аспектілерін дамыту, халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағыттарында қабылданған Резолюция жарияланды.