Фото: Ашық дереккөз
#RepublicDay, #Республикакүні хэштегтерімен жарияланған бейнероликтер елдің сан түрлі өңірін, мәдениет пен өнерін, жастардың креативті ойлауын біріктіретін алаңға айналды. Бірі бейнеролик арқылы көк тудың тарихын баяндаса, енді бірі ұлттық киім киіп би билейді, үшіншісі – еліміздің жетістіктерін инфографика түрінде көрсетеді. Оған қоса, мектеп оқушылары мен студенттер түрлі челлендждер ұйымдастырып, өз елін мақтан етудің заманауи үлгісін қалыптастырып келеді.

Соңғы жылдары жастар арасында танымал болған « Менің елім – менің туым!» челленджі әлеуметтік желілерде ерекше қарқын алды. Қатысушылар үйлерінің балкондарына мемлекеттік туды іліп, фото мен видеолар жариялады.

Ал TikTok-та тараған «Мен Қазақстанның азаматымын» флешмобы да кеңінен танылды. Онда жастар ұлттық киіммен елдің басты рәміздерін ұстап, патриоттық әндерге бейне түсіреді. Олардың қаралымы миллионнан асып, бұл челлендж виртуалды кеңістіктегі ең ірі отансүйгіш акциялардың біріне айналып үлгерді. Цифрлық дәуірдегі мұндай жобаларды елге деген сүйіспеншіліктің жаңа форматы десек те болады.
Мәселен, елордада өткен «Республика рухы – жастық жалынында» атты флешмобта 1500-ден астам студент ел рәміздерімен алаңға жиналып, бір мезетте «Атамекен» әнін шырқады. Мереке тек қала орталықтарында емес, шалғайдағы ауылдарда да ерекше атап өтіліп жатыр. Ауыл жастары түсірген бейнероликтерін #МеніңТуым, #RepublicDay2025 хэштегімен бөлісіп, елдік сезімін желіде дәріптеп жүр.

Ал кітапханалар мен мәдениет үйлері жастардың идеясына қолдау көрсетіп, түрлі шығармашылық байқаулар ұйымдастырып отыр. Жас блогерлер мен волонтерлер де бұл үрдістен тыс қалған жоқ. Биылғы мерекенің тағы бір ерекшелігі тәрбиешілер бүлдіршіндерге Ту мен Елтаңбаның мағынасын сурет пен ойын арқылы жеткізіп, балақайлар да челлендждерге өз үлесін қосып отыр. Тіпті кей балабақшаларда балалар өз қолымен ту жасап, әнұран шырқаған бейнелер әлеуметтік желіде таралды.
Осындай бастамалар қоғамда рухты күшейтіп, егемендіктің қадірін ұғынуға жол ашады. Әсіресе TikTok пен Instagram арқылы тараған патриоттық челлендждер бүгінде шекара асып, өзге елдегі қандастардың да қызығушылығын оятып отыр. Бұл Республика күнінің цифрлық дәуірде жаңа тыныс алғанының айқын дәлелі.