
Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Тоқтыбаев өткен жылмен салыстырғанда биыл қоғамдық орындар мен көшелерде жасалатын құқық бұзушылықтар саны азайғанын айтады. Жыл басынан бері жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында білім беру ұйымдарында тоғыз мыңнан аса кездесу өткізіліпті.
«Одан бөлек, «2024 – 2026 жылдарға арналған ұрлықтарға қарсы іс-қимыл» бағдарламасы аясында бірқатар тиісті профилактикалық шаралар ұйымдастырылды. Нәтижесінде, бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысының тіркелуі 50,5 пайызға азайып, ашылуы 9,6 пайызға жақсарды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында мал ұрлығымен айналысқан 5 қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді. Мал ұрлықтарының алдын алу мақсатында департамент тұрақты түрде рейдтік шаралар жүргізіп, белгіленбеген орындарда қараусыз жүрген мал иелеріне 851 әкімшілік шара қолданылды. Ветеринария қызметкерлерімен бірлесе жасаған рейдтерде жалпы 364 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелсе, оның 279-ы мал немесе ет өнімдерін заңсыз тасымалдау деректері болып отыр», дейді департамент бастығының бірінші орынбасары.
Сонымен қатар, 5 000-нан аса алаяқтық белгілері бар сайттар мен сілтемелер анықталып, бұғаттау үшін «Кибернадзор» жүйесіне енгізілді. Есірткі қылмысына қатысты 237 құқық бұзушылық анықталды.