Шаруашылық • Бүгін, 08:38

Жиын-терім жалғасып жатыр

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жетісулық шаруалар тәтті түбірден басқа дақылдарға орақ салды. Биыл 130 мың тонна картоп жиналуға тиіс. Осы күнге дейін қамбаға 240,6 мың гектардан дәнді дақыл түскен. Оның ішінде бидай мен арпа толық аяқталды. Астық жинауға 10,7 мың трактор мен 1 009 комбайн жұмылдырылған.

Жиын-терім жалғасып жатыр

Сурет: kt.kz

Облыстық ауыл шаруа­шы­лығы басқармасы мәліметіне сүйенсек, қазір 3,9 мың гектар жүгері алқабы шабылып, 28 мың тонна дән жиналған. Биыл облыс бо­йынша жүгеріден 308 мың тонна өнім алу жоспарланып отыр.

«Бүгінге дейін жалпы 439,7 мың тонна астық бастырылды. Оның ішінде бидай, арпа, сұлы, жүгері, күріш бар. Орташа түсім гектарына 18,3 центнерді құрап отыр. Жиналған астықтың 260 мың тоннадан астамы мал азығына өткізілсе, 179,4 мың тоннасы қоймаға орналастырылды 12,6 мың гектар алқап немесе 11,8% майлы дақыл өнімі жиналып, гектарынан 17,7 мың тонна өнім алынды», дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұр­дәулет Кененбаев.

Оның айтуынша, 6,3 мың гектарға себілген картоптың 4,9 мың гектары немесе 78,2%-ы жиналып, 104,5 мың тонна өнім алынды. Әр гектардың өнім­ділігі 213,9 центнерден айналды. Көкөніс алқабының 5,6 мың гектары немесе 82,1%-ы жиналып, 169,7 мың тонна өнім алынды. Орташа өнімділік – гектарына 301,6 центнер. Бақша дақылдары толығымен жиналып, 48 мың тоннадан астам өнім алынды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл облыста күзгі дала жұмыстарына 7 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Минерал­ды тыңайтқыштарды қолдану көле­мін 58,8 мың тоннаға жеткізу жос­парлануда. Бүгінде 1 904 шаруа қожалығы тарапынан 50,7 мың тонна немесе 86,3%-ы сатып алынып, пайдаланылған. Көктемгі егіс және жинау жұмыстарын жүргізуге Аграрлық несие корпорациясынан 14,3 млрд теңге бөлінген. Қазір 323 өтінім бойынша 7,4 млрд теңге несие беріліпті. Өтінім қабылдау жұмыстары жалғасып жатыр.

Одан бөлек, шаруалар 130 мың тонна картоп жиналады деп күте­ді. Облыста 6 250 гектар жерге картоп егілді. Соның бүгінге дейін 65,5%-ы жи­налып, 87,5 мың тонна өнім қам­баға құйылды. Картоп жи­науға Ескелді ауданының шаруа­шылықтары да белсене кіріс­кен. Бұл ауданда биыл ауыл шаруа­шылығы дақылдарының жалпы егіс алқабы 53 408 гектар болса, соның 1 116 гектарына картоп себілген.

 

Жетісу облысы