21 Наурыз, 2015

Ел болашағын айқындайтын күн

267 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Орал қаласындағы көп этносты «Омега» прибор құрастыру зауытының ұйымшыл ұжымы жасампаз еңбекке бір кісідей жұмылған. Кеше осында алда өтетін Президенттік сайлауға қолдау көрсету жөніндегі еңбек ұжымының жиыны өткізілді. Оны ашқан кәсіпорынның бас директоры Ерболат Абдолов жұмысшылар мен инженер-техник қызметкерлерді 26 сәуірде өтетін Президент сайлауы күні дауыс беруге белсене қатысуға шақырды. Президент сайлауында әрбір қазақстандықтың өз жүрек қалауларын білдіруінің маңызы зор. Өйткені, бұл күн ел болашағын, оның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ырғақты түрде дамуын айқындай алады. Яғни, он сегізге толған әр жасөспірімнен бастап дауыс беруге құқылы барлық азаматтар тізімде көрсетілген Президенттікке кандидат­тардың біріне дауыстарын беру арқылы өз мемлекетінің кемел келешегіне айқын көз тастай алатын болады, деді ол одан әрі. Ал «Омега» зауытында табаны күректей жиырма бес жыл еңбек етіп құрметті еңбек демалысына шыққан майталмен ардагер Павел Ларшин сайлауға қатысу – отаншылдық пен патриотизмнің көрініс беруі ғана емес, сонымен бірге әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы. Бұдан да гөрі түсінікті тілмен айтқанда, бүгінгі өскелең ұрпақтың болашағы қандай болатындығы жөніндегі қазіргі қазақстандық қоғам мүшелерінің жауапкершілігі деген түйін жасады. Электрмен дәнекерлеуші Аслан Аймағанбетовтің айтуынша, алдымызда тұрған Президент сайлауы елімізге түбегейлі өзгерістер әкелуі тиіс. Ол 26 сәуірде сайлау учаскелеріне бір кісі­дей келіп, өзі лайықты деп санаған канди­датқа дауыс беріп үн қосудың қажет­тілігін осы тұстан таба алатынын жеткізді. Жиын соңында зауыт қызметкерлері барша қазақстандықтарды алдағы 26 сәуірде өткізілетін Қазақстан Республикасы Президентін сайлауда, дауыс беруге шақыратындықтары жөнінде тиісті қарар қабылдады. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». ОРАЛ.