
Фото: Ақорда
Келіссөздерде энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайту маңызды тақырыптың бірі болды. Бұл бағытта екі елдің де әлеуеті мол.
Мемлекеттер басшылары жасанды интеллектінің қарқынды дамып келе жатқанын ескере отырып, ІТ сектор екіжақты қатынастарға мол мүмкіндік ашатынына тоқталған.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бакуде былтырдан бері Қазақстан-Әзербайжан ғылым және білім орталығы қызмет етеді»
Екіжақты күн тәртібінде мәдени-гуманитарлық саладағы ықпалдастық ерекше орын алады.
Сондай-ақ тараптар өңірлік және жаһандық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасқан.
«Біз халықаралық саясаттың барлық өзекті мәселелері бойынша ұстанымдарымыз ұқсас екенін атап өттік. Көпжақты құрылымдар аясындағы жұмысты үйлестірудің маңызына мән берілді. Өңірлік және жаһандық деңгейде бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға ұмтылатынымызды жеткіздік. Баршаңызға белгілі, Президент Ильхам Гейдар оглу Әлиев Президент Трамптың белсенді араағайындығымен Вашингтонда Әзербайжан мен Армения арасында бейбіт декларацияға қол қойып, тарихи миссиясын орындады. Қазақстан мұны ресми түрде құптады. Қол жеткізілген келісімдер Оңтүстік Кавказдағы сенімді нығайтып, жалпыға ортақ өркендеу үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп ойлаймын. Жалпы, сапар қорытындысы бауырлас халықтардың игілігі үшін стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухындағы қазақ-әзербайжан қарым-қатынастарын одан әрі дамытуға қос тарап та дайын екенін айқын көрсетеді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ильхам Әлиев екіжақты байланыстардың жоғары деңгейіне назар аударды
«Халықтарымызды ортақ рухани-мәдени құндылықтарға арқа сүйеген ғасырлардан тамыр тартатын достық пен бауырластық қатынастар байланыстырады. Бұл – біздің мемлекетаралық ынтымақтастығымыздың берік іргетасы. Соңғы үш жылда бір-бірімізге оннан аса сапар ұйымдастырдық. Ықпалдастығымыздың қаншалықты қарқынды екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Әрбір кездесу, әрбір талқылау түпкі нәтижені көздейді. Бүгін біз салалық министрліктердің есебі мен келешек жоспарларын тыңдадық. Жұмыс қорытындысына көңіл толады. Өйткені белгіленген міндеттердің бәрі орындалып жатыр. Мемлекетаралық кеңес аясында қол жеткізілген келісімдер халықтарымыздың игілігіне қызмет етеді», деді Әзербайжан Президенті.