
Өңірлерде түрлі сайыстарға қатысып, бағын сынап, дзюдо, қазақ күресінен халықаралық додаларда қарымын байқатып, әлеуетін танытқан балуандардың белдесуі биыл да тартысты өтті. Көпшілік турнирдің былтырғы жеңімпазы Ерасыл Қажыбаевқа зор сенім артқан еді. Салмағы 150 кг тартатын атан жілік, апайтөс балуан бабына еніп зар күйінде жүрген-ді.
Биыл ақпан айында Әзербайжан астанасы Бакуде дзюдодан өткен Grand Slam турнирінде қола жүлде еншіледі. Мамыр айында Астана қаласында түңлігін түрген Qazaqstan barysy Grand Slam турнирінің финалдық тартысында сүрініп, күміспен күптелді. Былтырғы жеткен биігіне осы жолы да ат байлау мақсатында тынбай тер төкті. Алтын белбеуден үміткерлердің арасында маңғыстаулық «Қара бура» Нұрдәулет Жарылғаповтың да есімі жиі аталды. Белдесу алдындағы салмақ өлшеу рәсімінде Нұрдәулет салмағы 167 кг тартып, ең алып балуан болып танылған еді. Биылғы «Әскер барысы» турнирінде дара шыққан Марат Байқамұров та көптің аузында жүрді.
Түйе балуандардың тартысына қатысушылар арасындағы «шау тартқан» спортшы – Саят Шамшиев. 37 жастағы сақа балуан қазақ күресінен 2010 жылы әлем чемпионы атанды, былтыр «Қазақстан барысы» турнирінде қола белбеуді еншіледі. Саят та биылғы сайыстың алтын белбеуінен үмітті екенін аңғартқан. Үш жыл бұрын «Қазақстан барысы» атанған қызылордалық Мақсат Исағабылов та екі дүркін жеңімпаз атануға барын салатынын айтты. Қатысушылар арасындағы ең жас балуан – жиырмаға енді іліккен ақтөбелік Әмірбек Рахимов та «қой асығы демеңіз, қолыңа жақса сақа тұт» дегенді дәлелдеуге тырысатынын жеткізді. Қазақстан чемпионатында күміс медаль олжалап, «Жас барыс» турнирінде жеңіске жетіп, есім-сойы ел аузына ілінген балуан, алдыңғы буын ағаларымен күрескенде тартынбайтынын аңғартты. Турнирге қатысушылардың арасында салмағы жеңіл тартқан Ерсін Сейітқазынов (91 кг) та Абай облысынан Астанаға бекер келмегенін дәлелдейтінін байқатқан.
Дода басталмас бұрын балуандардың барлығы да Жекпе-жек сарайының төріне төселген кілемге шығып, қыздырынып, сайыстың аурасын сезінді. «Қазақстан барысы» турниріне өңірлерден қатысушы жас таланттар қатары жылдан-жылға артып келеді. Биыл да республикалық сайысқа өңірлердегі іріктеуден өтіп келген балуандардың қарымдылығы аңғарылды. Тіпті күтпеген нәтижелер де тіркелді. Тәжірибелі балуандардың көпшілігі орта жолдан тоқтады.
Жекпе-жек сарайын қиқулап дүбірге бөлеген жанкүйерлердің де, күрес мамандарының да болжауы дәл келді. Жартылай финалдық белдесуде Ерасыл Қажыбаев Нұрдәулет Жарылғаповты жықса, Марат Байқамұров Ерасыл Амангелдіден айласын асырды. Аз-кем үзілістен кейін финалдық жекпе-жек те басталды. Ерасыл бойшаңдығы мен салмағының ауырлығына арқа сүйеп қарсыласын сілелетіп алып жығамын деп жүріп оңбай жаңылысты. Мараттың тобығынан қаққаны сол еді, Байқамұров қарсы әдіс қолданып, оның өзін омақастырды. Марапаттау рәсімінен кейін ой бөліскен балуан бұл жеңіс тынымсыз төккен тердің өтеуіне бұйырған жүлде екенін айтты.
– Барлық белдесу жеңіл соққан жоқ. Себебі әр өңірдегі іріктеуден өтіп, бабында келген балуандардың қай-қайсысы да алтын белбеу мен тайтұяқтан, қомақты сыйақыдан үмітті болды. Финалда Ерасыл Қажыбаевпен жолым түйісті. Қазақ күресінен, дзюдодан ұлттық құраманың мүшесі, бірқатар халықаралық додаларда олжа салған саңлақ. Былтыр осы «Қазақстан барысы» турнирінде топ жарды. Соңғы белдесуде босаңсып қалғандай көрінді. Екеуміз сайыс алдында күш сынасып көріп, есе жіберген едім. Әкемнің арманын орындадым. «Алтын белбеуді тағынып, тайтұяқты қолыңа ұстап тұғырға шығуыңды тілеймін» деп әрдайым қанаттандырды. Бұған дейін екі мәрте қатысып сүріндім. «Ер кезегі үшке дейін» деген, осы жолы бұйырған екен, – деді Марат Байқамұров. 43 балуанның арасынан суырылып финалға дейін жетіп, күміс белбеу алған Ерасыл Қажыбаев көңілі қоңылтақсып тұрғанын жасырмады.
– Абай еліне былтырғы жеңісімді қайталап, алтын белбеу мен тайтұяқты алып қайтуға серт беріп едім. Бұйырмай тұр екен, асығыстықпен әрекет етіп, Мараттың тұзағына түсіп қалдым, – деді турнирдің былтырғы жеңімпазы.
Қола белбеу үшін белдесуде маңғыстаулық «Қара бура» – Нұрдәулет Жарылғапов Ақтөбе облысының үмітін арқалап келген Ерасыл Амангелдіні көп күшін сарқымай жеңді. Биылғы додада белдескен балуандар арасында осы турнирге ең көп қатысқан саңлақ та осы – Нұрдәулет. Сегізінші мәрте сынға түсті. 2022 жылы финалға жетіп, қызылордалық Мақсат Исағабыловқа есе жіберді. 2023 жылы «Әскер барысы» жамбылдық Ғалымжан Қырықбайдан аса алмай, екінші рет күміспен күптелді. Бұл жолы қола белбеуді қанағат тұтты.
Қазақ спортының ардагері, білікті бапкер Марат Жахитов «Қазақстан барысы» турнирі ел ішіндегі түйе балуандардың талабын ұштап, шарболаттай шыңдап жатқанына тоқталды.
– Жыл сайын турнирді арнайы келіп тамашалаймын. Жас балуандардың жігері, жеңіске деген ұмтылысы қуантады. Биыл да жаңа есім жарқырап көрініп, күтпеген нәтиже тіркелетініне сендім. Өйткені түйе балуандардың қай-қайсы да бұл турнирге бойы тыңғылықты әзірленіп, барын салып жаттығады. Ұлттық ойындарымыз, төл спортымыз – қазақ күресіне де мемлекеттің қолдауы артып келеді. Соның бір дәлелі осы турнир, – дейді ардагер бапкер.
«Қазақстан барысы» республикалық турнирінің бас серіктестері – «Самұрық-Қазына» АҚ, «Sport Qory» . Жалпы жүлде қоры – 27 млн теңге. Турнир жеңімпазына – 15 млн теңге, алтын тайтұяқ, күміс белбеу иегеріне 3,3 млн, қола белбеу олжалаған балуанға 1,08 млн теңге сыйақы берілді. Іріктеу сынындағы әрбір жеңісіне балуандар 100 мың теңгеден сыйақы алды. Алтын, күміс, қола белбеу иегері атанған балуандардың жеке бапкерлері де сыйақы алды.