21 Наурыз, 2015

Басты ұстаным – демократиялық қағидалар

407 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше «Пекин Палас» қонақ үйінде «Президент сайлауы-2015: ел дамуындағы жаңа кезең» тақырыбында саясаттанушылардың ІІ Астана форумы өтті. Іс-шараны «Қазақстан сая­сат­тану­шыларының конгресі» респуб­ликалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Іс-шараға Қазақстан бойынша 120-дан астам делегат қатысты. Форумға қаты­су­шылар алдында Прези­дент Әкімшілігі Басшысы­ның орынбасары Бағлан Май­лы­баев кіріспе сөз сөйледі. Ол ел дамуының қазіргі саты­сында сындарлы саяси стра­тегияның, тиімді экономикалық бағыттың қай кездегіден де бетер қажет екенін атап көрсетті. Елбасы ұсынған бес институттық реформа қуатты мемлекет тұжырымдамасымен нақты үйлеседі, «Қазақ­стан-2050» Стра­тегия­сының органикалық бөлігі болып табылады. Н.Назарбаев рефор­маларының жүзеге асуы Қазақстанның жан-жақты дамуына, мемлекеттілікті нығайтуға, әрбір қазақстандықтың әлеумет­тік әл-ауқатын арттыруға бағыттал­ған, деп атап өтті Б.Майлыбаев. Қазақстан халқы Ассам­блеясы Төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков, Сайлауды байқау жөніндегі респуб­ликалық қоғамдық комис­сияның төрағасы Нұрлан Ерімбетов, Парламент Мәжі­лісінің депутаттары Қуаныш Сұлтанов, Серік Сейдуманов және Тұрсынбек Өмірзақов, ғалымдар, сарапшылар, саясаттанушылар спикерлер мен модераторлар ретінде сөз сөйледі. Форумда президенттік сай­лау­дың демократиялық құқықтық мемлекеттің ажырамас факторы ретіндегі маңызы, қазақстандық қоғамды топтастырудағы оның рөлі, сондай-ақ, 2015 жыл­ғы сайлау науқанының ерекше­лік­тері талқыланды. Сарап­шылық қауымдастық 2015 жылғы президенттік сайлауға «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы мен «Нұр­лы Жол» Жаңа Экономи­калық Саясатын жүзеге асы­ру­дағы жаңа серпін ретінде баға берді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».