
Аталған түйткілді жүйелі шешу мақсатында 2029 жылға дейін қала бойынша 24 шағын ауданда 918 шақырымға жуық инженерлік желіні жаңғырту жоспарланған. Бұл жұмыстар ең алдымен тозу деңгейі аса жоғары төменгі аймақтардан бастау алды. Биыл 3а, 3б шағын аудандарында және аурухана қалашығында жылу желілерін қайта жаңарту жұмыстары сәтті аяқталды. Нәтижесінде, апаттық жағдайлардың саны едәуір қысқарып, коммуналдық қызметтердің сапасы айтарлықтай артты.
Маңғыстау облысының әкімі Н.Қилыбай су және жылу жүйелеріндегі ақауларды жою жұмысын басты назарда ұстап отыр. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары, жылыту маусымына дайындық және оны өткізу жөніндегі облыстық жедел штабтың басшысы Ербол Ізбергеновтың төрағалығымен Ақтау қаласындағы нысандарды аралау арқылы жүрмелі жиын өтті. Жиында 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымындағы өзекті мәселелер талқыланып, қала аумағындағы жылу желілерінде анықталған ақауларды жою бойынша атқарылып жатқан шаралар қаралды. Жауапты мекемелерге орын алған ақауларды жедел түрде жою жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.
Бұл бағыттағы кешенді шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.