Еңбек • Бүгін, 09:45

Кәсібіне адал азамат

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміздің орман шаруашылығы саласында еңбек сіңіріп, тер төккен азаматтар аз емес. Соның бірі – орман шаруашылығында табан аудармай 42 жыл еңбек еткен Жанат Демежанов.

Кәсібіне адал азамат

Жанат Қазақ ауыл шаруашылығы институтының орман шаруашылығы факультетін бітірген соң, Темірлік орман шаруашылығы орманшысының көмекшісі болып еңбек жолын бастаған. Мекеменің сол кездегі басшысы Шәріп Мықитанов, бас орманшы Серік Нұрахметов, маман-орманшылар Адабай Жаутаңбаев, Бекболат Дауылбаев, Нарзангүл Уәлиева, Әкбай Жөргенбаев, Рахат Әкімжановтардың ақыл-кеңестерін тыңдап, тәжірибесін игеріп, қоян-қолтық еңбек етті.

Ол кезеңдерде мекемеде жылына 20 мың текше метр ағаш дайындалатын. Тау беткейлеріне, 300 га жерге 1,2 млн дана Тянь-шань көшеттері егілетін. Жанат 1975 жылы мекеменің Қарқара орманшылығына орманшы болып ауысты. Көп ұзамай 1977 жылы орман қорғау инженері болып тағайындалды. Негізгі жұмысынан бөлек, бастауыш комсомол ұйымының хатшысы, кейін кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметін де қатар алып жүрді. Араға жыл салып Кеген, Таушелек орман шаруашылықтары бірі­гіп, Кеген орман шаруашылығы кәсіпорны құрылды. Жанат бас орманшы қызметіне тағайындалды.

Сол жылдары мекеменің қарама­­­ғын­да халық тұтынатын өнімдер шы­ғаратын қосалқы шаруа­шылық жұмыс істейтін. Жұмысшылар жылқы, қой ұстап, бал арасын өсіретін. Оның ішінде жылқыны орманшылардың мініс көлігі ретінде ұстайтын. Ал қойды шаруашылық жұмысшыларын арзан етпен қамтамасыз етуге пайдаланды. Өнім шығаратын цехтарда қарағай дайындайтын алты бригада жұмыс істеді. Онда 30 түрлі өнім, соның ішінде қабырғалары қамыс есік-терезелер, үйге қажет барлық құры­лыс заттары жасалатын.

Әр істің маманы болады. Мысалы, орманшылар көшет екпес бұрын алдымен құнарлы жерді лайықтап дайындап алатын. Сол секілді орманды өрттен қорғау жұмыстары да арнайы әзірлікті, тәжірибені талап етеді. Орман шаруашылығы тау бөктерінде орналасқандықтан, мұнда жаз мезгілінде малшылар, табиғат аясына шығуды жоспарлаған туристер келетін. Сол сәт орманшылар оларға үгіт-насихат жүргізіп, өртті алдын алу шаралары туралы айтатын. Осының бәрі бас орманшының, яғни Жанаттың міндеті.

Ол – 1999 жылы Кеген орман шаруашылығына басшы болып тағайындалды. Мекеменің барлық қаржылық-экономикалық жағдайы, кадр мәселесі соған жүктелді. Бюджет­тен тиетін қаражат жұмыстың бәрін үйлестіруге жетпейді. Сонда Жанат Демежанов облыс орталықтарын, ауылдарды көгалдандыру үшін амалын тауып, тұқымбақтарда түрлі ағаш көшеттерін өсіруді қолға алды. Кесір болғанда, сол кез Жалағаштағы тұқымбақтың су жүйелері істен шыққан болатын. Жанат облыстық әкімдікке, облыстық орман шаруа­шы­лы­ғы басқармасына шығып, 2-3 жыл ішінде 6 млн теңге қаржы бөлдіріп, су жүйелерін жөн­детті. Тұқым бақта сұранысқа аса қажет ағаш түрлерін өсіріп, Қарағанды, Атырау, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстары мен Астана,  Алматы қаласына көшет сату арқылы есепшотқа қаржы түсірді. Бұл ақшаға ең алдымен, қажетті өрт сөндіру техникалары, құрал-сайман, оның ішінде байланыс құралдары сатып алынды. Қалған қаражат орманшы киімдеріне жұмсалды. Көп ұзамай, таулы аймақта жұмыс істейтін орман күзетшілеріне арнап тұрғын үйлер (кордон) салына бастады. Жалпы саны 24 үй тұрғызылды. Одан бөлек, 17 үй жөндеуден өтті. Сөйтіп, 41 орман күзетшісі түгел тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Кейін сол үйлерді жарықтандыру үшін де Жанаттың бастамасымен құрал-жабдықтар сатып алынды.

Осыған қоса, мекеме мамандарын тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 5 үй салуға ықпал етті. Орманшыларға таулы аймақтарда еркін жүретін, жол талғамайтын көліктер пайдалануға берілді. Осындай еңбектің арқасын­да мекеме аумағында өрт тіркел­меді. Мекеме облыстық орман шаруашы­лық­тары арасында алдыңғы орынды иеленді. Сөйткен Жанат Демежанов 2016 жылы зейнетке шықты. Өмірін осы салаға арнаған тәжірибелі маман орман шаруашылығына қатысты бір мәселені үнемі тілге тиек етіп жүреді. Онысы «адамзаттың өсіп-өнуімен, денсаулығымен тікелей байланысты саланы басқа саламен қосуға болмайды» деген оймен үндеседі. Бүгінде Орман кодексін, заңдар мен қаулыларды қайта қа­рау қажеттілігі өзекті. Бір ғана мысал, ормандағы ағашты заңсыз кескен адамға орманшы өзі АКТ толтыра алмайды. Бұл жұмыс ішкі істер қыз­меткерлерінің құзырына беріл­ген. Бұрын орманшының өзі акт жасап, сотқа өткізетін. Орман шаруа­­шылығының құрылымына да өзгеріс­тер енгізу қажет. Оның бар­лығын тізе берсек, айтылар әңгіме көп. Қорытсақ, Жанат өзі еңбек жолында марапаттан кенде қалған емес. Дегенмен сала ардагерінің сөзінше, елімізде қазір орманшылар қауымы ылғи қоғам назарынан, мемлекеттік марапаттардан тыс қала береді.

 

Сабыр ДОСЫМБЕКОВ,

Кеген аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы,

Алматы облысының құрметті азаматы