21 Наурыз, 2015

Қоғамдық байқаудың рөлі туралы сөз

302 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше елордада «ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын қоғамдық байқаудың рөлі: демократиялық концепт» деген тақырыпта семинар-тренинг өтті. Шараның өтуіне Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия (СБРҚК) мұрындық болыпты. Семинар-тренинг сайлауды қоғамдық байқау процесіне әзірлікті пысықтап алу үшін және СБРҚК мүшелері, сондай-ақ өңірлік өкілдері және сайлауды байқаушылар үшін өткізіліп отырғандығын айта кеткен жөн. Оның жұмысына Орталық сайлау комиссиясының, Сыртқы істер министрлігінің, Бас прокуратураның өкілдері мен қоғамдық ұйымдардың мүшелері және сарапшылар қатысты. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлейменова жергілікті жерлердегі сайлау комиссияларымен жұмысқа қатысты ойларымен бөлісті. «Сайлау имиджін қалыптастыруда қоғамдық бірлестіктердің орны ерекше. Еліміздің сайлау заңнамаларын сақтап, сайлау науқанына белсенді араласатын боласыздар», деді Ләззат Жаңылысқызы. ОСК мүшесінің мәліметіне қарағанда, 9,5 миллион адам сайлаушылар тізіміне енгізілетін болады. Бұл орайда 10 мыңдай орталық, аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары тіркелген. Қоғамдық бірлестіктердің байқаушылары барлық сайлау комиссияларымен жұмыс істейтіні белгілі болып отыр. Бұл ретте байқаушының өкілеттілігі жазбаша түрде аты-жөнімен толық жазылып, мөрленген болуы тиіс. Сонымен қатар, оның жеке куәлігі болуы тиістігі де алға тартылды. Шара барысында байқаушылардың сайлау процесіндегі шешуші рөлі де ерекше аталды. Бұдан басқа Орталық сайлау комиссиясының байқаушылармен өзара іс-қимылы, байқау процесінде ақпараттық технологияларды қолдану мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Сайлаудың халықаралық стандарттары мен 2011 және 2012 жылдардағы сайлау науқанында Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссиясының қызмет тәжірибесін талдауға да ерекше көңіл бөлінді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».