Қоғам • Кеше

Сырым Бисенбайұлы: Еңбек жолымдағы ең мерейлі марапатым

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

19 қазанда  Азаматтық қорғау саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтеді.  Ерлік пен ержүректіліктің озық үлгісін көрсетіп жүрген осы маман иелері бүгін ерекше құрметке ие болды. Қаһарман құтқарушылар Мемлекет басшысының қолынан  Мемлекеттік марапат алды. Солардың бірі Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Жаймағамбетов Сырым Бисенбайұлы.

Сырым Бисенбайұлы: Еңбек жолымдағы ең мерейлі марапатым

Құтқарушы болу – үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Азаматтық қорғау саласы қызметкерлері үшін құтқару, сақтау, көмектесу, қорғау - ең басты міндет болып табылады. Осындай қиын және қауіпті салада еңбек етіп, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып жүрген Сырым Бейсенбайұлы бүгін «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.

 «Бұл менің көп жылдық еңбек жолымдағы ең мерейлі марапатым болды», дейді құтқарушының өзі.

Сырым Бейсенбайұлы Атырау облысы, Махамбет ауданы, Таңдай ауылында 1975 жылы өмірге келген. Бала күнінен нағашы апасы секілді мұнайшы болуды армандапты. Әсіресе бұрғылау ісіне қатты қызыққан. Осы арманының жетегіне еріп Атырау мұнай және газ институтында бұрғылаушы мамандығы бойынша білім алады.  2008 жылдан бастап қызметін Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде Өнеркәсіп қауіпсіздік саласы, қауіпті өндірістік обьектілердегі апаттардың алдын алу және жою бөлімінде жалғастырады.  

мұнай  

«2025 жылы наурыз айында «Ембімұнайгазға» қарасты Батыс Прорва кен алаңында ұңғымадан газ атқылап, апаттық жағдай орын алды. Осы апатты жою жұмысына қатысқаным үшін бүгін Президенттің қолынан марапат алдым. Бұл бір ерекше сәт болды. Азаматтық қорғау саласы қызметкерлері мұндай құрметке алғаш рет ие болып отыр. Еңбегімізді елеген Мемлекет басшысына, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Сайранұлына алғысым шексіз» дейді Сырым Бейсенбайұлы.

Биыл елуді еңсерген ерен еңбек иесі қызметте жас құтқарушыларға үлгі боларлықтай ұстаз болса, отбасында 2 ұл мен 1 қыз тәрбиелеп отырған үлгілі әке.