Қоғам • Кеше

Бұлдыртыда бүлінген үй

40 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

2024 жылы көктемде Батыс Қа­зақ­стан облысы алапат су тасқы­нынан зардап шекті. Табиғат апаты тосын әрі төтенше келіп, бірнеше елді мекен су қоршауында қалды. Тілсіз жаудан үйі бүлініп, жарамсыз болып қалған Сырым ауданы Бұлдырты ауылының тұр­ғыны Эльмира Жұмағалиева был­тырғы мамыр айынан бері жергі­лікті билік органдарына, сотқа бірнеше мәрте жүгініп, әділдік таппағанын айтады.

Бұлдыртыда бүлінген үй

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

«2024 жылғы 27 наурызда үйім су қоршауында қалды. 28 наурызда әкімдік маманы Айгүл Матышева хабарласып, үйге су кірген-кірмегенін сұрады. Мен үйді су қоршап тұрғанын, ішкі бетінен су сарғайып білінгенін айттым. Мамыр айының басында үйдің сыртын әктейін деген мақсатпен үйілген топырақты тегістегенде іргетасының езіліп кеткенін көріп, ауыл әкімі Салауат Нұрпейісовке хабарластым. 17 мамырда аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов ауылда есеп беру жиналысын өткізуге келгенде жеке қабылдауында болдым. Бірақ әкімдердің де, облыстық «Аmanat» партиясының, төтенше жағдай комиссиясының да жауаптары бір болды – төтенше жағдай уақыты, яғни 30 күн өтіп кеткен. 11 қыркүйекте аудан әкімі Батырниязовтың жеке қабылдауына жазылдым. Сол кезде төтенше жағдайдың бір айға ұзартылғанын, 27 мамырға дейін созылғанын білдім. Демек 17 мамырда менің арызымды қабылдауға тиіс болған. Осы мәселемен сотқа да жүгіндім. Сотта ауыл әкімі «үйдің айналасына құм төгілген соң су кірмеді» деп жауап берді. Екінші жолы сотқа бергенімде, сот «арыз қаралмасын» деп шешім шығарды.

Мен – 1969 жылы туған, төрт бала тәрбиелеп өсірген жалғызілікті анамын. Күйеуім  2007 жылы жүрек талмасынан қайтыс болды. Үлкен қызым тұрмыста, өз отбасы бар. Екі қызым – студент, Ақтөбе медицина академиясында мемлекеттік грантпен оқып жатыр. Өзім Бұлдырты ауылындағы балабақшада 0,5 жүктемемен шаруашылық меңгерушісі қызметін атқарамын. Алатын жалақым мардымсыз. Қазір бар тапқанымды екі қызыма жұмсап отырмын. Солар қатарынан қалмасын деп телефонды да, ноутбукті де несиеге алып бердім. Мұның бәрін жағдайымды түсіндірсем деген ниетпен жазып отырмын.

Мысалы, төбеден су кетсе, оны ашып, қайта қымтап жабуға болады. Іргетасы езіліп кеткен үй жөндеуге келмейді. Комиссия келіп қарап, оң шешімін айтар деп ойлаған едім. Басқа үй сатып алатын не жаңадан салып алатын жағдайым жоқ. Төтенше жағдайдың салдарынан үйім құлағалы тұр. Жылдан аса уақыт өтті, осы сөзімді басшыларға жеткізе алмай келемін. Енді құлаған үйдің астында қалуым ғана қалды. Маған осы істің әділ шешім табуына көмектессеңіздер»,  деп жазады Э.Жұмағалиева редакцияға жолдаған хатында.

Оқырман арызымен танысқан соң редакция тапсырмасымен оқиға орнына, Бұлдырты ауылына сапар шектік. Шағым иесі Эльмира Жұмағалиева Ұрқия Ершориева көшесінде тұрады екен.

«27 наурызда жұмыста отыр едім. «Су келіп жатыр, құжаттарыңды реттеп қойыңдар» деп хабарлады. Үйге келіп, құжаттарды алып, жердегі төсеніштерді жинап тастадым. Су бірден ауланы алып кетті, кешкі 9-да үйден шыға алмай қалдық. Қызым ертесіне ҰБТ тапсыруы керек еді, қалаға баратын көлікке отырғызып жібердік. Кешкі сағат 10-11-лерде қайным Елтай Қажымов келіп, үйдің көше бетіне топырақ төгіп кетті. Ертесіне тағы келіп, үйдің іргесін көтеріп, бірнеше күрек топырақ тастады», деп еске алады сол күндерді Э.Жұмағалиева.

Бұл кезде бүкіл ауыл әбігерге түсіп жатқан. Ауылдың төменірек, өзен жағындағы үйлеріне есік-терезесінен сарқырап су кіріп, нағыз төтенше жағдай орын алды. Сондай үйлерге Эльмира да көмектесті. Өз үйін топырақпен қымтап қойған соң қаперсіз жүрді. Бірақ ауладағы іркілген су топырақтың астымен сіңіп, үйдің іргесін жеп қойған екен. Мамырда үйді әктейін деп іргедегі топырақты алса, асты үгітіліп тұр. Еденнің асты да сыз. Әкімдердің, жауапты адамдардың жауабы – жоғарыдағыдай. Эльмираның сергелдеңі осылай басталды. Үй 1985 жылы салынған, көнерген. Бірақ иесінің айтуынша, бұған дейін үйде сыз-ылғал болмаған.

«Осы кезге дейін майлап-сайлап, тап-тұйнақтай етіп тұрып келдім. Әкімнен де, ешкімнен де көмек сұраған емес едім. 2023 жылы үйді банкке кепілге қойып, 2,1 млн теңге несие алдым. «Малымды көбейтейін, балаларым өсіп келе жатыр ғой» деп ойладым. Ол несием мойнымда тұр. Егер үй бұрыннан апатты болса, банк кепілге алмас еді ғой. Өткен қыста үйімде тұра алмадым, отты қанша жақсам да жылынбайды. Қабырғаның бәрін ылғал тартып, тұсқағаз көтеріліп, асты үгітіле береді. Аурудан шықпадым, достарымды жағалап кеттім. Міне, биыл да күз түсті, күн суытты. Қайда барарымды білмеймін», деп көзіне жас алды Эльмира.

Бұлдырты ауылдық округінің әкімі жұмыс бабымен аудан орталығына кеткен екен. Бас маман Самат Құбаевтан 2024 жылғы су тасқынынан ауылда 43 адам (үй) зардап шегуші болып танылғанын, 29 үй жаңадан салынғанын білдік. 12 отба­сы үйін жөндеуге өтемақы алған. Орал қаласынан екі адамға үй алып берілген.

– 2024 жылы үйі суға кеткен тұрғындар арызын жазып, құжаттарын жинап, жәрдемақысын алып, үйін алып жатты. Сол уақытта Эльмира Жұмағалиева өтініш жазбады. Кейін уақыт өткен соң келіп жолықты. Ол кезде комиссия жұмысы тәмамдалып қалған еді. Сондықтан құжаты қабылданбады. Негізі құжат қабылдау тағы бір айға созылған екен. Аудан оны бізге айтпады. Әйтпесе өзгелердің құжатын қабылдап, бұл кісінікін кейін қайтара алмаймыз ғой, – деді бас маман.

Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов, аудан әкімінің орынбасары, 2024 жылғы су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды өтеу жөніндегі комиссияның төрағасы Қайрат Төлепов те мәселеден хабардар екенін айтты.

– Бұл шағымға қатысты бірнеше мәрте сот болды. Тіпті Бұлдыртыда көшпелі сот отырысы өтіп, судьяның өзі үйді көрді. Соттың шешімімен тұрғынның үйіне су кірмеген деп танылды. Үйі бұрыннан құлап тұрған, ескі үй. Бұл кісі дәл сол күні үйіне су кірген құрдастарына көмектесіп жүрді. Сол жерде «Сіздің үй аман ба?» деп сұрадым, «ештеңе де болған жоқ» деді. Кейін, әбден уақыт өтіп кеткен соң «менің үйім ескі, маған материалдық көмек беріңдер» деді. Біз: «Тікелей су кірмеген адамдарға ешқандай көмек берілмейді, сіздің үйіңіз тасқын судан зардап шеккен жоқ» деп түсіндірдік, – деді Бұлдырты ауылының әкімі Салауат Нұрпейісов бізге телефон арқылы хабарласып.

Аудан әкімінің айтуынша, 2024 жылғы су тасқынынан Сырым ауданында барлығы 268 адам зардап шеккен деп танылған. Ауданда екі ай бойы төтенше жағдай жарияланып, 450-ге жуық арыз түскен. Комиссия шешімімен 268 үйге су кіргені жөнінде акт жасалған. 152 үй жаңадан салынып, 5 отбасына 4 үй Орал қаласынан, 1 үй Жымпитыдан сатып алып берілген. 111 отбасына баспанасын жөндеуге ақша бөлінген.

Құжаттармен таныса келе, Эльмира Жұмағалиеваның шағымы негізсіз емес-ау деген ойға келдік. Біріншіден, тасқыннан кейін ауданда жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жария­ланып, бір ай бойы зардап шеккендерден өтініш қабылданды. Кейін төтенше жағдай уақыты тағы бір айға, мамыр айының соңына дейін созылды. Бірақ Э.Жұмағалиеваның 2024 жылы 17 мамыр күнгі арызы қабылданбаған. Содан соң үйінің қазіргі жағдайын нақтылау мақсатында өз қаржысына екі мәрте сараптама жасатуға мәжбүр болған. «KZ91» ЖШС-ның 2024 жылғы 18 қыркүйектегі техникалық сараптама нәтижесіне көз салайық: «Бұлдырты ауылы Ершориева көшесіндегі ½ үйдің негізгі қаңқасы апат жағдайында тұр. Ғимарат ескірген, сүрілуге жатады. Адам тұруға жарамсыз. 2024 жылғы су тасқынынан бүлінген. Үйде тұру қауіпті. Өйткені саманнан салынған ғимараттың ғұмыры 30 жыл, бұл үйдің салынғанына 39 жыл болған. Ғимарат санитарлық, құрылыс нормаларына сай келмейді».

Бұдан бөлек, Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығы РМҚК-не қарасты БҚО Сот сараптамалары институтының 2025 жылғы 18 тамызда шығарған шешімі де бар. 11 беттен тұратын сараптаманың қорытындысы мынадай: «Ғимарат талаптарға сәйкес келмейді, іргетасы бүлінген, қабырғаларының көтергіш қабілеті бұзылған, ауа айналымы, жылу ұстау қасиеті жоқ, ылғал мөлшері жоғары. Сондықтан тұрғын үй санитарлық-құрылыс талаптарына сай келмейді, адамның тұруына, денсаулығына қауіпті. Тұрғын үйдің тозу дәрежесі 80%, нормативтерге сәйкес апат жағдайында тұр».

Биылғы 21 тамызда Батыс Қазақстан облыстық сотының Әкімшілік істері бойын­ша Сот алқасының отырысы өтіп, Э.Жұ­мағалиеваның шағымын қарады. Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Азат Ізбасаровтың төрағалығымен өткен отырыста осы кезге дейін шығарылған шешім­дерде шағымданушының құқығы бұзыл­ған деп тапты. Айталық, Сырым аудандық соты 2025 жылдың 13 қаңтарындағы шешімі­мен аудан әкімдігін Э.Жұмағалиеваның үйіне келтірілген материалдық шығын­ның орнын толтыру жөніндегі шағы­мын қабыл алуға міндеттеген. Бірақ әкім­­дік Э.Жұмағалиеваның шағымын қабыл­даудан тағы да бас тартқан. Аудандық сот «KZ-91» мекемесінің өкілі сот мәжілісіне келмегендіктен, тұрғын үйдің су тасқыны нәтижесінде зардап шегіп, апат жағдайына түскені туралы «KZ-91» мекемесі берген сараптамаға күмән келтіріп, оны жоққа шығарған.

«Сот мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасы өкілінің түсініктемесі негізінде шағымданушының тұрғын үйі су тасқынынан зардап шекпеді деген қорытындыға келген. Алайда «Қазақ­стан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі №242 заңы бойынша тұрғын үйдің апат жағдайы, оның себеп-салдары жөнінде шешім шығару мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасының құзырына кірмейді. Аудандық сот мұны ескермеген», деді облыстық сот алқасы.

Одан бөлек, облыстық сот алқасы Сырым ауданы әкімдігінің 2025 жылғы 20 қаңтарда Э.Жұмағалиеваның арызын қабылдаудан бас тартқан комиссия­ның шешімінен де бірнеше заңсыздық тапқан. Арызды қарау кезінде ауыл әкімі С.Нұрпейісов тасқын су Э.Жұма­ғалиеваның үйінің айналасына келгенін, бірақ үйдің ішіне кірмегенін айтқан. Комиссияның өзге мүшелері Сырым аудандық сотының арызды қарау жөнін­де заңды күшіне енген шешіміне қарамастан «өтініш қабылдау мерзімі аяқталғандықтан» бас тартқан.

Облыстық сот алқасы Сырым аудандық сотының биылғы 28 мамырдағы шешімін бұзып, Сырым аудандық әкімдігіне Э.Жұмағалиеваның шағымын қабылдау жөнінде қаулы шығарды. Әкімдік қабылданған шаралар жөнінде бір ай ішінде Батыс Қазақстан облыстық сотын хабардар етуге тиіс. Қыркүйектің 17-сі күні Сырым ауданы әкімінің орынбасары С.Тоқмәмбетов Э.Жұмағалиеваға хат жолдап, БҚО облыстық сот алқасының қаулысына орай аудан әкімдігінің бұрынғы шешімі күшін жойғанын, «көрсетілген зиян­ды өтеуге қатысты мәселе заң аясында соттың шешімін орындау шеңберінде қаралатынын» хабарлаған. Ал арыз иесі әзірге құлағалы тұрған сыз үйде дірдек қағып отыр.

 

Батыс Қазақстан облысы