Жаңашыл жобаның авторы, ұлттық спорт жанашыры, белгілі продюсер Қайсар Сейпішов бұл игі идеяны біраз уақыт ойында пісіріп, жобасын жасап, Жаңаарқа ауданының құрметті азаматы Қайрат Көпбаевқа ұсынады. «Егер елге тиер пайдасы болса, аянбаймын», деген бірауыз сөзінен соң, ауқымды іс-шараға Қайсар Амангелдіұлы білегін сыбана кіріседі.
Қайрат Советұлының бұған дейін де еліне қарайласып, ауылына жағдай жасап отырғанын ел-жұрт жақсы біледі. Туған ауылына заманауи спорт сарайын салдырып берген. Қазір соның арқасында аядай ғана ауылдан бірнеше Азия чемпионы шықты. Туған еліне құрметі мен қызметін тізіп жатпаймыз. Осы жолы да қайырымдылық жобасына 22 ту бие сойып берді. Мұнымен қоса, күзгі орда фестивалінің шығынын көтерді.
Осылайша, «Қайратпен 50 қадам 100 мектеп» жобасы ел-елге, жер-жерге сауын айтты. Амангелдінің ордасында өткен күзгі орда фестивалі дүбірлі тойға ұласты.
Ашылу салтанатында Жаңаарқа ауданының бас имамы Асқар Қуатбек Құран оқып, облыстың бас имамы Бейбіт Бақытжанұлы ел мен жердің амандығына дұға бағыштады.
Күзгі фестиваль Алаштың ардакүрең ақыны Ғалым Жайлыбай елдің тойына тарту ретінде жолдаған жомарт жүрек иесі Қайрат Көпбаевқа арнаған жырымен ашылды.
Игі іс-шараға аудан басшысы Қанат Қожықаев, аудандық мәслихат төрағасы Юржан Бекқожин, «Amanat» партиясы Ұлытау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Мырзабеков, Ұлытау облысы мәдениет басқармасының басшысы Мағжан Табылдин, Түгіскен ауылының қадірлі ақсақалы Рахымбай Үмбетов ізгі тілектерін жолдап, ұйымдастырушы Қайсар Сейпішов пен демеуші Қайрат Көпбаевтың өнегелі ісіне ризашылықтарын білдірді.
Салтанатты ашылу рәсімінде Астанадан арнайы келген ақын Айшолпан Тілеутай тойға жырымен шашу шашты. Жаңашыл бастаманы, ел азаматтарының айрықша ісін арнауына арқау етті. Арқаны ән мен күйге бөлеп жүрген Жаңаарқа халықтық «Назқоңыр» ансамблінің өнеріне ел-жұрттың ықыласы ерекше болды.
Әуелі жақсы-жайсаңдардың иығына жабылған Жаңаарқа шапанының рекордтар кітабына ену рәсімі өтті. Жаңаарқалық 17 ісмер-тігіншінің бір үлгідегі көк шапанын киген 600-ге тарта ел-жұрт көпшіліктің көзайымына айналып шыға келді.
Қазақстанның КИнЭС рекорд кітабының редакциясынан арнайы келген өкіл Бақытжан Сәбитұлы барлық аспан түстес шапанды бақылап, санап, арнайы тіркелгені жөнінде ресми мәлімдеді.
Рекордқа есімдері енгенін растайтын сертификат Рымкеш Дүйсенбайқызына, Қаламқас Аштаеваға, Эльмира Ержановаға, Айман Жақыповаға, Жансая Төкенқызына, Майра Мәуленқызына, Әйгерім Еркешқызына, Нұрбала Төлегенқызына, Гүлсім Құрманғалиқызына, Әсем Жахинаға, Әсем Сақтапбергенқызына, Мариямгүл Мерекеқызына, Айнұр Сүгіроваға, Үміт Төкенқызына, Жансая Олжабайқызына, Раушан Ғабдуллақызына, Гүлжанар Серікқызына, Жанбота Асановаға табысталды.
Дәл осы бір мерейлі мезеттен соң Арқаның серісі атанған Қайсар Сейпішов туған жеріне тарту жасап, белгілі сазгер Данияр Сағынтаевтың әніне жазған «Түгіскенім» туындысын орындады.
Іргелі шаруа қожалығын басқарып отырған Қайрат Советұлы бір үйір жылқы сойып, жария зекет берді. Қайырымдылық іс-шарасы басқа кәсіпкерлерге үлгі ретінде ұйымдастырылды. Өйткені 500 табақ ет мүшелеп тартылды. 4,5 тонна ет. Тіпті жоспарланған межеден асып, 510 табақ ет саналды. Арнайы бақылаушы комиссиямен бірге халық та санаққа белсене қатысты. Бұл мол ет Жезқазған қаласының облыстық балалар үйіне, Маруа Құлышева атындағы арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына, Ұлытау облыстық Ана үйіне, Ұлытау облысының арнаулы әлеуметтік қызметтер қолдау орталығына, тұрмыстық зорлық құрбандарын әлеуметтік психологиялық қолдау орталығына, Қарағандыдағы медреселер мен Жаңаарқа ауданындағы колледж студенттеріне үлестірілді. Мұнымен қоса, аудандағы 300-ге жуық әлеуметтік тізімдегі отбасыларға да берілді.
Рекордқа 500 табақ еттің енгенін мәлімдеген ресми өкіл Бақытжан Сәбитұлы жоба демеушісі Қайрат Көпбаев пен Қайсар Амангелдіұлына сертификат пен арнайы сыйлық табыстады. Мұнымен қоса, әлеуметтік орталықтың басшылары жобаның демеушісіне, ұйымдастырушысына Алғысхаттарын тарту етті.
«Бұрын-соңды қазақ даласында мұндай көлемде табақ тартылып, қайырымдылыққа тарту етілмеген еді. Жаңашыл Жаңаарқа азаматтары тағы да рекорд жаңартты. Мұндай көлемде бірегей үлгідегі шапан киіп жүрген елді де естімеппіз, соған көзіміз нақты жетті. Дарқандықтың дара үлгісін көрдік», дейді Бақытжан Сәбитұлы.
Мұнымен қоса, фестиваль аясында аударыспақ пен дәстүрлі садақ атудан республикалық сайыс өткен еді. Бұл да думанды дүбірге бөледі. Жеңімпаздарға қомақты қаржылай сыйлықтар табысталды.
«Қайратпен 50 қадам, 100 мектеп» жобасының тағы бір өнегелі шаруасы – мектеп оқушылары арасында ауылды дамытатын үздік жобаларға жарияланған байқау. Бұл байқау аймақтық деңгейде ұйымдастырылды. Үздік деп танылған бизнес жоба иелеріне ақшалай сертификат беріліп, басқа да оқушыларды ынталандырды.
Осылайша, фестиваль соңы қазақ эстрадасының жұлдыздары өнер көрсеткен гала-концертпен түйінделді.
Қысқасы, аспан түстес 600-ге жуық шапан мен бел қайыстырар 510 табақ ет рекорд ретінде тіркеліп, ұлттың рухын көтергендей. Алыс-жақыннан келген меймандар мерейлі меценат Қайрат Көпбаев пен жоба жетекшісі Қайсар Амангелдіұлына ғаламат фестиваль мен ғажап жоба үшін қайыра-қайыра ризашылығын білдірді.
Ұлытау облысы,
Жаңаарқа ауданы