
Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында бүгін республикалық маңызы бар, ұзындығы 415 шақырым болатын «Қалбатау – Майқапшағай» автомобиль жолын қайта жаңарту бойынша негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, көлік қозғалысы басталды.
Осылайша, көпшілік көптен күткен республикалық маңызы бар Омбы – Майқапшағай бағытындағы тасжолдың салтанатты ашылуы өтті. Бүгін 8 жыл жүргізілген құрылыс жұмысы аяқталып, екі бірдей облыстың халқы асыға күткен жол ел игілігіне берілді.
Күре жолдың ашылу рәсіміне Абай облысының әкімі Берік Уәли, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Мәжіліс депутаттары Нұртай Сабильянов, Ерлан Саиров, Ұлықбек Тұмашинов, Ринат Зайыт, Мақсат Толықбай, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ төрағасы Дархан Иманашев қатысты.
Республикалық тасжол ШҚО-ның қиыр шығысындағы Тарбағатай, Зайсан аудандарын қамтиды. Осы ретте ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов ашылу салтанатында ақжарма тілегін жеткізді.
– Бүгін – Шығыс Қазақстан мен Абай облыстары үшін сән-салтанаты жарасқан ерекше күн. 8 жыл бойы жүргізілген, екі облыстың аумағымен өтетін Қалбатау – Майқапшағай жолының ашылуына куә болып отырмыз. Бұл жол – Омбы – Майқапшағай халықаралық тасжолының ғана емес, Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізінің де бір бөлігі. Осындай жұмысты атқарған мердігер компанияға, сондай-ақ Үкіметке, Көлік министрлігіне және «ҚазАвтоЖол» компаниясына үлкен алғысымызды білдіреміз, – деді Н.Сақтағанов.
Халықаралық тасжолдың ШҚО және Абай облыстары аумағындағы жалпы ұзындығы 415 шақырым болса, оның 231 шақырымы Шығыс Қазақстан облысының аумағымен өтеді. Белгілі болғандай, жоба аясында 7 көпір мен 223 су өткізу арнасы салынған. Осы ретте құрылыс жұмыстарын Қытайдың «Синьсин құрылыс және даму компаниясы» ЖШС жүргізгенін айтқан жөн. Қытай мен Ресейді жалғайтын жол Шығыс Қазақстандағы шекаралық шалғай аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуына, сондай-ақ облыс пен еліміздің көлік-логистика саласының өркендеуіне зор ықпал ететіні сөзсіз.
Жолдың салтанатты ашылу рәсімінде Абай облысының әкімі тасжолдың шығыс өңіріне ғана емес, республикаға маңызы ерекше екенін айтты.
– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Өңірлердің көлік байланысына қатысты мәселесімен мықтап айналысу керек. Бұл жөнінде қазір көп айтылып жүр, соның ішінде халықаралық форумдарда да талқыланып жатыр. Ірі транзиттік аймақ саналатын елімізге бұл бағыт айрықша маңызды», деген еді. Біз бүгін өңіріміздің инфрақұрылымдық дамуындағы маңызды белеске куә болып отырмыз. Жолдың басты мерекеміз – Республика күні қарсаңында пайдалануға беріліп отырғаны облыс жұртшылығы үшін қуанышты жаңалық болғанын айтуымыз керек. Өңір тұрғындары бұл күнді көп күтті. Бұл халықаралық логистикалық дәліз бойында Абай облысының Жарма, Көкпекті, Ақсуат аудандары бар. Аталған бағыт аймақтың экономикалық тұрғыдан дамуына, туристік әлеуетін арттыруға, өңіраралық байланысты жақсартуға септігін тигізері анық. Көлік министрлігіне, «ҚазАвтоЖол» басшылығына, мердігер компанияға облыс тұрғындары атынан алғыс білдіремін, – деді Б.Уәли.
Жиында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Д.Иманашев жобаның стратегиялық маңызына тоқталды.
– Қалбатау – Майқапшағай тасжолы – еліміздің көлік саласының маңызды бөлігі. Жол еліміздің орталық және шығыс өңірлерін қытай елінің шекарасымен байланыстырады. Жобаның жүзеге асырылуы транзиттік әлеуетті арттыруға, өңіраралық және халықаралық байланысты нығайтуға, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және азаматтар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бұл – еліміздің экономикалық тұрақты дамуына бағытталған жол инфрақұрылымын жаңғыртудың кең ауқымды жұмысының нәтижесі, – деді ол.
Жол құрылысы Қытайдың «Экспорттық-импорттық» банкінің қаражаты есебінен және республикалық бюджеттен қосымша қаржыландыру арқылы жүзеге асырылды. Жоба жалпы ұзындығы 415 шақырым болатын 10 учаскені және 2 жол пайдалану учаскесін қамтиды. Оның ішінде 184 шақырымы – Абай облысының, 231 шақырымы Шығыс Қазақстан облысының аумағында орналасқан. Жобаны іске асыру барысында 8 асфальтбетон зауыты, 1 100 бірлік жол-құрылыс техникасы, 1 800-ден астам маман жұмылдырылды. 5 демалыс алаңы, 37 көпір, 2 жол өтпесі, 349 су өткізу құбыры және демалыс аймақтарында 2 санитарлық-гигиеналық торап салынған.
Сөйтіп, біраз жылға созылған «Қалбатау – Майқапшағай» жобасының аяқталуы – еліміздің транзиттік әлеуетін арттырып, Еуропа мен Азияны жалғайтын стратегиялық көлік дәлізі болмақ. Жаңа тасжол өңіраралық қатынасты күшейтіп, шекаралық аудандардың экономикалық тынысын кеңейтері сөзсіз.
Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ,
Бақытбек ҚАДЫР,
«Egemen Qazaqstan»