21 Наурыз, 2015

Ұлтың – ұлы ұстазың

430 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Улттык дастур Кемеңгерлер көпке ұғындыра алма­ған даналығының азабынан өледі. *   *   * Батыр көбейсе – жау, би көбейсе – дау көбейеді. *   *   * Жақсы әке ұлғайғанша, жаман бала қартаяды. *   *   * Баланың жақсысы – бауыр, Жаманы – жүрекке ауыр. *   *   * Өзін өзі танымаған халық өзгені де, заманды да танымайды. *   *   * Алаяқ ғасырдың адамы адалдығы үшін ұялады. *   *   * Адам – ақылға сыймайтын қайшылық. *   *   * Адамның көбі өмірге кім болып келіп, кім болып кеткенін сезбестен ғайыпқа аттанып жатады. *   *   * Бұл жалғанда екі нәрсе бос болмайды: бірі төр, бірі көр. Алғашқысына таласып барады, соңғысына амалсыз барады. *   *   * Нарық заманының патшасы ақша болар, байлары сараң, кедейі шашпа болар. *   *   * Бір күндік қызық үшін барын сатқан, бір күндік мансап үшін арын сатқан. *   *   * Жер шарында жеті миллиардтан астам адам болса, жеті миллиард сауал бар. *   *   * Шамасы барда – түрпідей, шамасы жоқта арсыз күлкідей. *   *   * Адамнан «тәубе» ұғымы жоғалған сәттен адамзаттың азапты сапары басталған. *   *   * Пейішке сыймаған адам қатықсыз қара суға жарытпаған қара жерге қалай сыйсын. *   *   * Көкке қол созу күпірлік емес – Алладан заңғар құдірет жоқ. Халықты ардақтау астамшылық емес, ұлтыңнан қадірлі асылың жоқ. *   *   * Адам – түпкі рухани тамырынан үзілген, адасқан сана емес пе екен?! *   *   * Ғасырдың өресін айтылған ойдың деңгейінен танисың. *   *   * Қазақ өзгеге айтқан ақылын өзі орындаса, дүниежүзінде одан әулетті халық болмас еді. *   *   * Жазушы дегеніміз – өзгенің өмірімен өмір сүре білетіндер, таланттылары әрине. *   *   * Әдебиет әдебиетшілердің әдебиетті құрметтеуінен басталады. *   *   * Данышпандардың ақымақтардың қателігін түзеуден қолы тимейді. *   *   * Әйел түзелмей, әлем түзелмейді. *   *   * Құйғытқан заман, жүйткіген адам. *   *   * Ердің көркі – ақыл, сөздің көркі – нақыл. *   *   * Жау тойтарған – пана, дау тойтарған – дана. *   *   * Өзеннің соңы – не көл, не шөл. *   *   * Қазақ жоқ болса – бөліседі, тоқ болса – тебіседі. *   *   * Таңғажайып ақыл айтып отырған адамның дәл сондай сұмдық ойлап отырмағанына кім кепіл. *   *   * Он бесіңде алаңсыз бозбаласың, Отызыңда жұлқынған боз жорғасың. Қырқыңда тойдан той қуасың. Елуіңде бірде той, бірде ой қуасың. Алпыс пенен жетпісте – Жұрт тыңдайтын ақылсың. Сексеніңде – Таңдайға жаққан нақылсың. Тоқсаныңда – О дүниенің есігін қаққан пақырсың. *   *   * Өмірдегі ең үлкен бақытың – жарық дүниеге адам болып келгенің. *   *   * Барсаң – шаруаңды шешпейтін, айтқан сөзіңді кешпейтін толқын келді. *   *   * Өмір сүрмей жатып, өмір туралы ақыл айтпа. *   *   * Қазақ қуаты барда білегіне, білегі талғанда тілегіне сүйенген. *   *   * «У ішсең – руыңмен» дейтін қазақтың: «У ішсең – ұлтыңмен» дейтін кезі келді. *   *   * Ғасырлардан жеңілдік те, жеңдік те, Жеттік бүгін әупірімдеп теңдікке. Туа сала кеңістікті аңсайтын Қазағымның бағы осы кеңдікте.   Мың мәртебе алдандық та, сендік те, Белгісізге кеттік талай, келдік те. Туа сала жарылқауды бастайтын Қазағымның соры осы кеңдікте. *   *   * Жаралған соң әуел баста киесіз, Жөнкіледі санасыздар жүйесіз. Қарғыстардың ішіндегі қарғысы – Ар-ұятың, қалсын деген иесіз. *   *   * Адамға бар болғаны топырақтан жаралған, өмірі өлшеулі тіршілік иесі екенін ұқтыру үшін не істеу керек? *   *   * Ұзақ ғұмырында жан баласына зәредей жақсылық жасамай кеткендер де бар-ау! *   *   * Егер жігіттің намысы тапталса, кек қайтару оның жеке шаруасы. Егер әйелдің ары тапталса, намысын жырту ұлттың шаруасы. *   *   * Шертпе күй – қазақтың төзімі, төкпе күй – сол төзімнің сарқылғаны. *   *   * Сақалын сатқан шалдар көбейсе, сақалды сыйламайтын жастар көбейеді. *   *   * Адам өзін өзі таныған сәттен саналы өмір басталады. *   *   * Өмір – Алладан жалға алған жылдардың жиынтығы. *   *   * Алла адамға ақыл мен қабілетті өзіне баратын жолды табу үшін берген. *   *   * Дінін жоғалтқан – Алладан, тілін жоғалтқан халқынан айырылады. *   *   * Ақылың жеткенге шамаң жетпегені қандай қиын?! *   *   * Алладан басқасының бәрі ғайбат, Аллаға деген сенім болар қайрат. *   *   * Әуелден Алла жалғыз, пайғамбар хақ, Алланы сүйіп жүріп халқыңа жақ. *   *   * «Алла жар болсын!» дегеннен нұрлы бата жоқ. *   *   * Төңірегіне жалап-жұқтап қарайтын жанарлардан сүйегің сырқырайды. *   *   * Көз жасыңды алдындағы асына тұздық қып құйып ішуге дайындар да бар-ау. *   *   * Адамның өмірі адамға тәуелді болған жерден тозақ басталады. *   *   * Саясаттың мұраты – мемлекеттің халықты, халықтың мемлекетті түсінуі. *   *   * Демократия дегеніміз – белгілі кезеңде өмір сүрген халыққа сол кезеңде қолайлы саясат. *   *   * Пышағын қайраған заманға жігеріңді қайра. *   *   * Таулар мен заңғарларға не кінә бар, Төбелер бір-біріне сыймаған соң. *   *   * Біреуді артық, біреуді кенде қылған, Біреулер кеш, біреулер ерте тынған. Кілең тәңір жиылса сойқан болар Сондықтан бізді сорлы пенде қылған. *   *   * Тауға қарар тәңірге шөлдегендер, Тау емес, тауды тегі тау демеңдер. Заңғарларға айналып жатады екен Өлген, бірақ ақиқат өлмегендер. *   *   * Өзім дегенде – терең, Ел дегенде – керең. *   *   * Өнеріңді өрге оздырсаң, ол сені төрге оздырады. *   *   * Ойы жоқ – ойбайға, айтары жоқ – айғайға үйір. *   *   * Дүрліктіріп дабыл қақтыру оңай, пәтуамен дамыл таптыру қиын. *   *   * Жөн сөзді жүгіре тыңдаған, жүгенсіз сөзге өліп-өше жаздаған ... *   *   * Ойлаушы азайса, ойбайшы көбейеді. *   *   * Жұрт алдында ойып сөйлеудің де, билікке мәселе қойып сөйлеудің де жөн-жосығы бар. *   *   * Үркітуші емес – үйлестіруші, шабыс­тырушы емес – табыстырушы бол. *   *   * Мемлекеттің мұраты – қарашаны сұрап алушыдан, кәсіп қуып құрап алушыға айналдыру. *   *   * Арлы азаматтың белгісі – әлдебір кемшілігі үшін ұлтынан ұяла білуі, әлдебір ағаттығы үшін кешірім сұрай алуы. *   *   * Қиындыққа қабырғасы қайыспайтын, өзді-өзі шабыспайтын, ұлттық сезімі терең, күш-жігері ерен есіл ерлер қайда бар?! *   *   * Жанарың мен қиялың жеткен жердің бәріне ұлттың көзімен қара. *   *   * Ынтымағы жарасқанның сөзі де өткір, өзі де өткір. *   *   * Бұл ғасыр – жүйріктен тұлпарға, тұлпардан пыраққа айнал деген сұңқар ғасыр. *   *   * Өтірікті айтам деп айтпайсың, шындық айтқызады. *   *   * Тақсырлар қорқатын шындықтан сол шындықтың өзі де үрейленетін шығар. *   *   * Талайлардың қылығы бірде төре, бірде төлеңгіт: күнің түссе –тақсыр, күні түссе – пақыр. *   *   * Бәрін бөліссең де төріңді бөліспе. *   *   * Озсаң – күйінбеген, тозсаң сүйінбеген дос қайда?! *   *   * Ақыл мен сезім – аңдысқан дұшпан. *   *   * Жүзге бөлінсең де, дінге бөлінбе. *   *   * Ең ұлы тәлімгер – ұлттық салт-дәстүрің. *   *   * Ұлттық дәстүр – халық пен тарих жазған ата заңың. *   *   * Ұлтың – ұлы ұстазың. *   *   * Қазақта кім көп – ет тураушы­лар мен сөз тураушылар көп. *   *   * ХХІ ғасыр – кейін қалғандарды іздемейтін, кенже қалғандарды көзге ілмейтін қатал ғасыр. *   *   * «Мен қазақпын!» – деп кеуде кере айту үшін де қазақтық керек. *   *   * Тілі бөлектің – мәдениеті, мәдениеті бөлектің рухы ортақ бола алмайды. Алдан СМАЙЫЛ, жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.