Қоғам • Бүгін, 09:42

Биыл көпбалалы отбасылар мен аналарға 450 млрд теңгеге жуық жәрдемақы төленді

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл жыл басынан бері орта есеппен көп балалы отбасыларға, сондай-ақ күміс, алтын алқалы аналарға берілетін жәрдемақы 847,7 мың отбасыны қамтыды. Олардың ішінде көпбалалы отбасылар – шамамен 604,5 мың, ал награда алған аналар – 243,2 мың адам. Жалпы төлем сомасы 449,8 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл көпбалалы отбасылар мен аналарға 450 млрд теңгеге жуық жәрдемақы төленді

Фото: Ерлан Омар

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, тек қыркүйек айының өзінде бұл көмекті 789,7 мың отбасы алды. Оның ішінде 544,9 мың көпбалалы отбасы – 38,9 млрд теңге, ал 244,8 мың наградталған ана – 6,6 млрд теңге көлемінде жәрдемақыға ие болды.

Естеріңізге сала кетейік, көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасыларға табысына қарамастан ұміткер бола алады. Төлем мөлшері бала санына байланысты есептеледі. 2025 жылы бұл жәрдемақылардың айлық мөлшері:

  • 4 баласы барларға – 63 030 теңге;
  • 5 балаға – 78 798 теңге;
  • 6 балаға – 94 565 теңге;
  • 7 балаға – 110 332 теңге;
  • 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 15 728 теңгеден.

Ал награда алған аналарға («Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған) ай сайынғы жәрдемақы тағайындалады. 2025 жылы оның мөлшері:

  • «Күміс алқа» алқасымен наградталған аналарға – 6,40 АЕК немесе 25 165 теңге;
  • «Алтын алқа» алқасымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға – 7,40 АЕК немесе 29 097 теңге.

Айта кетсек, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап балалы отбасыларға арналған барлық мемлекеттік жәрдемақылардың көлемі 6,5%-ға артты.